Apple 14 жылдан кейін алғаш рет әлемдегі ең ірі смартфон өндірушісіне айналуы мүмкін

Apple 14 жылдан кейін алғаш рет әлемдегі ең ірі смартфон өндіруші атағын қайта алуға жақын, деп болжады Counterpoint Research. iPhone 17-нің сәтті шығуы және пайдаланушылардың смартфон жаңарту толқыны 2025 жылы Apple жеткізілімін арттырып, нарық үлесін 19,4%-ға дейін өсіреді. Бұл компанияға Samsung-ды басып озуға мүмкіндік береді.
Егжей-тегжейлі
Bloomberg Counterpoint Research дерегіне сүйеніп, 2025 жылы iPhone жеткізілімдері 10% өсетінін, ал Apple-дың жаһандық нарықтағы үлесі 19,4% болатынын хабарлайды. Нәтижесінде американдық компания 2011 жылдан бері алғаш рет әлемдік смартфон нарығында көшбасшылыққа шығып, өзінің көпжылдық қарсыласы Samsung-ды басып озуы мүмкін.
Өткен айда Apple сатылым өсімі өз болжамдарынан жоғары болғанын растады, ал мерекелік тоқсан компанияның табысын рекордты $140 млрд деңгейіне жақындатуы ықтимал. Bloomberg жазғандай, биыл жеткізілімнің өсуіне жаңа смартфон желісінің сәтті іске қосылуы және құрылғыларды жаңарту толқыны әсер етті. Қыркүйекте таныстырылған iPhone 17 үлгілері АҚШ-та да, компанияның екінші ең маңызды нарығы саналатын Қытайда да үлкен сұранысқа ие болды. Бұған қоса, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарының біршама тұрақтануы және доллардың әлсіреуі дамушы нарықтардағы сұранысты қолдаған.
«iPhone 17 желісінің нарықта өте жақсы қабылдануынан бөлек, жеткізілім болжамының көтерілуіне әсер еткен басты фактор — құрылғыларды жаңарту цикліне кірген кезең», — деді Counterpoint сарапшысы Ян Ван. «Пандемия кезінде смартфон сатып алған тұтынушылар қазір жаңартуға дайын. Сонымен қатар 2023 жыл мен 2025 жылдың екінші тоқсаны аралығында 358 млн қолданыстағы iPhone сатылды. Бұл пайдаланушылар да алдағы жылдары жаңа құрылғыларға ауысуы мүмкін».
Ванның айтуынша, Apple ұзақ мерзімді перспективада позициясын одан әрі күшейте алады: 2026 жылы бүктелетін iPhone, сондай-ақ қолжетімді iPhone 17e шығады. 2027 жылы компания бүкіл iPhone желісіне ауқымды дизайн жаңартуын ұсынады. Осы факторлардың әсерінен Counterpoint Apple-дың жаһандық смартфон нарығындағы көшбасшылығын кемі 2029 жылға дейін сақтайды деп болжайды.
Акция ахуалы
25 қарашадағы саудада Apple акциясы 1,6% өсіп, $280,3-ға дейін жетті. Бұл — Nasdaq-та компания тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Алайда кейіннен котировка өсімнің жартысын қайта жоғалтты.
Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 11% өсуде, бірақ Уолл-стриттің консенсус-бағасы Apple-дың қазіргі деңгейден небәрі 3% өсу әлеуеті бар екенін көрсетеді.
MarketWatch дерегінше, Apple акциясын қамтитын сарапшылардың 60%-ы инвесторларға оны сатып алуға (Buy, Overweight) кеңес берді. Бейтарап (Hold) — 16%-ы, ал қалғандары сатуға(Sell, Underweight) кеңес берді.








