Американың жұмсақ күші әлсіресе, АҚШ кімге жол беруі мүмкін?

АҚШ президенті Дональд Трамп — сыртқы саясатта «жұмсақ күштің» маңызын жоққа шығарған алғашқы америкалық көшбасшы. Бұл көзқарастың неге апарып соғуы мүмкін екенін Project Syndicate үшін Гарвардтағы Кеннеди атындағы жоғары басқару мектебінің бұрынғы деканы, «жұмсақ күш» тұжырымдамасының авторы Джозеф Най жазып шыққан. Ол 6 мамырда 88 жасында өмірден өтті. Бұл — Project Syndicate басылымындағы оның соңғы мақаласы.
Екі күштің үйлесімі
Күш дегеніміз — өзгелерді өз қалауыңмен әрекет етуге итермелеу. Мұны үш жолмен жасауға болады: мәжбүрлеу арқылы («таяқ»), сыйақы беру арқылы («сәбіз») немесе тарту арқылы («бал»). Алғашқы екеуі — қатқыл күштің көрінісі, үшіншісі — жұмсақ күш. Жұмсақ күш елдің мәдениеті, саяси қағидаттары мен сыртқы саясатынан туындайды. Қысқа мерзімде қатқыл күш жиі басым түседі, бірақ ұзақ мерзімді перспективада жұмсақ күш жиі жеңіске жетеді. Бұл тұрғыда Сталиннің: «Папаның қанша дивизиясы бар?» — деген кекесінді сұрағын еске алуға болады. Бүгінде Ватикан бар, ал Сталиннің Кеңес Одағы тарих сахнасынан жойылып кеткен.
Жалпы, сіз өзіңізге тартымды бола алсаңыз, «таяқ» пен «сәбізге» көп шығындалмайсыз. Егер одақтастарыңыз сізге сеніп, сізді жақсы ниетті деп қабылдаса, олар сіздің ұсыныстарыңызды жеңіл қабылдап, үлгі алады. Ал егер сізді жауапсыз, дөрекі деп көрсе, онда олар мәміле жасаудан қашқақтап, тәуелділікті азайтуға тырысады.
Оның айқын мысалы — Қырғи-қабақ соғыс кезіндегі Еуропа. Бір норвег тарихшысының жазуынша, Еуропа кеңестік және америкалық екі империяға бөлінді. Бірақ айырмашылық бар еді: америкалық ықпал — «шақырумен келген империя» болды. Бұл әсіресе 1956 жылғы Будапешт пен 1968 жылғы Прагадағы көтерілістерді Кеңес Одағы күшпен басып-жаншығанда көрінді. Ал НАТО болса, керісінше, тарамай, керісінше, жаңа ерікті мүше елдермен кеңейді.
Жұмсақ күшсіз қатаң күштің шығыны көп
Күшті дұрыс түсіну үшін оның әрі қатқыл, әрі жұмсақ қырларын ескеру қажет. Макиавеллидің айтуынша, ел билеушіге халықтың сүйіспеншілігінен гөрі, қорқынышы тиімді. Бірақ ең дұрысы — екеуін қатар ұстау. Жұмсақ күштің өзі жалғыз жеткіліксіз әрі оның әсері бірден байқалмайды, сондықтан саясаткерлер жиі қатқыл күшке — мәжбүрлеу немесе марапатқа жүгінуге бейім. Алайда тек қатқыл күшті қолдану өте қымбатқа түседі. Ал оны жұмсақ күшпен ұштастыра алу — ұтымды шешім. Мысалы, Берлин қабырғасы артиллериямен емес, қарапайым адамдардың қолындағы балғамен және бульдозермен құлады. Олар коммунизмге сенуден қалған, Батыстың құндылықтарына қызыққан.
Либералды тәртіп пен оның маңызы
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Америка әлемдегі ең қуатты елге айналды және өз құндылықтарын «либералды халықаралық тәртіп» арқылы орнықтыруға тырысты. Бұл жүйеге БҰҰ, Бреттон-Вуд экономикалық институттары және басқа да көпжақты ұйымдар кіреді. Иә, Америка бұл либералды қағидаттарға әрқашан толық сай бола бермеді, ал Қырғи-қабақ соғыс кезіндегі биполярлы әлем бұл жүйені жаһанның тек жартысына ғана жеткізе алды. Бірақ егер Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске фашистік державалар жетіп, өз құндылықтарын тықпалағанда, соғыстан кейінгі әлемдік жүйе мүлде басқаша болар еді.
АҚШ пен Қытай: Жұмсақ күш майданы
АҚШ-тың бұған дейінгі президенттері либералды халықаралық тәртіптің жекелеген тұстарын ғана бұзса, Дональд Трамп алғаш рет жұмсақ күшке түгелдей қарсы шыққан көшбасшы болды. Ол билікке оралған соң алғашқы қадамдарының бірі ретінде Париж климаттық келісімінен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДҰ) шықты. Бұл — климаттың өзгеруі мен пандемиялар секілді нақты қауіптерге қарамастан жасалған қадамдар.
