АҚШ-та базалық инфляция күткеннен төмен болды. Нарық қалай қабылдады?

АҚШ-та базалық инфляция қыркүйекте 2,8% өсті, деп көрсетеді жеке тұтыну шығындары индексі (PCE). Бұл көрсеткіш күткеннен төмен болды, деп мәлімдеді CNBC. — Кейбір сарапшылар қыркүйектегі негізгі тұтыну шығындары индексінің жылдық өсімі 2,9% болады деп болжаған. Бұл Федералдық резервке пайыздық мөлшерлемені төмендетуге қосымша мүмкіндік береді, деп атап өтті телеарна.
Егжей-тегжейлі
Тамақ пен энергияға қатысты құбылмалы бағаларды есепке алмайтын базалық PCE индексі айлық өлшемде 0,2% өсім көрсетті, ал жылдық өсім 2,8% құрады. CNBC жазғандай, айлық өсім Dow Jones консенсус-болжамына сәйкес келді, бірақ жылдық көрсеткіш болжамнан 0,1 пайыздық тармаққа төмен болды.
Бұл деректер жаздың соңынан бері жарияланбаған еді, себебі АҚШ үкіметінің 43 күндік шатдауны бірнеше ай бойы көптеген федералдық ведомствоның жұмысын тоқтатып қойған.
Тамызда жарияланған соңғы көрсеткіш 2,9% болған. Жаңартылған қыркүйек деректерімен салыстырғанда бұл инфляция өсімінің баяулағанын білдіреді. Федералдық резерв жүйесінің шенеуніктері жеке тұтыну шығындары бағасының индексін (PCE) инфляциялық саясаттың негізгі құралы ретінде қолданады.
Қазіргі деректер базалық инфляцияның ФРЖ-ның 2% деңгейіндегі мақсатты межесіне қарай төмендеп жатқанын көрсетеді және мөлшерлемені әрі қарай түсіру жөніндегі күтулерді күшейтеді, деп жазды Bloomberg. Бұл мәселеге қатысты отырыс келесі апта, 10 желтоқсанға жоспарланған.
Деректер жарияланғанға дейін нарық қатысушылары пайыздық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендету ықтималдығын 87,2% деп бағалаған еді, деп көрсетеді CME Group-тың FedWatch Tool құралы. Деректер шыққаннан кейін бұл бағалау өзгерген жоқ.
Нарық қалай қабылдады?
PCE есебі жарияланар алдындағы саудада S&P 500 фьючерстері 0,1%, технологиялық Nasdaq 100 — 0,22% өсті. Ал Dow Jones фьючерстері 0,08% төмендеді.
Деректер шыққаннан кейін S&P 500 — 0,5% көтерілді, Nasdaq 100 — 0,7%, ал Dow Jones — 0,5% өсті. Бұл индекстердің қатарынан төртінші күн өсімі, деп жазды MarketWatch.
Сарапшылар пікірі
«Жағдай жақсарып келеді, сондықтан ралли жалғасды деп ойлаймын», — деді Interactive Brokers компаниясының аға нарықтық экономисі Хосе Торрес MarketWatch басылымына. Оның айтуынша, Мичиган университетінің тұтынушылық көңіл-күйге қатысты алдын ала сауалнамасы бес жылдық инфляциялық күтулердің төмендегенін және жалпы көңіл-күйдің жақсарғанын көрсетті. Еңбек нарығының әлсіреуін ескерсек, бұл Федералдық резервке мөлшерлемені тағы бірнеше рет төмендетуге мүмкіндік беруі тиіс, деді ол.
Bloomberg жазғандай, Vital Knowledge сарапшысы Адам Крисалуилли қыркүйектегі PCE индексін «біршама оң» деп бағалады. АҚШ-тағы келесі аптадағы пайыздық мөлшерлеме төмендеуі негізінен бағаларға енгізіліп қойған, ал нарықтар 2026 жылы саясаттың әрі қарай жұмсаруына да ставка жасап отыр, деп жазды агенттік.
«Жалпы алғанда, деректер ФРЖ-ның келесі аптада мөлшерлемені тағы 25 базистік тармаққа төмендетуіне сәйкес келеді, бірақ 2026 жылы бұл процесті жеделдету қажеттігін көрсетпейді», — деді BMO сарапшысы Ян Линген.








