Bank of America Walmart акцияларының 21% өсуін күтеді. Бұл жерде ЖИ неге маңызды?

Bank of America АҚШ-тағы ең ірі бөлшек сауда желісі Walmart акцияларының мақсатты бағасын көтеріп, олардың тағы 21% қымбаттауын күтеді. Сарапшы компанияның ЖИ қолданудағы көшбасшылығын және мықты қаржылық жағдайын атап өтті. Негізгі өсім факторларының бірі ретінде Walmart-тың фирмалық ЖИ агенті Sparky айтылды. Ол азық-түлік себетін автоматты түрде жинап, бағаларды салыстыра алады және басқа да ұқсас тапсырмаларды орындайды. 18 қыркүйектегі саудада Walmart акциялары тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті.
Егжей-тегжейі
Bank of America сарапшысы Роберт Омс Walmart акцияларының мақсатты бағасын 120 доллардан 125 долларға көтеріп, оларды сатып алуға кеңес берді (рейтинг Buy), деп хабарлайды CNBC. Бұл жаңа мақсат 16 қыркүйектегі жабылу бағасынан есептегенде 21% өсім мүмкіндігін көрсетеді.
Омстың айтуынша, Walmart ЖИ қолдануда көшбасшылардың бірі болып келеді. Компания «агенттік коммерцияға» — яғни, шешім қабылдап, тапсырмаларды орындай алатын ЖИ агенттерге ставка қойып отыр. Walmart-тың Sparky атты ЖИагенті қазір тесттен өтуде, алдағы апталарда нақты тапсырмаларды орындай бастайды. Сарапшы Walmart-тың артықшылықтарын атап өтті: бизнес ауқымы, онлайн және офлайн арналарының кеңдігі, 180 млн клиенттік базасы және ірі ЖИ-модельдер жасаушыларымен серіктестікке мүмкіндігі.
Сонымен қатар, Омс Walmart-тың тұтынушылық әлеуетін де жоғары бағалады. Компания Synchrony банкімен бірлескен несие картасын іске қосты, ол клиенттік адалдық бағдарламаларын күшейте алады. Ассортименттің шамамен үштен екісі АҚШ-та өндіріледі, бұл компанияны импорттық тарифтерден тәуелсіз етеді. Жастар арасында Walmart-тың жеке брендтеріне деген қызығушылық та өсіп келеді.
Компания жеткізу қызметін де күшейтіп отыр: азық-түлік сервистері қазірдің өзінде табыс әкелуде, АҚШ-тағы үй шаруашылықтарының басым бөлігіне 3 сағат ішінде, ал төрттен біріне 30 минут ішінде жеткізу мүмкіндігі бар. Омстың айтуынша, офлайн сатып алушылар мен онлайн тапсырыстарды жинайтын қызметкерлердің болуы Walmart-қа жылдамдық пен сапа жағынан артықшылық береді. Жаңа және жаңартылған дүкендердегі қосымша қоймалар логистиканы жеделдетіп, табысты арттыруға ықпал етпек.
Акциялар жағдайы
17 қыркүйекте Walmart акциялары 2,6%-ға өсіп, 106,1 долларға жетті. Бұл — компания тарихындағы ең жоғары баға. 2025 жылдың басынан бері Walmart-тың нарықтық құны 16%-дан астамға өсті. Салыстыру үшін: АҚШ-тың негізгі индексі S&P 500 осы уақытта 12%-ға өсті.
Басқа пікірлер
Қыркүйек басында Walmart акцияларының мақсатты бағасын Tigress Research те көтерген. Олар да таргетті 120-дан 125 долларға арттырып, «сатып алуға» кеңес берді. Tigress сарапшылары Walmart-тың инновацияларға көп қаражат салып жатқанын, соның ішінде генеративті ЖИ-ден бастап робототехникаға және нақты уақыттағы автоматтандыруға дейін назар аударылғанын атап өтті. Бұл тәсіл компанияға шығындарды азайтып, тиімділікті арттыруға, «ақылды» дүкендер ашуға және ауқымды жаңартулар жүргізуге көмектесуде. Сонымен қатар, Walmart онлайн мен офлайн сатылымдарды біріктіріп, клиенттер үшін тиімді ұсыныстарын кеңейтуде.
Walmart акцияларын бақылайтын сарапшылардың басым бөлігі оларды сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight). 40 сарапшының тек біреуі бейтарап Hold бағасын берген, ал сатуға кеңес бергендер жоқ. Орташа мақсатты баға — 114 доллар, бұл 16 қыркүйектегі жабылу бағасынан тағы шамамен 10% өсім болатынын көрсетеді.








