ФРЖ инфляциясының «сүйікті индикаторы» көптен бергі ең төменгі жылдық өсімді көрсетті

Сәуір айында АҚШ-тағы жеке тұтыну шығындары индексі (Core PCE) небәрі 0,1%-ға өсті, ал жылдық өсім 2,5%-ды құрады. Бұл соңғы төрт жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Дегенмен, сарапшылардың пайымынша, Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) бұл көрсеткішке қарамастан, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге асықпайды. Өйткені сәуірдегі деректер кедендік баж салықтарының толық әсерін әлі көрсетпеген.
Егжей-тегжейі
ФРЖ жіті бақылайтын инфляция көрсеткіші сәуірде небәрі 0,1%-ға өсті. Бұл көрсеткіш азық-түлік пен энергия бағасындағы құбылмалылықты есепке алмайды. Соңғы 12 айдағы өсім — 2,5%, бұл 2020 жылдан бергі ең төменгі жылдық өсім.
Толық PCE индексі де сәуірде 0,1%-ға артқан. Жылдық көрсеткіш — 2,1% (наурызда — 2,3%). Бұл ФРЖ-нің 2% нысаналы деңгейіне жақындай түсті. Бұл мәліметтер сарапшылардың болжамымен сәйкес келді.
Сол уақытта тұтынушылар шығыны күрт баяулады — наурызда 0,7% болса, сәуірде 0,2%-ға ғана өскен. Ал жеке табыстар күткеннен де жоғары — 0,8%-ға артты (күтілгені — 0,3% еді). Жеке жинақ деңгейі де 4,9%-ға жетіп, соңғы бір жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілді.
АҚШ қор нарығы бұл статистикаға қабақ шыта қарап отыр. Негізгі индекстер төмендеді. Бұған Дональд Трамптың Қытайды баж салығы жөніндегі келісімді бұзды деп айыптауы да әсер етті.
Бұл нені білдіреді?
Инфляция 2%-дық межеге жақындағанымен, ФРЖ әлі де сақтық танытып отыр. Себебі Трамптың сауда саясатының экономикаға қалай әсер ететіні әзірге толық анық емес. Бұл саясат бағаны, еңбек нарығын және тұтынушылар белсенділігін өзгертуі мүмкін.
LPL Financial бас экономисі Джеффри Роуч: «Инфляция сәуірде биылғы ең төмен деңгейге жетті. Бұл — қол жеткен ең жақсы нәтиже» деді.
Morgan Stanley Wealth Management экономикалық стратегы Эллен Зентнер: «Баж салықтары экономикаға қалай әсер ететінін нақты түсіну үшін келесі айдың деректерін күткен жөн» деген тұжырым айтты.
Pantheon Macroeconomics сарапшысы Оливер Аллен: «Баж салықтары салдарынан азық-түлік пен энергиядан басқа тауарлар бағасы айтарлықтай қымбаттайды. Сондықтан базалық PCE индексі жылдың екінші жартысында 3–3,5%-ға дейін көтерілуі мүмкін» деген ойын білдірді.
CME FedWatch дерегінше, трейдерлердің 95%-ы маусымдағы отырыста ФРЖ мөлшерлемені төмендетпейді деп санайды. Тек 25%-ы ғана шілденің соңына қарай төмендетілуі мүмкін деп болжайды.








