АҚШ-та инфляция 2,7%-ға дейін жеделдеді. Пайыздық мөлшерлеме не болмақ?

АҚШ-та инфляция маусым айында 2,7%-ға дейін өсті. Бұл Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) 2%-дық мақсатынан айтарлықтай жоғары. Инвесторлар бұл есепті пайыздық мөлшерлемені төмендету ықтималдығын арттырады деп күтті. Алайда, жарияланған деректер ФРЖ-ның сақтық ұстанымын нығайта түсті. Енді шілдеде мөлшерлемені азайту ықтималдығы іс жүзінде жоққа шығарылды, ал нарық қыркүйекте жұмсарту қадамын күтуде.
Егжей-тегжейі
CNBC хабарлауынша, инфляцияның өсуіне АҚШ-қа Дональд Трамп кезеңінде енгізілген кедендік алымдардың әсері біртіндеп байқала бастаған. Тұтыну бағаларының индексі (CPI) маусымда 0,3%-ға өсіп, жылдық көрсеткішті 2,7%-ға жеткізді. Бұл Dow Jones болжамымен толық сәйкес келді. Бұл ақпаннан бергі ең жоғары көрсеткіш, ал мамырда инфляция 2,4% болған. Bloomberg экономистері 2,6% болады деп күткен. The Financial Times мұны «күрт өсім» деп бағалады.
Азық-түлік пен энергия бағасын есептемегендегі базалық инфляция (Core CPI) бір айда 0,2%-ға ғана өсті. Бұл Уолл-стриттің күткенінен де төмен. Жылдық көрсеткіш — 2,9%, болжаммен сәйкес.
Тағы не белгілі болды?
Автокөлік бағасы төмендеді: жаңа көліктер 0,3%-ға, ал пайдаланылған көліктер 0,7%-ға арзандады.
Киім бағасы 0,4%-ға өсті. Бұл кедендік алымдардың әсері.
Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттар 1%-ға қымбаттады.
Тұрғын үй бағасы бір айда 0,2%-ға ғана өссе де, CPI өсіміне ең көп үлес қосты. Жылдық өсімі — 3,8%.
Нарық қалай қабылдады?
Нарық сабырлы реакция танытты. Мемлекеттік облигациялар кірістілігі бастапқыда төмендеп, кейін қалпына келді.
S&P 500 индексі тарихи максимумға жетіп, кейін сәл төмендеді.
Nasdaq Composite 0,6%-ға өсті.
Dow Jones 0,6%-ға төмендеді.
Russell 2000 1%-ға құлдырады.
VIX индексі 1,1%-ға төмендеді. Бұл сенімділіктің артуын білдіреді.
Бұл нені білдіреді?
CNBC мәліметінше, кедендік алымдардың әсері айқын бола бастады. Barron’s «Бұл деректер шілдедегі ФРЖ отырысында шешуші рөл ойнамайды, бірақ қыркүйекте мөлшерлемені төмендету ықтималдығы артып келеді» деп жазды. Reuters-тің CME FedWatch мониторингіне сүйенсек, қыркүйекте пайыздық мөлшерлемені азайту ықтималдығы — шамамен 60%, ал шілде үшін — тек 2,6%.
ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл инфляцияны бағалау үшін көбірек дерек қажет екенін бірнеше рет атап өтті. Оның айтуынша, кедендік алымдардың нақты әсері маусым, шілде және тамызда көрініс табуы тиіс. Бұл маусым айындағы CPI — ФРЖ-ның қыркүйектегі шешіміне ықпал ететін үш негізгі есептің алғашқысы.
Principal Asset Management бас стратегы Сима Ша Yahoo Finance-ке берген сұхбатында:
«Базалық инфляция бес ай қатарынан күткеннен төмен. Бұл алымдардың әсері әлі толық байқалмағанын көрсетеді. Дегенмен, үй жиһазы, демалыс тауарлары мен киім бағасының өсуі тарифтердің әсері бар екенін дәлелдейді», — деді. Оның пікірінше, бұл әсер уақыт өте келе күшейіп, ФРЖ-ның саясатын өзгертуге асықпағаны жөн.
FHN Financial бас экономисі Крис Лоу былай деді:
«Салықтар енгізілгеніне бес ай болды, бірақ инфляцияда күрт секіріс болған жоқ. Шілдедегі отырыста ФРЖ сақтық танытуы мүмкін, бірақ қыркүйекте жағдай өзгеруі ықтимал».








