АҚШ-тағы инфляция, Nike пен Micron табыстары: инвесторға осы аптада не маңызды

Бұл аптада Уолл-стриттің негізгі назары АҚШ-тағы еңбек нарығы мен инфляция деректеріне ауады. Бұл статистика ФРЖ-ның алдағы шешімдері үшін өте маңызды. Себебі Федрезервтің «қос мандаты» бар: бір жағынан — барынша жоғары жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, екінші жағынан — баға тұрақтылығын сақтау.
Сонымен қатар нарықта әлемнің жетекші орталық банктерінің отырыстары да басты назарда болады. Англия банкінен мөлшерлемені төмендету күтіледі, Еуропалық орталық банктен (ЕОБ) — ақша-несие саясатын жұмсартуды уақытша тоқтатуы мүмкін деген белгі, ал Жапония банкінен — қарыз алу құнының өсуі күтіліп отыр. Трейдерлер Еуропадағы іскерлік белсенділік индекстерін және Қытайдан шығатын макроэкономикалық деректерді де мұқият қадағалайды, деп жазады The Wall Street Journal.
Осы аптада шығатын ең маңызды корпоративтік есептер қатарында Yahoo Finance FedEx, Micron және Nike компанияларын атап өтеді.
Дүйсенбі, 15 желтоқсан
Қытайдың Ұлттық статистика бюросы қараша айында өнеркәсіп өндірісінің өсімі жылдық есепте 4,8%-ға дейін баяулағанын хабарлады. Бұл қазан айындағы көрсеткіштен (4,9%) және нарық күткен деңгейден (5%) төмен. Trading Economics мәліметінше, бұл — 2024 жылдың тамызынан бергі ең төмен өсім.
Қаңтар–қараша аралығында Қытайда негізгі капиталға салынған инвестициялар 2,6%-ға қысқарды. Бұл нарық күткеннен де нашар нәтиже (болжам −2,3%). Инвестициялардың төмендеуі қатарынан үшінші ай тіркеліп отыр және 2020 жылдың маусымынан бергі ең күшті құлдырау болып саналады. Бұған жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылымға салынатын шығындардың азаюы, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіндегі инвестиция өсімінің баяулауы себеп болған.
Сейсенбі, 16 желтоқсан
АҚШ Еңбек министрлігі қараша айына арналған жұмыспен қамту есебін жариялайды. Сонымен бірге қазан айының деректері де шығады, ол үкімет жұмысының уақытша тоқтауына байланысты кешігіп қалған еді. АҚШ Санақ бюросы қазан айындағы бөлшек сауда статистикасын ұсынады. Нарықтың ортақ болжамы бойынша, сатылым айлық есепте 0,2%-ға өседі, бұл қыркүйектегі деңгеймен бірдей, деп жазады Barron’s.
S&P компаниясы өндіріс пен қызмет көрсету секторларындағы желтоқсан айының іскерлік белсенділік индекстерін (PMI) жариялайды.
Lennar компаниясы тоқсандық табыстары туралы есеп береді.
Сәрсенбі, 17 желтоқсан
General Mills, Jabil және Micron қаржылық есептерін жариялайды.
Бейсенбі, 18 желтоқсан
Еуропалық орталық банк пен Англия банкі ақша-несие саясаты бойынша шешімдерін хабарлайды. Нарықтар ЕОБ 2025 жылғы соңғы отырысында пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деп күтеді және 2026 жылы да оны төмендету ықтималдығын бағаларға енгізіп отырған жоқ. Сондықтан трейдерлердің назары регулятордың ЖІӨ мен инфляцияға қатысты болжамдарына ауады, деп жазады WSJ.
RBC Capital Markets сарапшыларының пікірінше, қысқа мерзімді экономикалық өсім болжамы жоғары жаққа айтарлықтай қайта қаралуы, ал орта мерзімді инфляция болжамы сәл төмендетілуі мүмкін.
Ал Англия банкі әлсіреп тұрған экономиканы қолдау үшін негізгі мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетіп, 3,75%-ға жеткізеді деген сенім нарықта өте жоғары. Бұл 2025 жылғы төртінші төмендету болмақ. Дегенмен елдегі инфляция әлі де жоғары: қазанда баға жылдық есепте 3,6%-ға өсті, ал орталық банктің мақсаты — 2%. Осыған байланысты сарапшылар дауыс беру нәтижесі тағы да тартысты болады деп күтеді: 5 қарсы 4, мұнда шешуші дауыс банк басшысы Эндрю Бэйлиге тиесілі болады, деп жазады WSJ.
Сол күні АҚШ Еңбек министрлігі қараша айындағы тұтыну бағалары индексін (CPI) жариялайды. Консенсус-болжам бойынша, инфляция жылдық есепте 3,1% болады. Қазан айының инфляция деректері үкіметтің шатдаунына байланысты жиналмаған.
Accenture, Birkenstock, Cintas, Darden Restaurants, FedEx және Nike табыстары туралы есеп береді.
Жұма, 19 желтоқсан
Жапония банкі негізгі мөлшерлемені 0,5%-дан 0,75%-ға дейін көтеруі мүмкін. Бұл — 1995 жылдан бергі ең жоғары деңгей, деп жазады Barron’s. JPMorgan Chase сарапшысы Аяко Фудзитаның айтуынша, экономиканың іргелі көрсеткіштері мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруға негіз бермейді.
Carnival, Conagra Brands, Lamb Weston және Paychex компаниялары тоқсандық қаржылық нәтижелерін жариялайды.








