Alibaba мен ByteDance ЖИ-модельдерін Nvidia чиптеріне қол жеткізу үшін шетелде оқытып

Financial Times-тың мәліметінше Alibaba, ByteDance сияқты Қытайдың ірі технологиялық компаниялары жаңа жасанды интеллект модельдерін Оңтүстік Азиядағы шетелдік дата-орталықтарда белсенді түрде оқыта бастады. Бұл оларға Қытайға жеткізуге тыйым салынған ең қуатты Nvidia ЖИ-чиптерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Егжей-тегжейлі
FT дереккөздерінің айтуынша қытайлық компаниялар, әдетте, Қытайға қатысы жоқ шетелдік ұйымдар басқаратын дата-орталықтардың қуатын жалға алады. Мұндай тәсілге Вашингтонның қазіргі талаптары тыйым салмайды: Джо Байден әкімшілігі дайындаған экспорттық бақылауды қатайтатын жаңа ереже кейінірек Дональд Трамп тарапынан күшін жойған.
Сингапур мен Малайзияда соңғы уақытта дата-орталықтар саны күрт көбейіп жатыр — оған қытайлық сұраныс түрткі. Көптеген орталықтарда АҚШ-тағы технологиялық алыптар қолданатын ең қуатты Nvidia чиптері орнатылған. «Мұнда келу — ең дұрыс таңдау. Ең озық ЖИ-модельдерді оқыту үшін үздік чиптер керек, ал бұл жерде бәрі заңға сай», — деді Сингапурдағы дата-орталық операторы FT-ге.
Бұндағы бір ерекше жағдай арзан әрі сапалы ЖИ-модельдер жасаумен танылған DeepSeek. Компания АҚШ тыйымдары күшіне енбей тұрып Nvidia чиптерінің ірі қорын жинап үлгергендіктен, модельдерін Қытайда оқыта береді. FT дереккөздері DeepSeek Қытайда Huawei компаниясымен бірлесіп, жергілікті ЖИ-чиптердің жаңа буынын дамыту және оңтайландыру бағытында тығыз жұмыс істеп жатқанын айтады.
Alibaba, ByteDance, DeepSeek және Huawei бұған қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Nvidia да пікір білдірмеді.
Контекст
Reuters-тің мәліметінше ByteDance жасаған Doubao чат-боты Қытайдағы ең танымал тұтынушылық ЖИ-қосымшаға айналды. Ал Alibaba-ның Qwen моделі бүкіл әлемдегі әзірлеушілер арасында кең таралған — 2025 жылдың ақпанында South China Morning Post хабарлағандай, ашық кодты үздік 10 ЖИ-модельдің барлығы Qwen негізінде жасалған.
Бұған дейін корпоративті ЖИ-бағытқа басымдық берген Alibaba қазір тұтынушылық нарыққа белсенді кіруде. Қараша айында компания Qwen чат-ботының мобильді нұсқасын іске қосты, оны бір аптада 10 млн адам жүктеп алған. 27 қарашада Alibaba Qwen-мен жұмыс істейтін алғашқы Quark AI смарт-көзілдірігін 3,8 мың юаньға ($536) сатылымға шығарды. Салыстырмалы Meta Ray-Ban Display бағасы — $799.
Акциялардың ахуалы
Alibaba акциялары Гонконг биржасының ашылуында 1,7% өсті, кейін өсім шамамен 1% деңгейінде тұрақтады. 2025 жылдың басынан бері компанияның бағалы қағаздары 80%-дан аса қымбаттаған.
FactSet деректері бойынша Alibaba акцияларын талдайтын 52 сарапшының 49-ы оларды сатып алуға кеңес береді (рейтингтері — Buy немесе Overweight). MarketScreener есебі қытайлық гиганттың акцияларында келесі 12 айда шамамен 25% өсу әлеуеті бар екенін көрсетеді.








