Бір унция алтын бағасы алғаш рет 4000 доллардан асты. Өсуі жалғаса ма?

Алтын бағасы жаңа шекке жетті: саудада ең белсенді жүрген фьючерстік келісімшарт алғаш рет қысқа уақытқа болса да, унциясына 4000 доллардан асты. Кейін аздап төмендеп, қазіргі уақытта унциясы 3995 доллар болып тұр.
Алтын бағасының өсуіне не әсер етті?
Бағаның көтерілуіне кейінгі күндері әлемдегі үш ірі экономиканың саяси тұрақсыздығы әсер етті. Францияда – үкіметтік дағдарыс, АҚШ-та – бюджет тоқтап тұр (шатдаун), ал Жапонияда биліктегі Либерал-демократиялық партия премьер-министр етіп Санаэ Такаитиді сайлады. Бұл елде бюджет саясаты жұмсара түседі деген болжам бар, деп жазады Barron’s.
Биыл жалпы алғанда алтын бағасы 50%-дан астам өсті. Бұл – 1979 жылдан бергі ең жоғары өсім. Ол жылы Ирандағы төңкеріс, Кеңес Одағының Ауғанстанға басып кіруі және Батыстағы инфляция алтынға сұранысты арттырған еді.
Алда не болады?
Алтын бағасына қосымша қолдау көрсететін фактор – АҚШ Федералдық резерв жүйесінің мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі. Қарыз алу құны азайғанда, табыс әкелмейтін алтын облигациялар мен депозиттер сияқты активтерге қарағанда тартымдырақ болады, деп жазады Barron’s.
Еңбек нарығы баяулап жатқанда, инвесторлар мөлшерлеменің жақын айларда төмендейтініне сенімді. CME FedWatch мәліметінше, трейдерлер ФРС жыл соңына дейін мөлшерлемені 0,5 пайыздық тармаққа түсіреді деген ықтималдылықты 80% деп бағалап отыр.
UBS сарапшылары өткен аптада жариялаған жазбасында: ФРС саясатының жұмсаруы, доллардың әлсіреуі және саяси тұрақсыздық алтын бағасының өсуін жалғастыратынын айтты. «Біз енді биыл алтынға 830 метрлік тонна инвестиция түседі деп күтеміз. Бұл — жылдың басындағы 450 тонна деген бастапқы болжамнан екі есе көп», – делінген инвестбанк хабарламасында. Сарапшылар алтын үшін басты қауіп ретінде АҚШ экономикасының тез өсуін және күтпеген инфляция жағдайында ФРС мөлшерлемені қайта көтеру мүмкіндігін атады.
Goldman Sachs дүйсенбі күні алтын бағасына қатысты болжамын жаңартты. Reuters-тің хабарлауынша, банк 2026 жылдың желтоқсанына дейін алтын бағасы 4900 долларға дейін жетуі мүмкін деп отыр. Бұған ETF қорларына қаражаттың көптеп құйылуы және алдағы үш жылда орталық банктер алтын сатып алуды жалғастырады деген болжам негіз болған. Goldman бұл көрсеткіш алдағы уақытта да қайта қаралуы мүмкін екенін ескертті.








