Мамырда ФРЖ-нің «сүйікті инфляциялық көрсеткіші» болжамнан жоғары болды

Core PCE индексі мамыр айында алдыңғы аймен салыстырғанда 0,2 пайызға өсті. Ал жылдық көрсеткіш 2,7 пайызға жетті. Бұл екі мән де экономистердің болжамынан асып түсті. Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдағанда осы индекске ерекше назар аударады. Сонымен қатар америкалықтардың жеке тұтыну шығындары күтпеген жерден азайған, негізі өсім болады деп болжанған. Дегенмен нарық бұл жаңалыққа теріс реакция танытпады. Негізгі қор индекстері өсе берді, тіпті S&P 500 мен Nasdaq Composite жаңа рекордтар орнатты. Осы жағдайдан кейін ФРЖ-ның шілде айындағы отырысында ставканы төмендету ықтималдығы артты.
Егжей-тегжейі
Core PCE – АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі инфляцияны бағалауда басшылыққа алатын негізгі көрсеткіш. Бұл – тұтыну шығындарының негізгі индексі (тағам мен энергия бағасын есепке алмайды). Индекс мамырда 0,2 пайызға өсті. Бұл – экономистер күткен 0,1 пайыздық өсімнен жоғары. Осылайша, кейінгі 12 айдағы жылдық өсім 2,7 пайыз болды. Бұл да болжамдағы 2,6 пайыздан көп, деп хабарлайды CNBC.
Жалпы PCE индексі сәуірмен салыстырғанда 0,1 пайызға, ал жылдық көрсеткіш бойынша 2,3 пайызға өсті. Бұл да сәуірдегі 2,1 пайыздан жоғары және ФРЖ нысаналы 2 пайызынан асып түседі. Бұл көрсеткіштер сарапшылардың күткенімен сәйкес келген, деп жазады CNBC Dow Jones деректеріне сүйеніп.
Есепте америкалықтардың тұтыну шығындарының азайғаны да көрсетілген. Бұл АҚШ экономикасының үштен екісінен астамын құрайтын маңызды көрсеткіш. Wall Street мұндай төмендеуді күтпеген еді: шығындар 0,1 пайызға кеміді, ал экономистер 0,1 пайыз өседі деп болжаған. Бұл – жыл басынан бергі ең төменгі деңгей, деп атап өтті Bloomberg. Сонымен бірге, америкалықтардың жеке табысы да сәуірдегі 0,8 пайыз өсімнен кейін мамырда 0,4 пайызға төмендеді. Бұл 2021 жылдан бергі ең ірі құлдырау.
Нарыққа әсері
Core PCE күткеннен жоғары болғанына қарамастан, Reuters бұл инфляциялық деректерді «ұстамды» деп сипаттап, олар ФРЖ-ның жұмсақ саясатын жалғастыратынына үміт артатынын жазды. АҚШ-тың негізгі қор индекстері керісінше өскен, оған Қытаймен сауда келісімі туралы күтулер де әсер етті. S&P 500 мен Nasdaq Composite 0,4–0,5 пайыз өсіп, жаңа рекорд орнатты, ал Dow Jones 0,9 пайызға көтерілді.
Бұл нені білдіреді?
Есеп ФРЖ-ның болашақ ставка туралы шешім қабылдау кезеңімен тұспа-тұс келді. Маусымда Федрезерв қатарынан төртінші рет ставканы өзгеріссіз қалдырғанымен, биыл тағы екі мәрте төмендету жоспарланғанын хабарлаған.
Мамыр айындағы тұтыну шығындарының азаюы АҚШ экономикасына қатысты алаңдаушылықты арттыра түсті. Трамп әкімшілігінің болжауға келмейтін сауда саясаты жалпы ішкі өнімге қатысты күтулерге де кері әсер етіп жатыр, деп жазады Bloomberg. Бұл құлдырау көптеген салаларға әсер етіп, тұтынушылар көңіл-күйінің төмендеуімен сәйкес келіп отыр.
«Мамырдағы мәліметтер жалпы жағдайды растайды – екінші тоқсанда экономика баяулап жатыр, ал жаңа кедендік тарифтердің нақты әсері жаздың соңында және күзде сезіледі», – деді Wells Fargo Investment Institute-тің нарық стратегі Гэри Шлоссберг CNBC-ге берген түсіндірмесінде.
2025 жылы инфляция бақылауда болғанымен, көптеген экономистер оның жақын арада жеделдеуі мүмкін екенін айтады. Себебі, бизнес тарапынан жаңа тарифтерден туындаған шығындар біртіндеп тұтынушыларға жүктеле бастайды. Осы аптада ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл жазда инфляцияның үдеуін күтетінін растады, өйткені тарифтер әсері тұтыну бағаларына әсер ете бастайды. Сонымен бірге, ол егер инфляция үдемесе, ФРЖ бұрынғыдан ертерек жеңілдету саясатына қайта оралуы мүмкін екенін жеткізді.
ФРЖ Басқарушылар кеңесінің мүшелері Кристофер Уоллер мен Мишель Боуман да инфляциялық қысым төмен күйінде қалса, 29–30 шілдедегі келесі отырыста ставканы төмендетуді қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Дегенмен ФРЖ-ның көпшілік өкілдері, соның ішінде Пауэлл де, әзірге бұл шешімге қарсы. АҚШ-тың Еңбек департаменті маусым айындағы тұтыну инфляциясының алғашқы есебін 15 шілдеде жариялайды.
«Core PCE индексінің сәл қатаңырақ болуы, бұған дейін жарияланған жұмсақ CPI және PPI деректерімен салыстырғанда, «қатаң саясатты» қолдайтындай көрінуі мүмкін. Алайда жалпы инфляциялық жағдай көп өзгерген жоқ, егер тарифтерге қатысты қауіптер болмаса, ФРЖ әлдеқашан ставканы төмендетуді бастаған болар еді», – деп жазады Vital Knowledge аналитиктері Investing.com порталына берген жазбаларында.
CME FedWatch платформасының деректері бойынша, трейдерлер ФРЖ шілдеде ставканы төмендетеді деген үмітті күшейтті: енді бұл нұсқаны 20,7% қатысушы қолдайды (сәуірдегі инфляция есебінен кейін 5%, ал 25 маусымда Пауэллдің мәлімдемесінен соң 18,6% болған). Қалғандары шілдеде ставка өзгермейді деп күтуде.








