Walmart сату болжамын көтерді. Бұл тұтынушы көңіл-күйі туралы не айтады?

АҚШ-тағы ең ірі бөлшек сауда компаниясы Walmart жылдық табыс болжамын қатарынан екінші тоқсанда арттырды. Бұл компанияның нәтижелері АҚШ тұтынушыларының жалпы жағдайының көрсеткіші ретінде қарастырылады. Сондықтан оң өзгеріс еңбек нарығы мен инфляциядағы белгісіздікке қарамастан тұтынушылық белсенділік бәсеңдейді деген алаңдаушылықты азайтып отыр. Сонымен қатар, компания акцияларының листингін басқа биржаға ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Егжей-тегжейі
Walmart 2025 жылға арналған табыс өсімін 4,8–5,1% деп жаңартты. Бұған дейін ол 3,75–4,75% болады деген еді. Түзетілген бір акцияға шаққандағы табыс бойынша да болжам көтерілді: енді $2,58–2,63 аралығында болады деп күтілуде (бұрынғысы — $2,52–2,62).
Walmart әртүрлі табыс деңгейіндегі тұтынушыларды тартады. Сондықтан оның көрсеткіштері инвесторлар үшін маңызды: олар АҚШ тұтынушысының ахуалын көрсетеді және Трамптың тарифтері бағаларға қалай әсер етіп жатқанын аңғартады. Bloomberg жазуынша, болжамның көтерілуі Walmart-тың әлі де бағаға сезімтал тұтынушылар арасында танымал екенін білдіреді. Бірақ компания шығындардың өсуімен бетпе-бет келіп отыр және алдағы айларда қосымша қысым болуы мүмкін.
Компанияның қаржы директоры Джон Дэвид Рейни: «Біз тұтынушылардың мінез-құлқын мұқият бақылап отырмыз, бірақ жалпы алғанда, бизнес жағдайына сенімдіміз» деді (Bloomberg дерегі).
Walmart-тың кейбір бәсекелестері (мысалы, Target және Home Depot) сатып алушылардың сақтықпен әрекет етіп жатқанын айтқан болатын. Алайда Walmart-тың соңғы деректері керісінше, еңбек нарығындағы баяулау мен бағаның өсуіне қарамастан тұтынушылық белсенділік бәсеңдеп жатқан жоқ екенін көрсетеді. Рейнидің айтуынша, америкалықтардың шығыны тұрақты. Тек төмен табысты отбасылар аз жұмсай бастаған, ал орта және жоғары табысты тұтынушылар бұрынғыдай немесе тіпті кей санаттарда көбірек жұмсап жатыр.
Компания тағы не хабарлады?
Үшінші тоқсанда Walmart-тың табысы $179,5 млрд болды. Бұл Уолл-стриттің $177,43 млрд болжамынан жоғары. Бір акцияға шаққандағы түзетілген табыс — 62 цент, ал сарапшылар 60 цент болады деп күткен (дерек: CNBC, LSEG). Мұндай нәтижеге онлайн сауданың екі таңбалы өсімі мен барлық табыс деңгейіндегі тұтынушылар ағыны себеп болды. Маңызды факторлардың бірі — жеткізудің қарқынды дамуы.
АҚШ-тағы дүкендердегі бағалар соңғы тоқсанда небәрі 1%-ға өсті. Бұл Walmart-тың тарифтерге байланысты инфляциялық қысымды тежеуге тырысып жатқанын көрсетеді. Компания шығындардың бір бөлігін өз мойнына алып, бір бөлігін тұтынушыға жүктейді және бағаны мүмкіндігінше ұстап тұру үшін жеткізушілермен жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Walmart өзінің акцияларын Нью-Йорк қор биржасынан (NYSE) Nasdaq-қа ауыстыратынын хабарлады. Сауда 9 желтоқсаннан басталады. Бұл NYSE тарихындағы ең ірі көшу болмақ. Компания тикері өзгермейді — WMT күйінде қалады.
Акциялар туралы не белгілі?
20 қарашадағы саудада Walmart акциялары 6%-дан артық өсіп, $107,37-ге жетті. Бұл кейінгі бір айдағы ең жоғары деңгей. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 18%-ға артты. Салыстырмалы түрде, S&P 500 индексі шамамен 15%-ға өсті.
MarketWatch дерегі бойынша, Walmart акцияларын бақылайтын сарапшылардың 95%-ы оларды сатып алуға кеңес береді (рейтингтер: Buy және Overweight). Орташа мақсатты баға — $115,5. Бұл қазіргі жабылу бағасынан 15% жоғары.








