БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Алтын унциясы $4000-нан қымбаттады. Уолл-стрит неге бұған алаңдай бастады?

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Алтын унциясы $4000-нан қымбаттады. Уолл-стрит неге бұған алаңдай бастады?

8 қазанда алтынның споттық бағасы трой унциясына $4000 межесінен асып, алғаш рет осы деңгейде орнықты. Баға шамамен 1,4%-ға өсіп, $4040-қа жетті, деп хабарлайды Bloomberg. 2025 жылдың басынан бері бағалы металдың құны шамамен екі есеге өскені қаржы нарығының тәжірибелі қатысушыларын күмәнге қалдырды. Алайда инвесторлар бұл ескертулерге әзірше мән бермей отыр.

Егжей-тегжейлі

Алтын бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етуде. Пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі, саяси және экономикалық белгісіздік, орталық банктердің белсенді сатып алуы, алтынмен қамтамасыз етілген биржалық қорларға (ETF) капитал ағымы және доллардың әлсіреуі, деп жазады Reuters. Сарапшылардың айтуынша, «жіберіп алу қорқынышы» (FOMO) да алтын раллиін күшейтіп отыр.

2025 жылы алтын ең табысты активтердің біріне айналды: қаңтардан бері оның спот бағасы 53%-ға өсті — бұл 2024 жылғы жалпы өсімнен екі есе көп. Қазір нарықта алтынға сенім соншалық, келесі мақсатты деңгей ретінде $5000 белгісі атала бастады, дейді Reuters-ке сұхбат берген тәуелсіз металдар трейдері Тай Вонг.

2025 жылғы алтын раллиінің ерекшелігі — ол қаржы нарығындағы күйзелістермен емес, басқа факторлармен байланысты. The Wall Street Journal атап өткендей, биылғы өсім қарқындылығы коронавирус пандемиясының алғашқы жылындағы немесе 2007–2008 жылдардағы рецессия кезіндегі көрсеткіштерден жоғары, тек 1979 жылғы инфляциялық шоктан кейінгі деңгейге ғана жол береді.

Миллиардерлердің ескертуі

Citadel компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Кен Гриффин «АҚШ институттарына және долларға деген сенім әлсіреп, инвесторлар алтынды доллардан қауіпсіз актив деп қабылдай бастағаны» қатты алаңдататынын айтты. «Біз доллардан тыс активтердің құны айтарлықтай өсіп жатқанын байқаймыз», — деді ол Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында. Гриффин америкалық экономиканы «жасанды өсім жағдайында» деп сипаттады.

Bridgewater Associates негізін қалаушы миллиардер Рэй Далио да Гриффинмен келіседі: оның пікірінше, инвесторлар жиі алтынды доллардан артық көреді. Далио инвесторларға портфельдерінің 15%-ға дейінгі бөлігін алтынға бөлуге кеңес берді. Ол қазіргі нарықтық жағдайды 1970-жылдардың басындағы кезеңмен салыстырды, сол кезде де қарыз деңгейі жоғары болып, ақша-несие саясатына деген сенім төмендеген еді.

«Алтын — портфельді әртараптандыру үшін тамаша құрал. Стратегиялық активтерді бөлу тұрғысынан қарағанда, портфельдің шамамен 15%-ын алтынға сақтау орынды... себебі бұл актив портфельдің басқа бөлігі құлдырағанда жақсы нәтиже көрсетеді», — деді Далио Коннектикуттағы экономикалық форумда CNBC келтірген мәлімдемесінде.

Далионың кеңесі дәстүрлі қаржы кеңесшілерінің ұсыныстарынан өзгеше: олар әдетте клиенттеріне портфельдің негізгі бөлігін акциялар мен облигацияларға орналастыруды, ал алтын мен өзге де табыс әкелмейтін шикізат активтеріне аз ғана үлес бөлуді ұсынады, деп жазады CNBC.

Алтынға скептикалық көзқарастағы ең танымал тұлғалардың бірі — Berkshire Hathaway негізін қалаушы Уоррен Баффет. Ол акционерлеріне жазған хаттарының бірінде алтынды «пайда әкелмейтін актив» (sterile asset) деп атаған. Баффеттің өзі «өндірістік активтерге — бизнеске, ауылшаруашылық жерлеріне немесе жылжымайтын мүлікке» инвестиция салуды жөн көреді.

Алтынның болашағы қандай?

Barron’s басылымының жазуынша АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі төмендетуі алтын бағасына жаңа серпін беруі мүмкін. Себебі алтын пайыздық табыс әкелмейді, сондықтан қарыз алу құны азайған сайын ол облигациялар немесе депозиттер сияқты «қауіпсіз айлақтармен» салыстырғанда тартымдырақ бола түседі.

6 қазанда Goldman Sachs алтын бағасына қатысты болжамын жаңартты: енді банк 2026 жылдың желтоқсанына қарай оның унциясы $4900 деңгейіне жетеді деп күтуде (бұған дейінгі болжам — $4300).

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары