«Алып көпіршік»: 2008 жылғы дағдарысты болжаған экономист нені ескертуде?

2008 жылғы жаһандық дағдарысты алдын ала болжаған экономист Дэвид Розенберг АҚШ қор нарығының бағалары шектен тыс жоғары деңгейге жеткенін айтып, ескерту жасады. Оның айтуынша S&P 500 индексі «алып бағалық көпіршіктің» ішінде тұр және бұл жағдай тұрақты өсім әкелуі екіталай. Бұл инвесторлар үшін ескерту сигналы бола ала ма?
Қауіпті ұқсастықтар
Дэвид Розенберг нарық тым қымбаттап, шамадан тыс қызғанын айтады.
«Біз алып бағалық көпіршіктің ішіндеміз. Баға өсіп жатқан кезде негізгі экономикалық көрсеткіштер нашарлай бастаса, бұл — көпіршік екенінің нақты белгісі», — деді ол Business Insider-ге берген сұхбатында.
Розенберг — Уолл-стриттің ең танымал «аюлы» экономистерінің бірі, 30 жылдан астам тәжірибесі бар сарапшы. Ол 2008 жылғы дағдарысты дәл болжағаннан кейін кеңінен танылды. Ал өзінің мансабын 1987 жылғы «Қара дүйсенбіде» бастаған — сол күні Dow Jones индексі бір күнде 22%-ға құлдыраған. Қазір ол Rosenberg Research компаниясын басқарады және алдын ала көрсеткіштерге ерекше назар аударатын, нарықты сыни көзқараспен бағалайтын маман ретінде танымал. Сондықтан оның бүгінгі болжамдары инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Розенберг өзінің бағалауында CAPE (циклдік түзетілген баға/табыстың коэффициенті) көрсеткішіне сүйенеді. Бұл коэффициент акция бағасын компаниялардың он жыл ішіндегі орташа табысымен салыстырып, нарықтық циклдердің әсерін азайтады.
Оның айтуынша, CAPE 35 деңгейінен асқан сайын, келесі жылдарда нарық теріс табыстылық көрсетіп отырған. Қазіргі уақытта S&P 500 индексінің CAPE көрсеткіші — шамамен 37,5. Бұл — бүкіл тарихтағы үшінші ең жоғары мән. Бұрынғы екі жағдай:
1929 жылы, Ұлы депрессия басталар алдында;
2000 жылы, дотком көпіршігі жарылып, нарық ондаған пайызға құлдыраған кезде тіркелген.
Қауіп төнген кезде эйфория басым болуда
Розенберг тек CAPE көрсеткішімен ғана шектелмейді. Оның айтуынша табыстылық мультипликаторлары да шамадан тыс жоғары, ал корпоративтік нәтижелер бойынша болжамдар тым оптимистік.
Bank of America есебіне сәйкес бастапқы бағалау қор нарығының 10 жылдық табыстылығының 80%-ын түсіндіреді.
Morgan Stanley мен Goldman Sachs сарапшылары да 2024 жылы-ақ осындай деңгейде жоғары табыстылық күту орынсыз екенін ескерткен еді.
Розенбергтің ойынша жағдайды АҚШ экономикасының жалпы ахуалы нашарлата түседі.
Соңғы төрт айда жұмыс орындарының өсуі айына 100 мыңнан аз болды. Еңбек статистикасы бюросы бұрынғы деректерді қайта қарап, бір жылдың ішінде экономикада 911 мың жұмыс орнына аз құрылғанын көрсетті.
Ал бастапқы жұмыссыздыққа өтініштер саны 263 мыңға жетіп, сарапшылардың болжамдарынан асып түсті.
«Мұндағы арифметика қарапайым: егер өтініштер тұрақты түрде 240 мыңнан асып отырса, бұл жұмыс орындары өсіміне қысым жасайды. Мұны біз қыркүйек айының мәліметтерінен көреміз», — деп болжайды Розенберг.
Соған қарамастан, қор нарығындағы индекстер рекордтық көрсеткіштерге жетуде — бұл құбылысты Розенберг нарықтағы эйфорияның нақты белгісі деп санайды.
Оның айтуынша бағалар мен негізгі көрсеткіштер арасындағы мұндай айырмашылықтар ұзаққа созылмайды және көбінесе ауыр түзетулермен аяқталады.
Болжамдар әртүрлі: инвесторларға не істеу керек?
Розенбергтің атына жиі «мәңгілік аю» деген сипаттама беріледі — яғни оның көптеген болжамдары тым пессимистік және орындалмай қалған кездер де болған. Бірақ бүгінгі таңда оның көзқарасын нарықтағы басқа да беделді сарапшылар бөлісуде.
Мысалы, Джон Хассман, 2000 және 2008 жылдардағы құлдырауларды дәл болжаған инвестор, 2025 жылдағы нарықты «осы ғасырдағы үшінші ірі алып көпіршік» деп атап, ұзақ мерзімді табыстылықтың әлсіз болатынын болжайды.
Сонымен қатар, Business Insider тарихқа сүйене отырып, мынадай жайтты ескертеді:
қор нарығы көбінесе өзінің шарықтау шегінен кейін де өсуін жалғастыра береді.
Сондықтан оптимистік көзқарастағы мамандар инвесторларға қорқыныштан туындаған шешімдерден аулақ болуға және нарықтан асығыс шықпауға кеңес береді.
Розенберг болса, мүмкін болатын нарықтық түзетуге дайын болуды ұсынады.
Ол инвесторларды сақтыққа шақырып, портфельді тек секторлар бойынша емес, активтер класы бойынша да әртараптандыруды ұсынады.
Сенімділік үшін қолма-қол ақша және құнын сақтайтын қорғаныш құралдарын қолдануға кеңес береді.
Оның ерекше алаңдаушылығы — жасанды жадымен байланысты акциялардың раллиіне қатысты.
Экономист мұнда технологиялық көпіршіктерге тән қызудың белгілері бар екенін айтады.
«Біз қазір, белгілі бір дәрежеде, 1990 жылдардың соңын қайталап отырмыз. Ол кезде нарық шынайы жағдайдан қатты озып кеткен еді», — деді Розенберг Bloomberg-ке берген сұхбатында.
«Егер бұл көпіршік болмаса, онда бұл — алып жарылыс болмақ», — деп қосты ол.
Оның пікірінше, деректер орталықтары мен генеративті жасанды интеллектке байланысты технологияларға инвестициялық бум болмағанда, АҚШ экономикасы қазірдің өзінде рецессияға түскен болар еді.








