БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Alphabet табысы болжамнан асты, бірақ ЖИ-ға шығынның өсуі инвесторларды алаңдатты

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Alphabet табысы болжамнан асты, бірақ ЖИ-ға шығынның өсуі инвесторларды алаңдатты

Google-дың холдингтік компаниясы Alphabet жасанды интеллект бумының арқасында екінші тоқсанда мықты сату көрсеткіштерін көрсетті. Алайда бұл жетістікке компания қомақты қаржы жұмсау арқылы жетіп отыр. Енді компания басшылығы жасанды интеллект саласындағы көшбасшылықты уыстан шығарып алмау үшін миллиардтаған доллар инвестиция салу қажеттігін инвесторларға дәлелдеуге мәжбүр.

Егжей-тегжейлі

Alphabet өз есебінде 2025 жылы компанияның күрделі шығындары 85 миллиард долларға жететінін хабарлады — бұл бұрын жоспарланғаннан 10 миллиард долларға артық. Есеп жарияланғаннан кейін компания акциялары постмаркетте қысқаша төмендегенімен, тез арада қайта өсіп, қосымша сауда сессиясын 1,8% өсіммен аяқтады. Акциялар Alphabet бас директоры Сундар Пичаи инвесторлармен және сарапшылармен өткізілген конференц-қоңырау барысында қосымша шығындардың орынды екенін мәлімдегеннен кейін қайта қалпына келді, деп хабарлайды Bloomberg.

«Біздің ЖИ инфрақұрылымына құйған инвестицияларымыз бұлтты қызметтерді пайдаланатын клиенттердің өсіп жатқан сұранысын қанағаттандыру үшін шешуші мәнге ие», — деді Пичаи.

Соңғы тоқсан Alphabet үшін барлық негізгі бағыттар бойынша сәтті өтті. Серіктестерге төленетін төлемдерді есептемегендегі табыс көлемі 81,7 миллиард долларға жетіп, Bloomberg сарапшылары болжаған 79,6 миллиардтан әлдеқайда асып түсті. Google Search іздеу жүйесінің сатылымы 54,2 миллиард долларды құрап, Уолл-стриттің 52,9 миллиард долларлық күткенінен жоғары болды. Сондай-ақ Alphabet үшін маңызды табыс көзі саналатын YouTube платформасы да ерекшеленді — стриминг саласындағы көшбасшылығы мен подкасттарға инвестицияларының арқасында бейнехостинг 9,8 миллиард доллар табыс әкелді (күтілгені — 9,6 миллиард).

Google Cloud бұлтты бөлімшесі де Уолл-стрит болжамынан асып түсті: операциялық пайдасы 2,8 миллиард, ал табысы 13,6 миллиард долларға жетті. Bloomberg атап өткендей, дәстүрлі іздеу жүйесінің өсімі баяулаған тұста дәл осы бұлтты қызмет Alphabet-тің негізгі өсу драйверіне айналып отыр.

Бір ғана көңіл көншітпеген бағыт — Other Bets («Басқа жобалар») атты эксперименттік бөлімше болды. Оның құрамындағы Waymo роботакси жобасына қарамастан, түсім 373 миллион долларды ғана құрап, күтілген 429,1 миллионнан төмен болды.

Сарапшылар не дейді

OpenAI, Microsoft, Meta Platforms және басқа да ірі ойыншылар ЖИ-ға белсенді инвестиция салып жатқандықтан, Alphabet те олардан қалуға хақысы жоқ, дейді Forrester сарапшысы Нихил Лай. Оның айтуынша бұл жарыс Google үшін аса маңызды: бәсекелестер тұтынушыларға Google-дың дәстүрлі іздеу жүйесінен де тартымды болатын чат-боттар жасап жатыр.

«OpenAI-дің арқасында Google жасанды интеллект инфрақұрылымы мен қосымшаларына орасан зор қаражат жұмсауға мәжбүр», — деді Лай.

Synovus Trust Company аға портфельдік басқарушысы Дэниел Морганның айтуынша өткен тоқсандағы Google Search сату көрсеткіштерінің мықтылығы ChatGPT Google-дың іздеу трафигін тартып алады деп қауіптенген инвесторлардың көңілін жайландыруы тиіс, деп жазды MarketWatch.

Контекст

Инвесторлар Google-ға қарсы қозғалған монополияға қарсы істің салдарына алаңдаулы. Бұл іс компанияның интернеттегі іздеу нарығындағы үстемдігін шектеуі мүмкін. АҚШ соты тамызда Google-ға белгілі бір шектеулер қоя ма, соның ішінде ЖИ саласындағы бәсекелестігіне де әсер ететін шешім қабылдауы мүмкін.

АҚШ Әділет министрлігі бұл істі 2020 жылы қозғап, Google-ды Chrome браузерін сатуға, Apple-ге «әдепкі іздеу жүйесі» мәртебесі үшін төлеуді тоқтатуға және бәсекелестермен деректермен бөлісуге міндеттеуді талап еткен.

Google бұл талаптарға қарсы шығып, Әділет министрлігінің ұстанымы «үкімет тарапынан бұрын-соңды болмаған араласуға» әкелетінін, бұл өз кезегінде америкалық тұтынушыларға, әзірлеушілерге және шағын бизнеске зиянын тигізіп, АҚШ-тың жаһандық экономикалық және технологиялық көшбасшылығын қауіпке тігетінін мәлімдеді.

Cantor Fitzgerald сарапшылары Alphabet акциялары бойынша «бейтарап» ұсынысын сақтап отыр, себебі компанияға қатысты монополияға қарсы істің шешімі әлі белгісіз, деп жазады Forbes.

Bank of America өткен аптада бұл істі «барлығы қойғысы келетін, бірақ Google әзірге жауап бере алмайтын сұрақ» деп атады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары