Alphabet акциясы арзандады: сарапшылар өсім күтеді. ChatGPT қаупі асыра айтылған ба?

Alphabet компаниясының (Google-дің иесі) акциялары қазіргі уақытта ұзақ мерзімді инвесторлар үшін «тартымды кіру нүктесі» болып тұр, деп мәлімдеді Jefferies. Компанияның жасанды интеллект саласындағы бәсекеге қабілеттілігіне қатысты инвесторлардың алаңдаушылығы тым әсіреленген деген пікірде. Бұл бағалаумен Citizens аналитиктері де келіседі. Олар Alphabet акцияларының шамамен 20 пайызға өсуінен үмітті. Бұл ретте компания «Керемет жетілік» қатарындағы ең нашар нәтиже көрсеткендер қатарында.
Егжей-тегжейі
2025 жылдың басынан бері Alphabet акциялары 8 пайыздан астам арзандады. Бұл «Керемет жетілік» компаниялары ішінде Tesla мен Apple-ден кейінгі үшінші ең нашар көрсеткіш. Осы уақыт ішінде Nasdaq 100 технологиялық индексі керісінше, 6,5 пайызға өсті. Alphabet акцияларының осындай әлсіз серпіні инвесторлардың ЖИ тақырыбынан шаршағанын және осы салада компанияның бәсекеге қабілеттілігіне күмәнданатынын білдіреді, деп жазады Yahoo Finance.
Соған қарамастан, екі бірдей сарапшы акциялардың кем дегенде 20 пайызға өсетінін болжады. Бұл өсім жасанды интеллект саласындағы жетістіктермен байланысты.
Jefferies сарапшысы Брент Тилл Google-дің бас компаниясы акцияларын сатып алуға кеңес беріп, мақсатты бағаны 210 доллар деңгейінде қалдырды. Бұл 26 маусымдағы жабылу бағасынан 20 пайыз жоғары. Ал Citizens сарапшысы Эндрю Бун компания акцияларына берілген бағасын «нарықпен тең» деңгейден «нарықтан жоғары» деңгейіне көтеріп, яғни сатып алуға кеңес берді. Ол мақсатты бағаны 220 доллар деп белгілеп отыр. Бұл баға 27 маусымдағы жабылу бағасынан 26 пайызға жоғары.
Jefferies не дейді?
Брент Тилл Alphabet-тің жасанды интеллект саласындағы жетекші тұтынушылық компаниялардың бірі екенін дәлелдейтін бес негізгі себепті атады. Оның айтуынша, Google-дің бәсекеге қабілеттілігіне қатысты қауіптер тым әсіреленген, ал акциялардың қазіргі бағасы ұзақ мерзімді инвесторлар үшін тиімді.
– ChatGPT және Perplexity сияқты чат-боттармен бәсекеге қарамастан, Google іздеу жүйесі 90 пайыз нарық үлесін сақтап отыр. Ал компания енгізген AI Overviews функциясы айына 1,5 миллиард пайдаланушыны тартқан.
– YouTube — Alphabet-тің әлі де толық бағаланбаған активі. Netflix-тен 30 пайызға көп табыс әкелетін бұл платформа видео контентке деген сұраныстың жоғары болуына байланысты үлкен әлеуетке ие.
– Alphabet-тің Gemini тілді моделі ChatGPT-дей танымал болмаса да, ай сайын 480 триллион мәтін бірлігін өңдейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 есе көп көрсеткіш.
– Google Cloud бұлтты бизнесі әзірге Amazon мен Microsoft-тан артта. Бірақ ЖИ инфрақұрылымындағы жетекшілігі мен АҚШ үкіметімен келісімшарттары бұл бағытта үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Alphabet-тің операциялық маржасы 40 пайызға жетті. Компания қолында 84 миллиард доллар бар. Бұл акцияларды кері сатып алу мен инвестиция үшін жеткілікті.
– EV/EBITDA мультипликаторы бойынша акциялардың бағалануы — 11. Бұл 10 жылдық орташа мәннен (12,4) және соңғы максимумдардан (15) төмен. Осы себепті акциялар әлеуетті табыс пен тәуекел арақатынасы тұрғысынан тиімді.
Citizens не дейді?
Citizens сарапшысы Эндрю Бун да Alphabet акциялары ЖИ саласының өрлеуі аясында алдағы айларда айтарлықтай өсуі мүмкін дейді. Оның пікірінше, ChatGPT Google-дің нарық үлесін әлі айтарлықтай тартып алған жоқ.
Google жүйесіндегі жасанды интеллект функциясы іздеудің ауқымын кеңейтіп, әртүрлі сұраныс түрлерін қамтып, қолданушы ниетін нақтырақ түсінуге көмектеседі. Бұл монетизацияны да арттырады. Бун үшінші тоқсанда бұл функцияны ай сайын 4 миллиард адам қолданады деп болжайды. Ал бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 1,5 миллиард еді.
«AI Overviews АҚШ-та мамырда іске қосылғаннан бері іздеу сұраныстарының көлемі 10 пайызға өсті. Яғни, ChatGPT үлесті азайтқаннан гөрі, ЖИ іздеуді жиі қолдануға итермелеп отыр», — деді Бун. Осыған байланысты ол Alphabet-тің іздеуден түсетін табысы екінші жартыжылдықта артады деп болжайды.
27 маусымдағы сауда-саттықта Alphabet акцияларының бағасы көп өзгерген жоқ. Компания акцияларына рейтинг берген 72 сарапшының ешқайсысы оларды сатуға кеңес бермейді. 60 сарапшы сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight), қалғандары ұстай тұрған (Hold) жөн деп отыр. Акциялардың орташа мақсатты бағасы — 199,5 доллар. Бұл 26 маусымдағы жабылу бағасынан 15 пайызға жоғары.