Жұмсақ күштен бас тартудың салдары
АҚШ әкімшілігінің жұмсақ күштен бас тартуының салдары алдын ала болжанғандай-ақ. Мәселен, Дания немесе Канада сияқты демократиялық одақтастарды қысыммен иліктіруге тырысу — олармен арадағы сенімді әлсіретеді. Панамаға төндірілген қауіптер Латын Америкасында империализмнен қорқу сезімін қайта оятады. USAID агенттігінің (1961 жылы Джон Кеннеди негізін қалаған) жұмысының қиратылуы — АҚШ-тың жомарт ел ретіндегі беделіне соққы. «Америка дауысының» өшірілуі — авторитарлық қарсыластарға жасалған үлкен тарту. Одақтас елдерге тариф енгізу арқылы Америка өзін сенімсіз әріптес ретінде көрсетті. Ел ішіндегі сөз бостандығын шектеу АҚШ-тың моральдық беделіне нұқсан келтіреді. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.
Қытай жұмсақ күшке қаражат құйып жатыр
Трамп Қытайды АҚШ-қа төнген ең үлкен қауіп деп санайды. Ал Қытай, керісінше, 2007 жылдан бастап жұмсақ күшке белсенді түрде инвестиция салып келеді. Дәл сол жылы ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао Қытай Коммунистік партиясының жиынында елдің өзгелер үшін тартымды болуға тиіс екенін мәлімдеген еді. Алайда бұл жолда Қытай екі үлкен кедергіге тап болды:
1. Көптеген көрші елмен аумақтық даулары әлі де сақталып отыр;
2. Коммунистік партия азаматтық қоғамды қатаң бақылауда ұстайды.
Бұл саясаттың кері әсерін жаһандық қоғамдық пікірге арналған сауалнамалар көрсетеді: әр елдің халқы қандай мемлекеттерді тартымды деп санайтыны сұралады. Егер Трамп АҚШ-тың жұмсақ күшінен бас тартуды жалғастыра берсе, алдағы жылдарда мұндай сауалнамалар не көрсететінін тек болжауға ғана болады.
Қоғам мен мәдениет — жұмсақ күштің іргетасы
Иә, соңғы жылдары АҚШ-тың жұмсақ күші кезең-кезеңімен әлсіреп, қайта күшейіп отырды. Мәселен, Вьетнам мен Ирактағы соғыстар кезінде Америка көп елдерде танымалдығынан айырылды. Алайда жұмсақ күш тек үкімет әрекеттерінен емес, қоғам мен мәдениеттен туындайды. Вьетнам соғысы кезінде АҚШ-қа қарсы шерулерде жұрт «Біз жеңеміз» атты азаматтық құқықтарды қорғау әнін шырқады. Протест өткізуге мүмкіндік беретін ашық қоғамның өзі — жұмсақ күштің көрінісі. Бірақ алдағы төрт жылда биліктің жұмсақ күші құлдыраған шақта америкалық мәдениеттің жұмсақ күші сақталып қала ма?
Демократия аман қалар, бірақ сенім оңайлықпен қалпына келмейді
Америкалық демократия, ықтимал түрде, Трамптың тағы бір мерзімдік билігіне төтеп береді. Себебі елде тамыры терең саяси мәдениет пен билік тармақтарын тежеп-тепе-теңдікте ұстайтын федералды Конституция бар. 2026 жылғы сайлауда Өкілдер палатасын демократтар қайтарып алуы әбден мүмкін. Бұған қоса, азаматтық қоғам — әлі де күшті, ал сот жүйесі — тәуелсіз. Трамп шешімдеріне қарсы көптеген ұйым сотқа шағым түсіріп жатыр, ал нарықтар оның экономикалық саясатына наразылығын білдіруде.
Америка жұмсақ күшін Вьетнам мен Ирак соғыстары, сондай-ақ Трамптың алғашқы мерзімі кезіндегі үлкен құлдыраудан кейін де қалпына келтіре алған. Алайда бір жоғалтқан сенімді қалпына келтіру қиын. Мәселен, Украинаға басып кірген соң, Ресей бүкіл жұмсақ күшінен айырылды, ал Қытай болса, Трамп тудырған вакуумды толтыруға тырысып жатыр.
Шығыс пен Батыстың тайталасы
Қытай төрағасы Си Цзиньпин қазіргі кезеңді Шығыстың Батыстан басым түсу дәуірі деп сипаттап отыр. Бірақ егер Трамп:
• Қытаймен бәсекелес болғысы келіп,
• Бір мезетте одақтастардың сенімін шайқап,
• Империялық амбициясын жариялап,
• USAID агенттігін жойып,
• «Америка дауысын» өшіріп,
• Ел ішінде заң үстемдігін жоққа шығарып,
• БҰҰ ұйымдарынан шығуға бел буып отырса —
онда оның Қытаймен жарыста жеңіске жетемін деуі — қателік. Иә, Трамп бүлдірген дүниелерді қалпына келтіру мүмкін, бірақ бұл оңайға соқпайды әрі қымбатқа түседі.
Copyright: Project Syndicate, 2025
www.project-syndicate.org








