Alphabet капитализациясы Microsoft-ты басып озып, үштіктің қатарына кірді

Google-дің иесі Alphabet жұма күні капитализация бойынша Microsoft-ты басып озып, Nvidia мен Apple-ден кейін әлемдегі ең қымбат үш компанияның қатарына кірді. 21 қарашадағы саудада Alphabet акциясы 2,9% өсіп, оның нарықтық құны $3,6 трлн-ға дейін жетті, деп жазды CNBC. Ал Microsoft қағазы 0,8% төмендеп, капитализациясы $3,5 трлн деңгейінде қалды. Егер осындай динамика жалғаса берсе, 21 қараша сессиясы 2018 жылғы 30 тамыздан кейін Alphabet алғаш рет сауданы Microsoft-тан жоғары капитализациямен аяқтайтын күн болмақ, деп атап өтеді Barron’s Dow Jones Market Data деректеріне сүйеніп.
Alphabet қағазына не әсер етті?
Alphabet акциясы жыл басынан бері 59% қымбаттады. Бұған мына факторлар себеп: жасанды интеллектке деген ажиотаж, Google үшін әлдеқайда қатаң болар еді деп күтілген антимонополиялық істегі сот шешімі (ол тіпті Chrome браузерін сатуға әкелуі мүмкін еді), сондай-ақ үшінші тоқсандағы күшті қаржылық есеп, деп жазды Barron’s.
Қаржы нәтижелері қазан айының соңында жарияланғаннан кейін Alphabet котировкасы 10% өсті. Компания тарихында алғаш рет тоқсандық табысы $100 млрд межесінен асты — жылдық мәнде 16% артты. Google Cloud бұлтты бөлімшесінің сатылымы $15,2 млрд-қа жетіп, 34% өсті.
Технологиялық алыптың қағаздарына қызығушылықты әйгілі инвестор Уоррен Баффет басқаратын Berkshire Hathaway де арттырды — холдинг үшінші тоқсанда Alphabet-ке үлес сатып алған.
19 қарашада компания акциясы жаңа Gemini 3 жасанды интеллект моделінің таныстырылымынан кейін тарихи максимумға жетті. Уолл-стрит сарапшылары оны бірауыздан жоғары бағалап, Google алғаш рет ЖИ-бәсекеде алға шыққанын айтты. Акцияның өсуі нәтижесінде Google негізін қалаушы Ларри Пейдж Джефф Безосты басып озып, әлемдегі ең бай миллиардерлер тізімінде үшінші орынға көтерілді.
Forbes-тің күтуінше, келесі тоқсандық есепте Alphabet Gemini 3 нәтижелеріне басымдық береді. MarketWatch тіпті анонсқа дейін-ақ бұл релиз компания акциясының өсуіне түрткі болуы мүмкін екенін жазған еді.
Microsoft акциясы жаздан бері қозғалыссыз, бірақ жыл басынан бері S&P 500 индексімен шамалас 11% өсім көрсетуде. Компанияның Alphabet-ке үшінші орынды беруі Microsoft-тың әлсіздігін емес, Google-дың жетістігін көрсетеді, деп жазды Barron's.








