Миллиардер Билл Экман Amazon компаниясынан үлес сатып алды

Экманның Pershing Square компаниясы AWS бұлтты қызметіндегі өсімнің уақытша бәсеңдеуін және кедендік алымдарға қатысты белгісіздікті өткінші құбылыс деп есептейді.
Миллиардер Билл Экманның инвестициялық компаниясы Pershing Square Capital Management сәуір айында Amazon компаниясынан үлес сатып алды. Pershing интернет-дүкендер желісі мен бұлтты сақтау инфрақұрылымының иесін «ерекше бизнес» деп атап, акцияларды «ерекше тартымды бағамен», яғни олар 30%-дан артық арзандаған сәтте алғанын мәлімдеді. Сарапшылар Amazon-ның қазіргі акцияларына да оң баға беріп отыр: АҚШ-тың кедендік алымдарын уақытша жеңілдетуі компания үшін үлкен демеу болды дейді олар.
Егжей-тегжейі
Bloomberg агенттігінің жазуынша, Pershing Square инвестициялық қорының инвестициялар жөніндегі директоры Райан Исраэль 22 мамырда сарапшылармен кездесуде Amazon акциялары 30%-дан астам арзандаған соң сатып алынғанын айтты.
«Бұл сатып алуға өте сәтті уақыт болды, өйткені біз компанияның бұлтты бизнестегі бәсеңдеуге төтеп бере алатынына сенімді болдық», — деді Исраэль. Ол сонымен бірге Amazon жыл сайын акция кірісін 20%-дан астам тұрақты өсіріп келеді деп қосты.
Pershing Square басшылығы Amazon Web Services бұлтты қызметіндегі өсімнің баяулауы мен АҚШ енгізген кедендік алымдарға қатысты белгісіздікті уақытша қиындықтар деп есептейді. Amazon акцияларының P/E көрсеткіші 24,5-ке дейін төмендеген — бұл компания тарихындағы ең төменгі көрсеткіш. Осы сәтті қор тартымды мүмкіндік ретінде бағалаған.
Компания Amazon-ға қанша инвестиция салғанын ашып айтқан жоқ.
2025 жылы Amazon акциялары 4 ақпанда 242 $ деңгейіне жетіп, шарықтау шегіне шыққан. Алайда 21 сәуірге қарай 31%-ға арзандады. Бұған жасанды интеллект төңірегіндегі әуестік бәсеңдеп, 2 сәуірде АҚШ жаңа кедендік салықтар енгізгені себеп болды.
22 мамырда Amazon акциялары 1%-ға қымбаттап, 203,1$ деңгейінде саудаланды.
Компания жағдайы
Amazon бас директоры Энди Джэсси 22 мамырдағы акционерлер кездесуінде Трамп әкімшілігінің кедендік баждары тұтынушылық сұраныс пен бағаға әзірше айтарлықтай әсер етпегенін айтты (Bloomberg дерегі).
Алайда мамыр айының басында жарияланған есепте Amazon кедендік алымдар мен сауда саясаты алдағы тоқсанда нәтижеге қатты әсер етуі мүмкін екенін ескерткен. Өткен тоқсанның нәтижесі жақсы болғанымен, алдағы кезеңге болжам Уолл-стрит күткеннен әлсіз болды. AWS кірісі қатарынан үшінші рет болжамнан төмен болды, және бұл — жыл ішіндегі ең баяу өсім.
The Wall Street Journal жазуынша, өткен тоқсанда кедендік салықтар әсер етпегенімен, болашақтағы ықтимал қауіптер компанияның болжамын күңгірт еткен.
Акциялардың қайта қалпына келуінің негізгі себебі — АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің азаюы. Екі ел бір-біріне салынған салықтарды 90 күнге тоқтату туралы келіскен.
«Кедендік алымдар мен ықтимал рецессия жайлы қорқыныш бәсеңдеген соң Amazon акциялары қайта күшіне енді», — деді CNBC Investing Club сарапшысы Джефф Маркс (14 мамыр).
CNBC дерегінше, Amazon платформасындағы тауарлардың 30%-дан астамы Қытайдан келеді, сондықтан кедендік алымдарды азайту онлайн-бизнесті жеңілдетіп, жеткізу тізбегін тұрақтандырады дейді Bank of America сарапшылары.
Сарапшылар не дейді?
2025 жылдың басынан бері Amazon акциялары 7,5%-ға арзандаған, бірақ 7 сәуірдегі ең төменгі көрсеткішпен салыстырғанда 26%-ға қымбаттаған.
6 сәуірде Evercore ISI сарапшылары Amazon акцияларын «ең жақсы таңдау» деп атап, арзандаған сәтте сатып алуға кеңес берген.
15 мамырда New Street Research Amazon акцияларының мақсатты бағасын 290 доллардан 260-қа дейін төмендетіп, «сатып алу» ұсынысын сақтады. Сол күні Wolfe Research мақсатты бағасын 220 доллардан 240-қа дейін көтеріп, Outperform (нарықтан жоғары) рейтингін растады.
MarketWatch дерегі бойынша, 71 сарапшының 68-і Amazon акцияларын сатып алуға кеңес береді (58 — Buy, 10 — Overweight), ал 3-еуі «ұстап тұру» (Hold) керек дейді. Сатуға кеңес берген ешкім жоқ.
Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы —237,8 $, бұл 22 мамырдағы жабылу бағасынан 17% жоғары.








