АҚШ пен Вьетнам жаңа сауда келісіміне қол қойды. Қай компаниялардың акциялары ұтты?

АҚШ президенті Дональд Трамп 2 шілдеде Вьетнаммен сауда келісіміне қол жеткізгенін хабарлады. Енді Вьетнамнан АҚШ-қа жеткізілетін тауарларға %46 емес, %20 кедендік баж салығы салынады. Бұл әсіресе Nike пен On Holding сияқты өнімінің көп бөлігін Вьетнамда шығаратын спорттық аяқ киім мен киім өндірушілеріне тиімді болды.
Егжей-тегжейлі
АҚШ президенті Дональд Трамп Вьетнаммен сауда келісіміне қол жеткізілгенін хабарлады. Бұл 9 шілдеде аяқталуы тиіс келіссөздер мерзімінен бір апта бұрын болды. Егер сол уақытқа дейін серіктестер келісімге келе алмаса, жоғары салықтар күшіне енуі керек еді.
Келісім бойынша, Вьетнамнан АҚШ-қа жеткізілетін тауарларға 20% мөлшерлеме болады. Бұған дейін 46% қарастырылған, ал келіссөздер кезінде уақытша 10% бірыңғай тариф қолданылған еді.
20% инвесторлардың күткенінен жоғары болса да, келісім саладағы белгісіздікті азайтты, деп атап өтті Bloomberg. Трамп нақтылап айтты: егер транзиттік жеткізім болса — яғни, тауар Қытай сияқты басқа елде өндіріліп, бірақ АҚШ-қа Вьетнам арқылы жеткізілсе, онда ол тауарға 40% жоғары тариф салынады.
Сонымен бірге АҚШ-тан Вьетнамға экспортталатын тауарларға ешқандай тариф салынбайды. Трамптың айтуынша, Вьетнам алғаш рет АҚШ-қа өз нарығын толық ашып отыр. Бұл АҚШ компаниялары өз өнімдерін Вьетнамға нөлдік тарифпен сата алатынын білдіреді, — деп Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Кімге ұтымды?
Бенефициарлардың қатарында Вьетнамды негізгі өндіріс орны ретінде пайдаланатын әлемдегі ең ірі киім және аяқ киім өндіруші компаниялар бар, деп хабарлайды Barron’s. 2 шілдедегі саудада Nike акциялары күрт өсіп, төрт ай ішіндегі ең жоғары деңгейіне жетті — 4%-дан аса өсті. 2024 қаржы жылында Nike аяқ киімінің жартысын Вьетнамда шығарған.
Швейцариялық On Holding спорттық аяқ киім мен киім өндірушісінің акциялары да шамамен 3% қымбаттады: компания аяқ киімінің 90%-ға дейінін Вьетнамнан алады. Вьетнамға тәуелді өзге ритейлерлер арасында Gap, Lululemon Athletica және Crocs бар. Соңғы екеуінің жеткізілімінің 40%-дан астамы Вьетнамға тиесілі.
Аяқ киім мен киім өндірушілерінен бөлек, плюсте қалғандар қатарында: америкалық онлайн жиһаз және үй тауарлары сатушысы Wayfair, премиум асүй және интерьер тауарларын сататын Williams-Sonoma, модульді жұмсақ жиһаз өндірушісі The Lovesac. Wayfair акциялары күрт өсіп, 9%-ға жуық қымбаттады, Williams-Sonoma қағаздары 2,5%, ал The Lovesac қағаздары 4% өсті.
Техноалыптардың ахуалы
Трамптың мәлімдемесіне дейін Seeking Alpha басылымы АҚШ пен Вьетнам сауда келісіміне келсе, Intel мен Apple сияқты бірнеше америкалық технологиялық алпауыттың біраз тыныс алатынын жазған еді. Intel Вьетнамдағы құрастыру және сынақ жүргізу зауытына $1 млрд-тан астам инвестиция салған — бұл компанияның өндірістік желісіндегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Америкалық сауда палатасының мәліметінше, 2010–2024 жылдар аралығында осы зауыттың жинақталған экспорты $96 млрд-тан асқан.
Apple де Вьетнамдағы өндірісін едәуір кеңейтті: Seeking Alpha дерегінше, 2025 жылдың соңына қарай мұнда iPad пен Apple Watch құрылғыларының 20%-ы, AirPods-тың 65%-ы шығарылады деп күтілуде. Сонымен қатар, компания MacBook-тың аз бөлігін де Вьетнамда құрастыруды бастаған.
UBS сарапшыларының айтуынша, 20% баж салығы Apple-ға айтарлықтай әсер етпейді. «iPhone Вьетнамда құрастырылмайды, ал елден жеткізілім көлемі мардымсыз, сондықтан АҚШ-қа Вьетнамнан келетін импорт Apple-дың жалпы табысының тек аз бөлігін ғана құрайды», — делінген Дэвид Фогт бастаған UBS сарапшылардың жазбасында.








