АҚШ-тағы көп күткен жұмыспен қамту деректеріне нарық қалай жауап береді?

АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросы сейсенбі, 16 желтоқсанда еңбек нарығы туралы есеп жариялады. Есепте қазан және қараша айларының дерегі біріктірілген. Жаңа мәліметке сай, қарашада АҚШ-та ауыл шаруашылығынан тыс жұмыс орындарының саны 64 мыңға өсті. Ал Reuters сұрағаны жауап берген экономистер бұл көрсеткіш шамамен 50 мың болады деп күткен. Жалпы есеп бәсеңдеу белгілерін көрсетеді, бірақ АҚШ еңбек нарығында жағдайдың тез нашарлап бара жатқанын байқатпайды, деп жазады Bloomberg.
Бұл деректер кешігіп шықты. Себебі статистика жинауда ақаулар болды. Оған АҚШ үкіметі жұмысының 43 күн тоқтауы әсер етті.
Егжей-тегжейі
АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросы (BLS; The Bureau of Labor Statistics) ел тарихындағы ең ұзақ федералды шатдаун аяқталған соң, 16 желтоқсанда қарашадағы жұмыспен қамту туралы кешіктірілген есепті жариялады. Сонымен бірге қазан айына қатысты кей деректер де берілді. Есепке сәйкес, қарашада экономика 64 мың жұмыс орнын қосты. Бұл нарық күткеннен жоғары. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға өсті. Қазанда керісінше, жұмыспен қамту азайды: ауыл шаруашылығынан тыс жұмыс орындары 105 мыңға қысқарды. Бұл федералды қызметкерлердің жаппай кетуімен байланысты.
Есепке қызығушылық өте жоғары болды. Себебі оны жариялау қазан және қарашадағы 43 күндік үкімет тоқтауына байланысты кешікті. Құжатта әдетте BLS қарашаның басында, кейін желтоқсанның басында жариялауы тиіс деректер біріктірілді. Бірақ қазіргі есепте қазан айындағы жұмыссыздық деңгейі және үй шаруашылықтары сауалнамасының басқа да бірқатар көрсеткіші жоқ. Оларды шатдаун кезінде жинау мүмкін болмаған, деп түсіндіреді Investopedia.
Жұмыспен қамту бойынша базалық деректердің соңғы қайта қаралған нұсқасын BLS ақпанда, қаңтар айының есебімен бірге жариялауды жоспарлап отыр, деп жазады Reuters.
Нарық қалай жауап берді?
Bloomberg мәліметінше, 16 желтоқсанда АҚШ қор нарығында сауда сессиясының басында өзгеріс аз болды. Dow Jones фьючерсі 0,14%-ға өсті, S&P 500 фьючерсі 0,12%-ға, Nasdaq 100 фьючерсі 0,13%-ға көтерілді. АҚШ қазынашылық облигациялары мен доллар саудасы да сабырлы өтті. Өйткені инвесторлар еңбек нарығының әлсіреуі жақын айларда ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемені әрі қарай төмендетуіне әсер етеді деп күтеді, дейді Bloomberg.
Дерек шықпай тұрып, нарық қатысушылары ФРЖ-ның қаңтардағы келесі отырысында мөлшерлемені 25 базистік тармаққа қысқарту ықтималдығын 24,4% деп бағалады. Мұны CME Group-тың FedWatch Tool құралы көрсетеді. 75,6% адам мөлшерлеме қазіргі деңгейде қалады деп ойлады. АҚШ еңбек нарығы туралы жаңа дерек шыққаннан кейін бұл бағалар өзгермеді.
Неліктен бұл маңызды?
Investopedia жазуынша, жарияланған деректер ФРЖ-ның алаңдаушылығын күшейтті. Яғни еңбек нарығы анық баяулап келеді, әрі жұмыссыздық едәуір өсіп кетуі мүмкін деген қауіп бар. Бұл көрсеткіштер ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлеме туралы шешімдері үшін өте маңызды. Жұмыспен қамту әлсіресе, инфляция қысымы сақталса да, ақша-несие саясатын жұмсартуға дәлел көбейеді.
Investopedia еске салады: АҚШ Конгресі ФРЖ-ға «қос мандат» жүктеген. Ол — инфляцияны төмен деңгейде ұстау және жұмыспен қамтуды мүмкіндігінше жоғары ету. Соңғы үш отырыста ФРЖ өкілдері шығындарды ынталандыру және жұмыспен қамтуды өсіру үшін негізгі пайыздық мөлшерлемені төмендетті. «Біз “ең жоғары жұмыспен қамту” деген бөлік, яғни ФРЖ мандатының өзегі, қауіп астында екенін барған сайын анық көреміз», — деп жазды BLS-тың жаңа есебі шықпай тұрып Wells Fargo Securities сарапшылары.
Нарық болжамдары
АҚШ еңбек нарығының соңғы деректері шықпай тұрып, Уолл-стритте қазандағы жұмыспен қамту туралы болжамдар қатты әртүрлі болды. Ең оптимист болжамдардың бірі Goldman Sachs-тан болды: олар 10 мың жұмыс орны өседі деп болжаған, деп жазды CNBC. Citigroup 45 мың орын қысқарады деді. Ал Deutsche Bank, Wells Fargo және Bank of America 60 мыңнан да көп қысқару болады деп күтті. Сонымен қатар көпшілік сарапшы қарашада АҚШ еңбек нарығы қайта қалпына келеді деп ойлады. Dow Jones сұраған экономистер қарашада 50 мың жұмыс орны өседі деп болжады.
Сарапшылар не дейді?
Биыл еңбек нарығында маусымда және тамызда қысқартулар болды. Мұндай жағдай 2020 жылдан бері болмаған. Reuters жазуынша, қазандағы жұмыс орнының азаюы 150 мыңнан аса федералды қызметкердің кетуімен байланысты. Олар АҚШ президенті Дональд Трамптың мемлекеттің экономика мен басқарудағы рөлін қысқарту бастамасы аясында кейінге қалдырылған өтемақы төлемдеріне келіскен. Олардың көбі қыркүйектің соңында мемлекеттік тізімнен шыққан. Бірақ жалақысы мемлекеттік органдар жұмысын қайта бастағаннан кейін төленген. BNP Paribas-тың АҚШ бойынша аға экономисі Эндрю Хасби: «Бұл жұмыстан кетулердің экономикаға әсері үлкен емес. Өйткені бағдарламаның көп қатысушысы не зейнетке шықты, не осы уақыт ішінде басқа жұмыс тапты деп күтеміз», — деді.
Жалпы есеп жұмысшыларға екіұшты белгі болды. Бір жағынан, жаппай жұмыстан шығару толқынын көрсетпейді. Екінші жағынан, жұмысқа тұру және мансапта өсу мүмкіндігі әлі де аз екенін растайды, деп атап өтеді Investopedia.
«Қазір біздегі деректер бұлдыр көрінеді, бірақ алаңдатады. Мысалы, жазда жұмыс орындарын құру қатты баяулағанын білеміз. Бүгін көп америкалық үшін ең бастысы — тауардың қолжетімділігі мен баға деңгейі. Бірақ біз бұл тізімге жұмыссыздық пен жұмыс орындарын жоғалтуды қосуды мүлде қаламаймыз», — дейді Вашингтондағы Әділ өсім орталығының (Washington Center for Equitable Growth) аға зерттеушісі Майкл Линден.








