БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Amazon Anthropic-ке 1 млн ЖИ чипін жалға берді. Бұл компания үшін нені білдіреді?

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
Amazon Anthropic-ке 1 млн ЖИ чипін жалға берді. Бұл компания үшін нені білдіреді?

Электронды сауда мен бұлттық қызметтер саласының көшбасшысы Amazon стартап Anthropic 2025 жылдың соңына дейін арнайы жасалған ЖИ чиптердің 1 миллионын қолдануды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Қазірдің өзінде Anthropic Claude модельдерін іске қосу үшін Amazon-ның Trainium2 деп аталатын 500 мыңға жуық арнайы ЖИ чипін жалға алып отыр. Бұл Project Rainier деп аталатын ауқымды ЖИ кластерінің бір бөлігі. Ол Миссисипи мен Индиана штаттарындағы деректер орталықтарын қамтиды. Мұндай кластерлер мыңдаған арнайы чиптерді серверлерге, кейде тіпті бірнеше деректер орталығына біріктіріп, ЖИ модельдерді оқыту мен іске қосуға арналған біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді.

Amazon-ның айтуынша, биыл Anthropic-тің ЖИ-модельдері Trainium2 чиптерін 1 миллионнан аса мөлшерде қолдануға дейін кеңейтіледі. Бұл чиптер Project Rainier жобасында да, басқа деректер орталықтарында да орналастырылады.

Компания сондай-ақ Project Rainier бүгінде әлемдегі ең ірі ЖИ кластерлердің бірі екенін және толық іске қосылғанын мәлімдеді. Бұл кластердің құрылысы 2024 жылдың желтоқсанында басталған еді. Amazon бұлттық қызметін әрі қарай кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бұл неге маңызды?

Amazon бейсенбі күні тоқсандық есебін жариялайды. Инвесторлар компанияның ЖИ саласына құйып жатқан ірі көлемдегі инвестицияларына, әсіресе кең көлемдегі «ақ жағалыларды» қысқартумен қатар жүріп жатқанына ерекше назар аударады.

Amazon-ның бұл жаңалығы ЖИ-процессорларды бұлттық есептеулерге бейімдеу бағытындағы бәсекелестік күшейіп тұрған кезде жарияланды, деп жазады Yahoo Finance. Өткен аптада Anthropic Google-мен де келісімге келіп, олардың арнайы TPU деп аталатын 1 миллион ЖИ чипін пайдаланатынын хабарлады. Бұл келісім бірнеше миллиард доллар тұрады. Осы жағдайлар Amazon мен Anthropic арасындағы әріптестіктің болашағына қатысты сұрақтар туғызды. Сондықтан AWS бұлттық қызметінің жалға алу көлемінің екі есе артуы стартаптың Amazon-мен ынтымақтастықты жалғастыратынын көрсетіп отыр.

«Бұл Amazon үшін маңызды жаңалық. Себебі нарықта Amazon-ның ЖИ саласында Google сияқты инфрақұрылымдық артықшылығы жоқ деген пікір мен қауіп бар», — деді Hedgeye Risk Management сарапшысы Эндрю Фридман Yahoo Finance-ке. Оның айтуынша, бұл әріптестік AWS-ке жыл сайын бірнеше миллиард доллар табыс әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар Amazon мен Google-дың ЖИ әзірлеушілермен серіктестікті кеңейтуі осы саладағы жетекші чип өндіруші Nvidia-ға қысым түсіріп жатыр. Amazon мен Google сияқты ірі бұлттық қызмет көрсетушілер өздерінің жеке чиптерін дамытып, Nvidia-ға тәуелділікті азайтуда.

«Бүгінде ЖИ туралы ойлаған кезде, көп клиент алдымен Nvidia-ны еске алады, — деді Amazon Web Services вице-президенті Дэйв Браун Yahoo Finance-ке берген сұхбатында. — Бірақ баламалар саны артып келеді. Trainium — солардың бірі. Клиенттерде таңдау мүмкіндігі болуы маңызды».

2023 жылдан бері Amazon Anthropic-ке 8 миллиард доллар инвестиция құйды. Стартап Amazon чиптерін Claude атты ЖИ модельдерін оқыту мен іске қосу үшін пайдаланып келеді. Уолл-стритте ЖИ саласындағы ірі ойыншылар арасында жүріп жатқан «айналмалы мәмілелерге» қатысты алаңдаушылық артып отыр. Мысалы, Amazon мен Nvidia сияқты инфрақұрылым жеткізушілері өз клиенттеріне инвестиция салады, ал сол клиенттер кейін олардың өнімдері мен қызметтерін сатып алады. Бұл жағдай ЖИ-ға деген сұраныстың тым жоғары бағаланып жатқанынан қауіптендіреді және нарықта пайда болуы мүмкін жаңа «көпіршік» туралы алаңдаушылықты күшейтеді, деп түсіндіреді Yahoo Finance.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары