БастыReview
Бөлісу

Жаппай сатылым маңызды емес. Amazon-ның негізгі тірегі қандай?

Едіге  Қасымжан

Едіге Қасымжан

Жаппай сатылым маңызды емес. Amazon-ның негізгі тірегі қандай?

Amazon өткен аптада жылдың басты жаппай сатылымын – Amazon Prime Day-ді өткізді. Онлайн-сатылымдар компания үшін әлі де маңызды, бірақ сарапшылар бұл науқанды енді бүкіл Amazon экожүйесін қоректендірушісі ретінде қарайды. Енді инвесторлар нені қадағалауы тиіс?

Жаппай сатылым «дуэлі»

Биыл Amazon соңғы он жылда алғаш рет «Қара жұмаға» балама ретінде Prime Day жаппай сатылымын төрт күн қатарынан, 8 шілдеден 11 шілдеге дейінгі аралықта өткізді.

Prime Day алғаш рет 2015 жылғы 15 шілдеде өтті және бірден көптеген дәстүрлі жаппай сатылымдардан (соның ішінде Қара жұмадан) асып түсті. Уақыт өте келе бұл шара Amazon табысын көбейтетін негізгі драйверлердің біріне айналды.

Биылғы Prime Day АҚШ-тағы Amazon-ның басты бәсекелесі — Walmart компаниясымен жаппай сатылым «айқасына» айналды, деп жазды Financial Times. Walmart-тың ізімен Amazon да сатылым уақытын ұзартып, акциясын 8 шілдеге ауыстырғаны бәсекелесімен бір күнде бастау үшін жасалған қадам. Ал Walmart өз тарапынан сатылым мерзімін төрт күннен алты күнге дейін ұзартты және алғаш рет онлайнмен қатар 4,6 мың физикалық дүкенінде де жеңілдіктер жасады.

«Amazon мен Walmart — екі бөлшек сауда алыбы америкалық тұтынушылардың лоялдығын жеңіп алу үшін қызу күрес жүргізуде», — деді Financial Times-қа Emarketer сарапшысы Скай Канавес.

Жаппай сатылымнан не түйдік?

Bank of America деректеріне сүйенсек, былтырғы Prime Day Amazon компаниясына 48 сағат ішінде шамамен $13,4 млрд әкелген.

Prime Day-дің ұзақтығының 96 сағатқа ұзаруы — Amazon-ның логистикалық жүйесінің айтарлықтай күшейіп, тауар қоры жетіспеушілігіне ұшырамай, әлдеқайда үлкен тапсырыстар көлемін қабылдауға дайын екенін көрсетеді, деп жазды Bank of America сарапшылары 1 шілдедегі есебінде.

Мұндай жаппай сатылымдарды АҚШ-тағы тұтынушылық көңіл күйдің барометрі ретінде қарастыруға болады, деп жазады Bloomberg. Биыл Prime Day басталғаннан кейінгі алғашқы 4 сағат ішінде сатылым көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14% азайғанын Momentum Commerce компаниясы есептеп шықты. Бұл — тұтынушы сұранысының алғашқы легін көрсететін маңызды көрсеткіш. 2024 жылы, керісінше, сатылым бірінші күннің таңертеңгі және кешкі уақытында күрт өскен. Ал Adobe Analytics дерегінше, акцияның бірінші күнінде АҚШ-тағы онлайн-сатылым жылдық мәнде 9,9% өсіп, $7,9 млрд-қа жеткен. «Бұл — биылғы жылдың электронды саудасындағы ең үлкен күн болды», — деп қорытындылады Adobe сарапшылары. Салыстыру үшін айта кетсек, 2024 жылғы Рақмет айту күні өткен жаппай сатылымдар $6,1 млрд әкелген.

Биыл тағы бір маңызды дерек көзге түсті: сатып алушылардың 57%-ы тауарды сатып алмас бұрын бағаны салыстырған. Amazon-ға балама ретінде тұтынушылар ең көп таңдаған сауда алаңдарының қатарында Walmart, Target және супермаркеттер болды. Бұл туралы Prime Day кезінде сатып алу әрекеттерін бақылаған және 3,4 мыңнан астам тұтынушыны сауалға тартқан Numerator компаниясы хабарлады. Жаппай сатылымның алғашқы күндерінде сатып алынған тауарлардың үштен екісінен астамының бағасы 20 доллардан аспаған, ал ең танымал бес тауардың қатарына қағаз табақтар да кірді. Ең көп сатылған өнім — ыдыс жуатын сұйықтық. Бұл адамдардың әр тиынды үнемдейтінін көрсетеді, дейді Bloomberg.

Amazon үшін не маңызды?

2024 жылы Amazon компаниясының жалпы табысы $638 млрд-ты құрады. Электронды коммерция — компаниядағы ең ірі сегмент: былтыр ол жалпы табыстың шамамен 39%-ын әкелген. Алайда Bank of America бағалауы бойынша, бұл сегменттің операциялық рентабельділігі небәрі 5,4%, яғни оның пайдасы салыстырмалы түрде төмен, деп жазады FT.

Жаппай сатылым кезінде Amazon тұтынушылар мен клиенттерді компанияның басқа да бизнес бағыттарына тартады. Prime Day барысында платформаға жаңа үшінші тарап сатушылары қосылады — қазіргі таңда олар Amazon-дағы бөлшек сауданың 60%-ына жуығын қамтамасыз етіп отыр. Тауарларды сақтау мен тапсырыстарды өңдеу сияқты қызметтерден түсетін комиссия Amazon-ның электронды коммерциядан кейінгі екінші ірі табыс көзіне айналған. Бұл бағыт 2023 жылы $156 млрд-тан астам табыс әкеліп, компания кірісінің шамамен төрттен бірін құрады.

BofA бағалауынша, операциялық рентабельділігі 55% болатын Amazon-ның жарнама бизнесі де жаппай сатылым күндері қосымша серпін алады.

Сондықтан Amazon Prime Day-ді тек мүмкіндігінше көп тауар сату құралы ретінде емес, Amazon-ның ауқымды экожүйесін қолдайтын маңызды тетік ретінде қарастыру қажет, деп жазады FT.

Amazon-ның басты бизнесі

Инвестициялық банктердің пікірінше, Amazon-ның болашағы дамуы үшін ең маңызды бағыт — оның бұлтты қызметтер сегменті, яғни Amazon Web Services. Бұл сегмент әзірге табыс көлемі бойынша компанияда үшінші орында тұр (оның үлесі 16,95%). Дегенмен, былтыр AWS Amazon-ның операциялық пайдасының шамамен 60%-ын қамтамасыз еткен. FT 11 шілдеде жазғандай, «Prime Day компания үшін әлі де тиімді бизнес, бірақ бұрынғыдай басты оқиға емес».

AWS-тің жылдық табысы 2020 жылы $45,4 млрд, 2024 жылы $107,6 млрд-қа дейін өсті — бұл жасанды интеллект пен бұлтты қызметтер нарығының дамуымен байланысты.

2025 жылға болжанған табысы  $126 млрд деп бағаланса және оны Microsoft секілді 11 мультипликатормен есептесек, бұл сегменттің құны $1,4 трлн құрайды, яғни Amazon-ның жалпы құнының 57%-ынан астамы, деп FT 11 шілдеде жазды: «Prime Day — әлі де тиімді бизнес, бірақ бұрынғыдай басты оқиға емес».

JPMorgan мәліметінше, AWS компанияның негізгі өсім драйвері, оның жылдық табыс өсімі 17–18% деңгейінде. Банк болжамына сай, AWS сегментінің табысы биыл $125,7 млрд-қа, ал келесі жылы $148,3 млрд жетуі мүмкін.

2 шілдеде JPMorgan өз есебінде Amazon акцияларына «нарықтан жоғары» рейтингін сақтап, желтоқсанға дейінгі мақсатты бағасын $240 деп бекітті. Бұл 11 шілдедегі жабылу бағасынан (225 доллар) 6,67% жоғары.

Morgan Stanley 10 шілдеде Amazon акциялары бойынша мақсатты бағаны 250 доллардан 300 долларға көтерді. Бұл — акция бағасының қазіргі деңгейінен 33%-дан астам жоғары. Оптимистік (бұқалық) сценарий бойынша банк акциялардың 350 долларға дейін өсуін, ал пессимистік (аюлы) жағдайда 190 долларға дейін төмендеуін болжайды. «Amazon — біздің басты таңдаумыз болып қала береді», — делінген банк есебінде.

Morgan Stanley сарапшылары сондай-ақ акцияға шаққандағы табыс болжамын 2026 жылға $8, 2027 жылға $9 деп көтерді. Дегенмен, бұл — банк бұрын сауда баждары енгізілгенге дейін айтқан деңгейге қайта оралып отыр. Сәуір айында болжам $7,19 (2026) және $8,74 (2027) деңгейіне дейін төмендеген болатын.

Банктің пікірінше, AWS сегментінің жылдық органикалық табыс өсімі 16–19% аралығында сақталып тұр. Бұл — бұлтты шешімдерге сұраныстың тұрақты екенін көрсетеді (мысалы, Microsoft Azure-ге деген қызығушылық та артып жатыр). Morgan Stanley сарапшыларының ойынша, AWS одан да жылдам өсуі мүмкін. Amazon бұған дейін Claude жасанды интеллектін жасаған Anthropic компаниясына инвестиция салған. Қазір Anthropic Amazon-ның бұлтты платформасын негізгі ретінде пайдаланады. Оның AWS табысына қосқан үлесі шамамен 0,6 пайыздық пунктті құрайды және 2026 жылдың соңына дейін 1,5 пунктке дейін артуы мүмкін — бұл есептеу қуаттылықтарының кеңеюіне байланысты.

BNP Paribas 26 маусымдағы есебінде Amazon акцияларына деген рейтингін «нарықтан жоғары» деп жаңартып, мақсатты бағаны 200 доллардан 254 долларға көтерді. Бұл 11 шілдедегі жабылу бағасынан 12,9% жоғары.

Банк сарапшыларының айтуынша, алдағы жылдары Amazon-ның деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект инфрақұрылымына бағытталған капиталды шығындары айтарлықтай өседі. Бұл таза пайдаға қосымша қысым түсіреді. Алайда басқа компаниялардан айырмашылығы — Amazon бұл қысымды өтеу мүмкіндігіне ие. Себебі AWS пен жарнама бизнесі қазірдің өзінде компания табысының 28%-ын қамтамасыз етіп отыр және олардың жылдам дамуы кіріс пен пайданың өсуін қолдайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары