АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін мұнай бағасы 8%-ға өсіп, акция фьючерстері төмендеді.
Трамптың Ормуз бұғазын блоктау туралы қаупі тауарлар нарығына қысымды күшейтті.

Фото: Unsplash / Mihai
Мұнай мен газ бағасы күрт өсті, ал АҚШ қор биржасының индекстері бойынша фьючерстер демалыс күндерінен кейінгі сауданың басында төмендеді. АҚШ–Иран келіссөздерінің сәтсіз аяқталуы мен Дональд Трамптың Ормуз бұғазын жауып тастаймын деген қаупі салдарынан нарық құбылмалылығы артты.
— Brent маркалы шикі мұнайдың маусымға жеткізілетін фьючерстері 7%-дан астамға өсіп, барреліне 102,50 АҚШ долларына жетті. WTI маркалы шикі мұнайдың мамырға жеткізілетін фьючерстері 8%-ға өсіп, барреліне 104,40 АҚШ долларына жетті.
Мұнай бағасының өсуінен кейін Еуропадағы газ фьючерстері 18%-ға қымбаттады.
— Nasdaq Composite индексінің фьючерстері 1,1%-ға төмендеді. S&P 500 кең нарықтық индексі мен Dow Jones Industrial Average «көк чип» индустриялық индексінің фьючерстері әрқайсысы 0,9%-ға төмендеді.
11 сәуірде АҚШ пен Иран Пәкістанда өткен келіссөздерде келісімге келе алмады. Вашингтон Тегеранның, соның ішінде ядролық қару жасамау жөніндегі міндеттемелерді қоса алғанда, АҚШ-тың шарттарын қабылдаудан бас тартқанын мәлімдеді. Ал Иран АҚШ-тың талаптарын «аса жоғары» деп сипаттады. Келесі күні Трамп АҚШ Әскери-теңіз күштеріне Ормуз бұғазын бұғаттауды бұйырғанын жариялады және халықаралық суларда бұғаз арқылы өту үшін Иранға ақы төлеген кез келген кемені тоқтататынын ескертті. АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, блокада тек Иран порттарына кіретін немесе олардан шығатын кемелерге ғана қолданылады және 13 сәуірде Нью-Йорк уақыты бойынша сағат 10:00-де басталады.
Bloomberg-ті ң хабарлауынша, Иранның Исламдық Революциялық гвардиясы соғыс кемелерінің бұғазға «кез келген сылтаумен» жақындауы атысты тоқтату режимін бұзу деп есептелетінін мәлімдеді.
Әдетте әлемдік мұнай мен газ экспортының 20%-ы өтетін Ормуз бұғазы ақпан айының соңында соғыс басталғаннан бері іс жүзінде Иран тарапынан жабық тұр. Bloomberg мәліметі бойынша, соғысқа дейін бұл бұғаздан күн сайын шамамен 135 кеме өтсе, қақтығыс басталғалы бұл көрсеткіш бірнеше ғана кемеге дейін төмендеді.
Иран Хормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдауды жалғастыруда. Bloomberg-тің алдын ала бағалауы бойынша, наурыз айында Тегеран күніне шамамен 1,7 миллион баррель мұнай мен конденсат экспорттаған. Сонымен қатар, Иран бірнеше транзит рұқсаттарын берді — атап айтқанда Пәкістан, Үндістан және Ирактан келген танкерлерге. Агенттіктің хабарлауынша, транспондерлері өшірілген бірнеше грек танкері де бұғаздан өтті.








