Walmart бас директоры отставкаға кетеді. Оның тұсында акциялар төрт есе өсті

АҚШ-тың ең ірі бөлшек сауда желісі Walmart компаниясының президенті және бас директоры Даг Макмиллон қаңтар айының соңында қызметінен кетеді. Ол компанияны кеңею және технологиялық жаңғыру кезеңінде басқарды. Бұл туралы Walmart таратқан ресми хабарламада айтылды. Оның орнына қазіргі уақытта АҚШ-тағы Walmart бөлімін басқаратын Джон Фернер келеді.
Фернер 1 ақпаннан бастап жаңа қызметіне кіріседі. Ал Макмиллон директорлар кеңесінде келесі жылдағы акционерлер жиналысына дейін қалады. Бұл — басшылықтың ауысуын біртіндеп жүзеге асыру үшін жасалып отыр.
Бұл жаңалық шыққан соң, Нью-Йорк биржасында Walmart акциялары алдын ала саудада 2,7%-ға төмендеді. Бірақ жыл басынан бері олардың құны 13,5%-ға өсті. Келесі аптада компания тоқсандық қаржылық есебін жариялайды.
Макмиллон Walmart-тың бас директоры қызметіне 2013 жылдың қарашасында келген еді. Сол уақыттан бері компанияның акциялары төрт есе өскенін Axios басылымы атап өтті.
Басшылықтың ауысуы АҚШ экономикасына кедендік баж салығының қысым жасап отырған шағында және тұтынушылар мен үкімет тарапынан тауарлардың қолжетімділігіне деген талаптар артқан кезеңде болып жатыр, дейді Axios.








