Alphabet — 2025 жылғы Mag7 топтамасындағы ең үздік акция, оның раллиі жалғаса ма?

Alphabet — Google-дың холдингтік компаниясы — 2025 жылы шамамен 60% өсім көрсетті, алайда аналитиктер компанияның әлеуеті әлі сарқылмады деп есептейді, деп жазады Barron’s. Бағалауы жоғары болғанымен, Google бизнесі табысын арттыруды жалғастырып, әсіресе бұлтты технологиялар бағытында мықты нәтиже көрсетіп отыр. Ал Gemini 3 ЖИ-моделінің таныстырылуы Google-дың жасанды интеллект жарысындағы жетекші ойыншылардың бірі екенін тағы дәлелдеді.
Егжей-тегжейлі
Barron’s инвесторларға Alphabet акцияларын иелік етсе, әзірге сатпауға кеңес береді: биылғы әсерлі өсуге қарамастан, қағаздардың раллиі жалғасады. Басылым Alphabet бойынша позицияны ұстап тұруды ұсынады.
Әдетте инвесторлар акциялар күрт қымбаттағанда қобалжып, пайдасын бекітуге ұмтылады. Алайда дәл қазір Barron’s бұл жолдан таймауға кеңес береді. Соңғы 12 айдағы 80%-дық серпіліс қайталануы екіталай, бірақ «сапалы және дұрыс басқарылатын бизнес» акциялардың әрі қарай да өсуіне негіз қалайды, деп жазады басылым.
«Акциялар $160-тан $300-ден жоғарыға дейін көтерілді және тартымдылығы төмендегендей көрінеді, — дейді Oakmark қорының басқарушысы Билл Найгрен. — Бірақ Alphabet әлі де біз әділ құн деп санайтын бағадан қымбат емес».
Тіпті 70% өсімнен кейін де Alphabet-ті технологиялық алыптармен салыстырғанда «қымбат» компания деуге келмейді, деп жазады Barron’s. Болжалды табысқа шаққандағы бағалау (P/E) бойынша ол «Ғажайып жетілік» ішіндегі «екінші ең қолжетімді» компания: Meta ғана арзанырақ (коэффициент 20).
Екі компанияны салыстыру айырмашылықты жақсы көрсетеді, деп атап өтеді басылым. Meta да, Alphabet те көп табыс табады және ЖИ-ға белсенді инвестиция құйып келеді. Бірақ нәтижелері бөлек: Meta-да табыстылық төмендеп жатыр — шығындары екі еседен көп өскен, маржа да құлдыраған. Ал Alphabet керісінше — барған сайын тиімді болуда. Үшінші тоқсанда салыққа дейінгі пайда 39% өсті, тиімділік те жақсарды. Шығындар да көбейді, бірақ олар пайданың өсуімен бірге өсуде, дейді Barron’s.
Alphabet-тің одан әрі өсі мүмкіндігі қандай
Акциялар өсуін жалғастыруы үшін Alphabet дәл осындай мықты нәтижелерді алда да көрсетуі керек, деп жазады Barron’s. Аналитиктер болжамына сенсек, 2025 жылы компанияның пайдасы акцияға шаққанда $10-нан асады, ал 2026 жылы — өсімді сақтау үшін — $12–13 деңгейіне жетуі қажет (қазіргі консенсус — шамамен $11). Бұл сценарий толықтай шынайы көрінеді, деп бағалайды басылым. Акцияларға негізгі драйвер Google Cloud болуы мүмкін, дейді New Street Research аналитигі Дэн Сэлмон. Уолл-стрит бағалауы бойынша 2026 жылы Google Cloud табысы $75 млрд-қа жетуі ықтимал — 2025 жылғы шамаланған $57 млрд-пен салыстырғанда айтарлықтай өсу.
Бұл күтілімдер ЖИ-ға деген тұрақты сұранысқа сүйенеді — ал сұраныс бәсеңдегенін көрсететін еш белгі жоқ. 18 қарашада таныстырылған Gemini 3 моделі Google-дың тек артта қалып қоймағанын, қайтадан көшбасшылыққа ұмтылып жатқанын көрсетті. Қай ЖИ-платформа абсолютті жеңімпаз болатынын болжау қиын, бірақ Alphabet технологияны табысқа айналдыруды талай мәрте дәлелдеген — Gemini 3 соның кезекті айғағы, дейді Билл Найгрен.
«Алғашқы пікірлер — нағыз «уау», — дейді сарапшы. — Таңғалатын ештеңе жоқ: мұндай ресурспен компания лидерлердің қатарында болмау үшін капиталды шынымен өте нашар басқару керек еді».
Evercore аналитигі Марк Мэхани Alphabet ЖИ-ді тиімді қолданып, бизнесінің барлық дерлік сегментінде жаңа табыс көздерін ашып жатқанын айтады. Акцияларды «айқын арзандап тұрған» деуге келмейді, бірақ олар әлі де тартымды.
«Google енді дәстүрлі DHQ (Dislocated High Quality) — бағасы төмендеп тұрған жоғары сапалы компаниялар — қатарына жатпайды, — дейді Мэхани. — Бірақ фундаменталды көрсеткіштері мен инновация қарқыны шынымен әсерлі». Ол акция бойынша мақсатты бағасын $325 деп қойды: бұл қазіргі деңгейден шамамен 9% жоғары.
Barron’s егер Alphabet үлесін портфельде азайту керек болса, оны тек қалыпты деңгейде жасауға болады, деп қорытындылайды. Уолл-стрит стратегтерінің пікірінше Alphabet-тің өсім әлеуеті әлі жоғары, әрі нарық бұны қолдап отыр. MarketWatch деректеріне сай, аналитиктердің басым бөлігі (74 маманның 63-і) акцияны сатып алуға кеңес береді, он адам — «ұстау», ал тек біреуі «сату» ұсынады.








