АҚШ қор нарығы шарықтау шегінде: өсу кезінде үш қате жібермеу керек

Уолл-стрит индексі максимумдарды жаңартып жатқанда, қарапайым инвесторлар жиі кездесетін қателіктерден сақ болуы керек, деп ескертті Business Insider. Басылыммен сөйлескен экономистер қор нарығындағы ралли кезінде жиі болатын үш негізгі қателікті атады.
Мінсіз түзетуді күтпеңіз
Акцияларды арзандаған кезде сатып алу үшін түзетуді күту – көпшіліктің ойына бірінші келеді. Бірақ бұл классикалық қателік: түзету мүлде болмауы немесе қазіргі деңгейден де жоғары бағалардан басталуы мүмкін, дейді Bellwether Wealth инвестициялық директоры Кларк Беллин. Егер мінсіз сәтті күтіп жүре берсеңіз, ол сәт мүлде келмеуі де мүмкін.
S&P 500 индексі үшін тарихи максимумдар жиі болатын жағдай: соңғы 10 жылда ғана 100-ден астам тіркелген, және көбінесе олардан кейін нарық өсе берген. Сондықтан ұзақмерзімді инвесторлар үшін сатып алу сәтін дәл табудың маңызы аз. RBC Global Asset Management талдауына сәйкес, 1950 жылдан бері S&P 500 индексі бұрынғы шыңдарынан 10%-дан көп төмендеумен аяқталған 10 жылдық кезең болмаған.
Акциялар бағасының өсуі кейбір инвесторларды алаңдатады, бірақ бұл олардың міндетті түрде тым қымбат дегенді білдірмейді. Қазір S&P 500 компанияларының пайда болжамдары жақсарып келеді, сондықтан нарықтағы раллидің нақты негізі бар, деп жазады Business Insider.
Ажиотажға берілмеңіз
Жіберіп алған пайда синдромына еріп кету – тағы бір қате, әсіресе ақпараттық у-шу көп кезде. Егер көптеген инвесторлар бір секторға қарай ағылса, бағалар шамадан тыс өсуі мүмкін. Мұндай сәтте кіру кенет түзетуге ұрындырады. Сонымен қатар, бәрін бірден, әсіресе эмоцияға беріліп салу — ештеңе істемеуден де қауіпті болуы мүмкін. Себебі шығынды көтеру пайданы алудан ауыр тиеді, бұл сабырсыздық пен қателіктерге әкеледі.
Ең дұрыс тәсіл — үнемі және тұрақты инвестициялау. Reynders Mc Veigh Capital Management портфельдік басқарушысы Жакки Смиттің айтуынша, долларлық орташа алу әдісі (dollar-cost averaging) нарықтың құбылмалығын жұмсартуға көмектеседі. Смиттің кеңесі бойынша, әсіресе тәуекел жоғары кезде, тұрақты балансы бар сенімді компанияларды іздеу керек.
Ребаланс жасауды ұмытпаңыз
Нарық рекорд жаңартып жатқанда, инвестор үшін портфелінің қалай өзгергенін түсіну өте маңызды. Мысалы, Nvidia акцияларына иелік ететіндерде олардың үлесі портфельде қатты өсіп кетуі мүмкін еді. Дәл солай жасанды интеллектінің дамуына байланысты «Керемет жетілік» компаниялары да АҚШ нарығын жоғарыға тартып отыр. Мұндайда мұқият қарамаған инвестор портфелі ЖИ-ға шамадан тыс тәуелді болып кеткенін байқамай қалуы мүмкін.
Wealth Enhancement компаниясының портфельдік кеңес жөніндегі вице-президенті Гэри Куинзелдің айтуынша, инвесторлар тәуекелді дұрыс түсінуі керек: егер олар S&P 500 құрылымын қайталайтын активтеріне қоса, Nvidia сияқты жекелеген акцияларды сатып алса, жасанды интеллектіге тәуелділіктерін екі еселеп алуы мүмкін.
Тиісті түрде әртараптандырылған портфель нарықтағы құбылмалылықты азайтады. Ал бір бағытқа шоғырлану керісінше тәуекелді арттырады. Bellwether Wealth өкілі Беллиннің пікірінше, нарық рекордтық деңгейде тұрғанда өз тәуекелге дайындығыңызды тексеріп, активтер құрылымын қайта қарап, арнайы қағаздар бойынша пайданы бекітуге жақсы мүмкіндік болады.
Уолл-стрит банктері екінші жарты жылдықтан не күтеді?
2025 жылды инвесторлар оптимизммен бастады: соңғы екі жылда қор нарығы 20% өсті. Бірақ сәуірде S&P 500 индексі «аюлар нарығына» жақындап қалды да, тек маусымның соңында қайтадан тарихи максимумдарға жетті. Екінші жарты жылдықта тарифтерге қатысты жағдай анықталып, экономикалық деректер инфляция мен тұтынушылардың мінез-құлқындағы өзгерістердің әсерін толығырақ көрсетеді деп күтілуде.
— Morgan Stanley сәуірдегі сату кезінде америкалық қор нарығы ең төменгі деңгейді көрді деп санайды. Оң белгі — компаниялардың көбі пайда болжамдарын көтеріп жатыр. S&P 500 бойынша жыл соңына мақсат — 6500 пункт, бұл ағымдағы деңгейден 5% жоғары.
— JPMorgan Chase АҚШ экономикасының өсу қарқыны екінші жарты жылдықта баяулайды, бірақ рецессия болмайды деп күтеді. ЖИ секторының серпіні мен компаниялардың жоғары пайдаларына қарамастан, тарифтер мен геосаяси факторлар нарықты тежейді. S&P 500 болжамы — жыл соңына қарай 6000 пункт, бұл ағымдағы мәннен 3% төмен.
— Goldman Sachs сәуірдегі минимумнан кейін S&P 500 шамамен 25% өскенін атап өтті, бірақ бұл ралли бірнеше аптаға ғана созылып, тамызда баяулайды деп күтеді.
— Wells Fargo дүрлігудің қажеті жоқ деп санайды. Банк тұтушылар мен бизнес баж салығына байланысты белгісіздікке бейімделіп үлгеретінін, корпоративтік баланстардың тұрақты екенін және АҚШ-тың энергетикалық тәуелсіздігі мұнай бағасы өскенде инфляцияның күрт өршу қаупін азайтатынын айтады. Wells Fargo-ның екінші жарты жылдықтағы фаворит салалары — аэроғарыш және қорғаныс, IT және қаржы. S&P 500 болжамы — 5900–6100 пункт, бұл ағымдағы деңгейден 2–5% төмен.








