Amazon акциялары биыл бар болғаны 3%-ға өсті

Amazon жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және робототехника сияқты бағыттарға рекордтық 104 млрд $ инвестиция салып жатыр. Дегенмен оның акциялары биыл Meta мен Nvidia сынды жасанды интеллект алыптарының бағаларынан едәуір артта қалып келеді. Уолл-стрит жыл соңына қарай табыстың өсуі жеделдейді деп күтуде. Сарапшылар инвесторларға не кеңес береді?
Егжей-тегжейі
Жыл басынан бері Amazon акциялары небәрі 3%-ға ғана өсті. Ал Meta, Microsoft және Nvidia акциялары 20%-дан астамға қымбаттады. Amazon-ның капитал нарығындағы бұл баяу өсімі компанияның рекордтық инвестицияларына қарамастан байқалып отыр, деп жазады Bloomberg. Агенттік дерегінше, 2025 жылы Amazon-ның күрделі шығындары 104 млрд $ болады. Бұл S&P 500 индексіндегі кез келген компаниядан артық көрсеткіш.
Инвестициялар жасанды интеллектке де бағытталады. Amazon бұл саланы тиімділік пен табысты арттыратын негізгі фактор ретінде қарастырып отыр. Маусым айында компания Пенсильвания мен Солтүстік Каролинада деректер орталықтарын салуға кемінде 20 млрд $ инвестиция салатынын хабарлады.
Дегенмен Amazon-ның бизнесі әртараптандырылған болса да (бұлтты сервистен бастап жарнамаға дейін), компанияның негізгі табысы бұрынғыдай онлайн бөлшек саудадан түсіп отыр. Бұл салаға импорттық баж салығының артуы теріс әсер етуде, деп атап өтеді Bloomberg.
Агенттік сарапшыларының болжамынша, Amazon 31 шілдеде екінші тоқсан бойынша 1,32 $ табыс және 162 млрд $ көлемінде кіріс туралы есеп береді. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда сәйкесінше 4% және 9% өсім. Ал «Керемет жетілік» деп аталатын жетекші технологиялық компаниялардың орташа табыс өсімі 15%, ал кіріс өсімі — 12%, дейді Bloomberg Intelligence.
Amazon артта қалғанын қуып жете ала ма?
«Инвесторлар әзірге Amazon-ның жасанды интеллектегі жұмысын жоғары бағалап отырған жоқ», — дейді Janus Henderson активтерін басқарушысы Брайан Рехт Bloomberg-ке берген түсініктемесінде. Оның айтуынша, трейдерлер компанияның ЖИ-ді шынымен де пайда табу үшін тиімді пайдалана алатынына көз жеткізгісі келеді. Бұл тиімділік дәл осы тоқсанда айқынырақ көріне бастауы мүмкін.
Bloomberg атап өткендей, қазіргі басты назар Amazon Web Services бұлтты қызметіне аударылып отыр. Бұл бағыт ЖИ-ге деген сұраныстың артуынан үлкен пайда көре алады. Сонымен қатар, Рехттің пікірінше, бөлшек сауда бизнесі де ЖИ есебінен серпін ала алады. Жасанды интеллект жарнама мақсатты аудиториясына дәл бағытталуына, логистика мен қойма жұмысын оңтайландыруға көмектесуде.
Amazon сондай-ақ Rufus атты чат-ботын белсенді түрде ілгерілетіп жатыр. Бұл бот қолданушыларға тауар, баға мен пікірлер арасынан оңай бағдар табуға мүмкіндік береді.
Amazon үшін ең болашағы зор бағыттардың бірі — робототехника. Бұл сала логистика мен қойма қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыра алады. The Information дерегі бойынша, компания қазірдің өзінде адамға ұқсас роботтарды оқытуға арналған арнайы жаттығу алаңын салып жатыр. Бұл роботтарды алдағы уақытта жеткізу процесінде пайдалану жоспарлануда.
Bank of America сарапшыларының есебінше, мұндай автоматтандыру Amazon-ға 2032 жылға қарай жыл сайын 7 млрд доллардан астам үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Бөлшек сауда маржасы өте төмен. Сондықтан Amazon үшін тиімділікті арттыруға бағытталған барлық құралдарды қолдану маңызды», — дейді BCA Research компаниясының АҚШ акциялары бойынша бас стратегы Айрин Танкл. Оның айтуынша, жасанды интеллект пен робототехника қойма логистикасында орасан зор әлеуетке ие. Бұл технологиялар алдағы 5–10 жыл ішінде біртіндеп енгізіледі. Бірақ Amazon қазірдің өзінде бұл үдерістің қарқынын белгілеп отыр. Бұл компания үшін сөзсіз артықшылық.
Bloomberg жазуынша, Morgan Stanley сарапшылары да Amazon-ның бөлшек сауда бизнесін генеративті ЖИ-ден ең көп пайда көретін, бірақ әлі де дұрыс бағаланбаған бағыттардың бірі деп санайды.
11 шілдеде Morgan Stanley аналитигі Брайан Новак Amazon акциялары бойынша мақсатты бағасын 250 доллардан 300 долларға дейін көтерді. Ол сонымен қатар «Overweight» рейтингін сақтады. Бұл «сатып алуға ұсыныс» дегенді білдіреді.
Новактың жаңа болжамы бойынша, Amazon акцияларының құны қазіргі деңгейден тағы үштен біріне артуы мүмкін. Morgan Stanley Amazon акцияларын өз портфеліндегі басты инвестициялық нысана деп атады. Себебі оның AWS бұлтты платформасы 2025 жылдың екінші жартысында табыстың жедел өсуін қамтамасыз етеді және болашақта тұрақты табыс көзі болып қалады деп болжануда.
Morgan Stanley пікірінше, Amazon-ның Anthropic атты ЖИ-стартаппен серіктестігі де қосымша өсімге ықпал етеді. Компания бұл серіктестік арқылы Anthropic-ке инфрақұрылым жеткізуші рөлінде. Бұл ынтымақтастық жылдық табыс өсіміне кемінде 1,5 пайыздық пункт қосуы мүмкін.
71 сарапшының 69-сы Amazon акцияларын сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight рейтингтері). Қалған екеуі бейтарап позицияда (Hold), ал сатуға қатысты ұсыныстар мүлде жоқ.
Уолл-стриттің орташа болжамы бойынша, Amazon акциясының бағасы 246,7 $ болады. Бұл — 18 шілдедегі жабылу бағасынан 9%-ға жоғары.








