Goldman Walmart пен McDonald’s акцияларына бәс тігуде

Инвестбанк Goldman Sachs Walmart пен McDonald’s қағаздарын үздік инвестициялық идеялар тізіміне қосты. Бұл АҚШ экономикасы үшін алаңдатарлық белгі, өйткені тұтынушылардың сенімділігінің төмендеуі оларды арзан тауарлар мен қызметтер сегментіне итермелейді, деп жазады Barron’s. Мұны дискаунтер Dollar Tree-нің соңғы есебі де көрсетті, онда америкалықтардың, соның ішінде жоғары табысы барлардың да, үнемді саудаға бет бұруына байланысты сатылымдар өсетіні айтылған.
Егжей-тегжейі
Экономикалық жағдайдың нашарлауы McDonald’s пен Walmart сияқты компаниялардың акцияларына пайдалы болуы мүмкін, делінген Goldman Sachs-тың Barron’s келтірген талдамалық жазбасында. Инвестбанк бұл компаниялардың қағаздарын Conviction List деп аталатын үздік 22 инвестициялық идеялар тізіміне енгізді.
Қор нарығының өсуіне қарамастан, америкалықтардың басым бөлігі экономиканы әлі де пессимистік бағалайды. Мичиган университетінің тамыздағы тұтынушылық сенім индексі 58,2 балл болды — көктемгі деңгейден жоғары, бірақ соңғы онжылдықтағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Ал The Wall Street Journal-дың сауалнамасына сәйкес, материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндігі бар деп есептейтін америкалықтардың үлесі 1980-жылдардан бергі ең төменгі деңгейге жетті. Мұндай жағдайда тұтынушылар шығындарын қысқартып, үнемді тауарлар мен қызметтерге көшуде.
Goldman Sachs болжамын Dollar Tree-дің жаңа есебі де қуаттайды. Компания жылдық сатылым мен табыс болжамдарын көтерді, өйткені барған сайын көп америкалықтар, соның ішінде жоғары табысы барлар да, белгісіздіктер мен баждарға байланысты шығындарын азайтып жатыр.
McDonald’s
Жылдам тамақтану желісі әзірге нарықтан қалып келеді. FactSet дерегінше, кейінгі үш жылда McDonald’s акциялары небәрі 32% өсті, ал нарық жалпы 72% көтерілді. Фастфуд секторы қиындық көруде: еңбек пен өнім шығындарының өсуі компанияларды бағаларды көтеруге мәжбүр етті, ал инфляция тұтынушылардың төлем қабілетін төмендетті.
Соған қарамастан, McDonald’s екінші тоқсанда сарапшылардың күткеінінен асып түсті. 2 қыркүйекте компания қолжетімді комбо-жинақтарды (Extra Value Meals) қайта енгізетінін хабарлады. Мысалы, 5 долларлық шұжық қосылған таңғы ас пен 8 долларлық Бигмак түскі асы. Бұл үнемшіл тұтынушыларды тарту үшін жасалған қадам еді. Осы жаңалық аясында сауда ортасында акциялар шамамен 1% өсті.
Goldman қазіргі макроэкономикалық жағдай компанияға тиімді деп санайды. «McDonald’s көлемі, маркетингі және цифрлық қамтылуы арқасында тұтынушылық нарықтағы белгісіздіктен сәтті өте алады», — дейді банк сарапшылары. Олар акция бағасына мақсатты баға ретінде 355 доллар белгіледі, бұл ағымдағы құнынан 16% жоғары.
Walmart
АҚШ-тың ең ірі ритейлері мықты нәтижелер көрсетуде. Бұл, әсіресе, онлайн-сатылымдардың тез өсуімен байланысты, деп жазады Barron’s. Соңғы үш жылда компания акциялары 129% өсті, кең нарық индексінен озып. Енді қағаздар алдағы 12 айдағы акцияға шаққандағы болжамды табысқа қатысты ағымдағы баға коэффициентімен (P/E) 35 шамасында саудалануда — бұл соңғы жиырма жылдан астам уақыттағы максимум.
Goldman Walmart акцияларына мақсатты бағаны 114 доллар деңгейінде белгіледі, бұл ағымдағы бағадан 16% жоғары. «Walmart күнделікті төмен бағалар стратегиясының арқасында шығындар баждардың өсуіне байланысты көбейіп жатқан ритейл нарығында үлесін арттыруға жақсы бейімделген», — делінген талдамалық жазбада.








