Amazon мен Walmart стейблкойн шығармақ. Бұл инвесторларға қалай әсер етуі мүмкін?

Электронды сауда алыбы Amazon мен ең ірі бөлшек сауда компанияларының бірі Walmart АҚШ доллары немесе басқа ұлттық валюталарға бекітілген бағамы бар криптовалюта — стейблкойн шығаруды қарастырып жатыр. Бұл туралы The Wall Street Journal дереккөздері хабарлады. Мұндай қадам арқылы олар банк карталары арқылы төлем жасағаны үшін төленетін комиссия шығындарынан миллиардтаған доллар үнемдей алады. Сондай-ақ бұл дәстүрлі төлем жүйелеріне қысым түсіруі мүмкін. Осы жаңалықтан кейін Mastercard пен Visa акциялары 6–7% төмендеді.
Толығырақ
WSJ мәліметінше, Amazon мен Walmart АҚШ-та өздерінің жеке стейблкойндарын шығаруды талқылап жатыр. Стейблкойн — бағамы доллар немесе басқа ұлттық валютаға теңестірілген криптовалюта. Ол тұрақсыз криптовалюталарға (мысалы, биткоин) қарағанда, қаражатты сақтау және тұрақты есеп айырысу үшін қолданылады. Бұл компаниялар өз монеталарын онлайн саудада пайдалануды көздейді, бірақ қажет болған жағдайда сыртқы эмитенттердің стейблкойндарын қолдануы да мүмкін. WSJ дереккөздері мұндай монеталарды консорциум шеңберінде әріптестердің бірі шығаратын нұсқалар да қарастырылып жатқанын айтады. Expedia және кейбір әуе компаниялары да осындай бағытта қадам жасауды ойлап отыр.
Компаниялардың нақты шешімі АҚШ-та стейблкойн нарығын реттейтін Genius Act заң жобасына байланысты болады. Бұл жоба кейбір кезеңдерден өткен, бірақ күшіне енуі үшін Өкілдер палатасы мен Сенат мақұлдауы қажет.
WSJ атап өткендей, соңғы айларда сауда ұйымдары бұл заңды қабылдатуға белсенді күш салып жатыр. Мысалы, Merchants Payments Coalition ұйымы нақты ережелердің пайда болуы сатушыларға комиссия шығындарын азайтатын балама төлем құралын ұсынатынын алға тартады. Walmart заң жобасына кредиттік карталар нарығындағы бәсекені күшейтетін өзгеріс енгізуді қолдап отыр. Ал қарсы тараптар стейблкойндардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәуекелдеріне алаңдаулы. Дегенмен, жақтаушылар мұндай жүйе төлем құнын едәуір азайтып, есеп айырысуды жылдамдатады деп сенеді.
Walmart өкілі Bloomberg-ке түсініктеме беруден бас тартты. Amazon жауабын берген жоқ.
Бұл нені білдіреді?
Цифрлық төлем жүйесін іске қосу Amazon мен Walmart-тың банк карталары бойынша эмитенттерге төлейтін комиссия шығындарын қысқартып, дәстүрлі қаржы инфрақұрылымынан тыс есеп айырысуды көбейтуі мүмкін. Bloomberg атап өткендей, бұл Visa мен Mastercard табысына қатты әсер етеді. Сауда компаниялары дәстүрлі төлем жүйесіне балама іздеп жүргеніне бірнеше жыл болды, бірақ бұрынғы жобалардың көбі сәтсіз аяқталған.
Бұл жағдайдан қауіптенген банктер де өздерінің стейблкойндарын шығаруды қарастыра бастады. Bloomberg дерегінше, мұндай жобалармен Deutsche Bank пен Banco Santander айналысуда. Стейблкойн арқылы есеп айырысу кәдімгі банк аударымдарына қарағанда әлдеқайда жылдам жүреді. Кейінгілері кейде бірнеше күнге дейін созылып, компаниялар табысын кеш алады. Бұл әсіресе шетелдік жеткізушілері бар бизнес үшін өзекті мәселе.
Нарық қалай жауап берді?
13 маусым күнгі саудада Visa акциялары 7% төмендеп, 345 долларға дейін түсті. Бұл — сәуірден бергі ең ірі құлдырау және кейінгі екі жарым айдағы ең төменгі баға. Кейін баға сәл өссе де, 5% төмен күйінде қалды.
Mastercard акциялары да алғашында 6,2% төмендеді, кейін аздап түзелді.
Ал Walmart пен Amazon акциялары айтарлықтай өзгерген жоқ.








