Алғыс айту күніндегі онлайн сауда 6%-ға өсуі мүмкін. Бұл неге маңызды?

АҚШ-та Алғыс айту күні онлайн сауда көлемі бір жылда 6%-ға артып, 8,6 миллиард долларға жетуі мүмкін. Мұндай болжамды Reuters агенттігі Salesforce мәліметтеріне сүйеніп жазды. Salesforce — дүние жүзі бойынша бөлшек сауда деректерін бақылайтын компания. Сарапшылар мұны тұтынушылар мерекелік жеңілдіктерді белсенді пайдаланып жатқанының белгісі деп бағалайды, әсіресе импорттық баж салығы сияқты экономикалық белгісіздік жағдайында.
27 қараша күні түске дейін америкалықтардың онлайн шығындары өткен жылмен салыстырғанда 5,8%-ға жоғары болды.
Бұл неге маңызды?
Алғыс айту күні мен келесі күнгі «Қара жұма» АҚШ-та дәстүрлі түрде мерекелік сауда маусымының басталуы саналады. Бұл кезең жылдық табыс пен сауданың үштен бір бөлігін қамтамасыз етеді. Биыл бұл маусым экономикалық белгісіздік пен сырттан әкелінетін тауарларға қойылған баж салығы аясында өтіп жатыр. Бұл салықтар сатушылар мен тұтынушылардың шығындарын арттырып отыр.
Сонымен қатар, АҚШ үкіметінің уақытша жабылуына байланысты экономика туралы ресми статистика жарияланбағандықтан, мерекелік сауда нәтижелері ФРЖ үшін балама дерек көзіне айналуы мүмкін. Barron’s басылымының пайымдауынша, «Қара жұмада» тұтынушылар әдетте теледидар сияқты ұзақ мерзімді немесе қажет емес заттарға мән береді. Бірақ экономика баяуласа, олар азық-түлік пен күнделікті қажетті заттарға көшуі мүмкін. Егер халық негізінен осындай заттарды сатып ала бастаса — бұл алаңдатарлық белгі болмақ.
Salesforce қыркүйекте 2025 жылдың мерекелік кезеңінде онлайн сауда өсімі 2024 жылмен салыстырғанда бәсеңдейтінін ескерткен. Компания қараша мен желтоқсан аралығында сауда 2,1%-ға өсіп, 288 миллиард долларға жетеді деп болжап отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4% болған, жалпы онлайн сауда көлемі — 282 миллиард доллар.
Сауда желілерінен түскен соңғы мәліметтерге қарағанда, тұтынушылар жалпы көңіл-күй әлсіз болса да, жақсы жеңілдікпен сыйлықтар, электроника, киім және басқа тауарларды сатып алуға дайын. АҚШ-тың Ұлттық бөлшек сауда федерациясының аптаның басында жасаған болжамы бойынша, Алғыс айту күнінен Кибер дүйсенбіге дейін бес күн ішінде 186,9 миллион адам сауда жасайды. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Алайда ұсыныстар азайып кеткендіктен, тұтынушылардың жалпы шығыны қысқаруы мүмкін.
Контекст
Өткен аптада АҚШ-тың ең ірі бөлшек саудагері Walmart жылдық табыс бойынша болжамын қатарынан екінші рет көтерді. Бұл тұтынушылық белсенділіктің бәсеңдеуінен қауіп азайғанын көрсетуі мүмкін. Walmart нәтижелері АҚШ тұтынушысының жалпы жағдайын көрсететін маңызды көрсеткіш болып есептеледі.








