«Тиімді сәт»: BofA АҚШ-тың ұзақмерзімді облигацияларын сатып алуға кеңес берді

АҚШ-тың Қаржы министрлігі шығарған ұзақмерзімді облигацияларды сатып алу үшін қолайлы сәт туды, деп санайды Bank of America. 30 жылдық трежерис кірісі 5%-дан асып, бұл «кіруге қолайлы деңгейде» деп бағаланды, — дейді стратег Майкл Хартнетт. Алайда Уолл-стриттегі сарапшылардың барлығы бірдей бұл оптимизммен келіспейді: экономистер кірістіліктің өсуі, экономикалық өсімге деген күтімнің төмендеуі аясында алаңдатарлық белгі болуы мүмкін деп ескертеді.
Егжей-тегжейлі
Bank of America-ның бас инвестициялық стратегi Майкл Хартнетттің пікірінше, 30 жылдық облигациялар қазіргі таңда «кіруге қолайлы деңгейде» тұр. Бұл туралы Bloomberg хабарлады. Хартнетттің айтуынша, АҚШ-тың қарыз қағаздарының перспективасы жарқын, себебі Ақ үй қаржы саясатына наразы болып, облигацияларды сатып жіберу арқылы олардың кірістілігін өсіруге тырысатын «облигациялық кек алушылардың» дабылына құлақ асады және мемлекеттік қарызды бақылауға алады.
АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларының кірістілігі осы аптада күрт өсті: 30 жылдық трежерис 5%-дан асып, ал 10 жылдық қағаздардың кірістілігі шамамен 4,5%-ға жетті. Бейсенбі, 23 мамыр күнгі сауда барысында 30 жылдық қағаздардың кірістілігі 5,15%-ға дейін көтеріліп, соңғы жиырма жылдағы максимумнан сәл төмен, деп хабарлайды Bloomberg.
АҚШ президенті Дональд Трамп Еуроодақтан әкелінетін тауарларға 50% импорттық баж енгізуді ұсынғаннан кейін, жұма күні АҚШ Қаржы министрлігінің облигацияларының кірістілігі сәл төмендеді. Мысалы, екі жылдық облигациялар тоғыз базистік пунктке төмендеп, 3,9%-ды, 9 мамырдан бергі ең төменгі көрсеткіш көрсетті, деп жазады Bloomberg. Айта кетсек, бұл — АҚШ пен Қытай өзара баж салығын жеңілдету туралы келісімге келер алдындағы соңғы сауда күні болды. Аллайда, 30 жылдық облигациялардың кірістілігі жұмада 5%-дан жоғары күйінде қалды.
Акция нарығы үшін нені білдіреді?
MarketWatch жазуынша, АҚШ мемлекеттік облигациялар нарығындағы жаңа сатылым толқынына Moody’s агенттігінің елді ең жоғары несие рейтингінен айыру туралы шешімі түрткі болған болуы мүмкін. Сонымен қатар, Bloomberg мәліметінше, инвесторлардың алаңдауына Трамптың салық туралы жаңа заң жобасы себеп болды — құжат алдағы жылдары АҚШ-тың онсыз да ұлғайып отырған бюджет тапшылығын триллиондармен арттыруы ықтимал. Бұл жағдай АҚШ активтеріне деген жаһандық қызығушылықтың әлсіреуі аясында орын алып отыр. Агенттіктердің атап өтуінше, қысым тек АҚШ қазына қағаздарына емес, Жапония, Германия, Австралия және Ұлыбританияның ұзақ мерзімді облигациялар нарығына да әсер етуде.
Oблигaциялардың жаппай сатылуы әдетте акциялар үшін оң белгі ретінде қабылданатын, алайда экономистер бұл жағдайға байланысты инвесторларды қуанта қоймайтын алаңдатарлық үрдіске назар аударып отыр, дейді MarketWatch.
«АҚШ облигацияларының нақты кірістілігі күрт өсіп жатыр, бірақ алаңдатарлығы — экономикалық өсімге деген күтімнің төмендеуімен қатар жүріп жатыр. Мұндай құбылыс бұрынғыдай ФРЖ-ның саясатты қатаңдатуы немесе экономиканың жеделдеуі аясындағы кірістілік секірісінен әлдеқайда қауіпті», — деп жазды Exante Data компаниясының валюталық стратегi және экономисі Йенс Нордвиг. Оның сөзін MarketWatch келтіреді.
Қазіргі сәтте нарыққа негізінен облигация ұстаушылар ықпал етіп жатқандай көрінеді. Ал мұндай жағдай орын алса, әдетте бұл жаңалық барлық сегменттерге, соның ішінде акцияларға қолайсыз әсер етеді», — дейді Intelligent Wealth Solutions аға портфель менеджері Рэнди Флауэрс. — «Ең бастысы — бұл үрдіс жалғаса ма, соған назар аудару керек». Оның пікірінше, қазынашылық облигациялар кірістілігінің өсуі акция нарығын тежейтін факторға айналуы мүмкін.
Басқа да сарапшылар пікірі
Мамыр айында инвестициялық компания KKR АҚШ-тың мемлекеттік облигациялары инвестор портфеліндегі тәуекелдерден қорғайтын сенімді құрал мәртебесінен айырыла бастағанын ескертті: енді олар акциялар арзандағанда бұрынғыдай қымбаттамайды.
Тәуекелден қашу кезеңдерінде мемлекеттік облигациялар енді дәстүрлі портфельдегі «амортизатор» рөлін атқара алмайды, деп жазады KKR сарапшылары.








