БастыЖаңалықтар
Бөлісу

АҚШ, Жапония бондтарының кірістілігі құлдырауда: инвесторлар қарыз нарығына орала ма?

Евгения Ватаманюк

Евгения Ватаманюк

Oninvest тілшісі
АҚШ, Жапония бондтарының кірістілігі құлдырауда: инвесторлар қарыз нарығына орала ма?

Жаһандық облигациялар кірістілігі сейсенбіде төмендеді. Ал ең үлкен құлдырау АҚШ пен Жапонияның ұзақмерзімді қазынашылық қағаздарында байқалды. Нарық Жапония Қаржы министрлігінің мемлекеттік қарыз орналастыру көлемін қайта қарастыруы мүмкін деген белгісіне жауап қатты. Өткен аптада облигациялар кірістілігінің күрт өсуі инвесторлар арасында алаңдаушылық тудырды. Себебі қарыз жүктемесі жоғары елдер — атап айтқанда Жапония және белгілі бір дәрежеде АҚШ — бюджет тапшылығын қысқартуға ниетті емес. Бұл жағдай қарыз алу көлемінің шектен тыс ұлғаюы мен олардың несиелік перспективалардың нашарлауына қатысты қауіптерді күшейтті.

Егжей-тегжейлі

АҚШ-та 27 мамыр, сейсенбі күнгі саудада 30 жылдық трежеристердің кірістілігі 4,98%-ға дейін, ал 10 жылдық 4,5%-ға дейін төмендеді. Жапонияның 30 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 2,8%-ға дейін құлдырады. Германия мен Ұлыбританияның 10 жылдық бондтары да инвестициялық тартымдылығын жоғалта бастады.

Bloomberg дереккөздерінің хабарлауынша, жуырда Жапония Қаржы министрлігі нарық қатысушыларына облигацияларды орналастыру және жалпы нарық ахуалына қатысты өз пікірлерін білдіруді сұрап, сауалнама таратқан. Бұл — әдеттен тыс қадам, сондықтан трейдерлер оны биліктің ұзақмерзімді бонд нарығындағы құлдырауды тұрақтандыруға тырысып жатқанының белгісі ретінде қабылдады.

«Бұл — жапон шенеуніктерінің өткен аптадағы сәтсіз өткізілген аукционнан кейін облигация орналастыруды қысқартуға дайын екенін аңғартады. Аукцион нәтижесі кірістіліктің күрт өсуіне себеп болып,  Батыс бондтарына қысым түсірді», — дейді XTB зерттеу бөлімінің директоры Кэтлин Брукс, деп жазады MarketWatch.

Инвестор үшін маңызды

Токиода облигациялар жаппай сатылғаннан кейін ұзақмерзімді мемлекеттік қағаздардың кірістілігі күрт өсіп кеткен соң, қарыз алу жоспарын қайта қарау мүмкіндігі талқылануда, деп еске салады Bloomberg. Өткен аптада Жапонияның 30 жылдық қазынашылық облигациялары соңғы 25 жылдағы ең жоғары кірістілікке жетсе, дәл осындай мерзімді америкалық трежеристердің табысы 5% деңгейінен асып түсті.

«Жапониядағы облигация орналастыру көлемінің ықтимал қысқаруы мемлекеттік қағаздарға жақсы қолдау болып отыр», — дейді Pepperstone Group компаниясының стратегі Майкл Браун. Оның пікірінше, бұл жағдай инвесторлардың назарын америкалық бондарға да аударуы мүмкін.

XTB сарапшысы Кэтлин Брукстың айтуынша, 30 жылдық трежеристердің кірістілігі бір апта өткен соң қайтадан 5%-дан төмен түсуі — «психологиялық тұрғыдан маңызды» белгі. Бұл — тәуекелді активтерге қызығушылық танытатын инвесторлар үшін оң белгі ретінде қабылданады.

Алда не болмақ?

Жапон үкіметі облигация орналастыру көлемін қысқартуы мүмкін деген болжам — жаһандық деңгейдегі мемлекеттік қаржы жағдайына қатысты кең ауқымды қауіпті жоя алмайды. Бұл дегеніміз сейсенбі күнгі облигация нарығындағы ралли жалпы тұрақсыздық аясындағы уақытша үзіліс қана болуы мүмкі, деп ескертеді Bloomberg.

«Біз алдағы апта мен айларда АҚШ-тың қазынашылық облигациялары кірістілігі үшін инвесторлар арасындағы пессимистік көңіл-күйден арылуға қиын болады деп есептейміз», — дейді ING банкінің пайыздық ставкалар жөніндегі аға стратегі Бенджамин Шредер. — «Үкіметтің бюджет саясаты әлі де маңызды рөл атқаруда».

АҚШ трежеристері Moody’s рейтинг агенттігі, елді соңғы жоғары несиелік рейтингінен айырған сәттен бастап инвесторлардың басты назарында тұр. Жаппай сатылымды күшейткен факторлардың бірі — өткен аптада АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Дональд Трамптың негізгі салық заң жобасын қабылдауы болды. Бұл құжат федералды қарыз шегін $4 трлн-ға арттырады.

Инвесторлар үшін келесі маңызды оқиғалардың бірі — мемлекеттік қарызға сұраныстың тұрақтылығын көрсететін негізгі индикатор саналатын аукциондар. АҚШ-та 27 мамыр күні $69 млрд көлеміндегі екі жылдық облигациялар бойынша аукцион өтеді. 28 мамырда бес жылдық облигациялар ($70 млрд), ал 29 мамырда жеті жылдық облигациялар ($44 млрд) ұсынылады. Сонымен қатар, сәрсенбі күні нарық қатысушыларына 40 жылдық жапон облигациялары ұсынылады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары