Апта жаңалықтары: Nvidia $4 трлн болды, Bitcoin рекорды, Appl-дің ЖИ сәтсіздігі

АҚШ президенті Дональд Трамп импортқа жаңа салықтар енгізетінін мәлімдеді: мысқа – 50%, ал фармацевтикалық өнімдерге – 200% болады. Apple қысымға ұшырады: сарапшылар компанияға жасанды интеллект саласындағы әлсіз позициясын айтып, бас директорын ауыстыруды ұсынды. Ал осы кезде Nvidia нарықтық құны $4 трлн-ға жеткен алғашқы жария компания атанды. 7–11 шілде аралығындағы аптаның басты жаңалықтары – біздің шолуымызда.
Трамп мыс импортына 50% баж салығын енгізетінін хабарлады
АҚШ президенті Дональд Трамп мыс импортына 50% баж салығы енгізілетінін, ал фармацевтикалық өнімдерге 200% баж салығы енгізілетінін жуырда жариялайтынын айтты. Бұл туралы CNBC хабарлады. «Бүгін біз мыс мәселесін қолға алдық», – деді Трамп 8 шілдеде министрлер кабинетінің отырысында.
Truth Social желісінде ол мысқа салынатын баж 1 тамыздан бастап күшіне енетінін жазды. Оның айтуынша, бұл шешім ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді жан-жақты бағалаудан кейін қабылданған. Мыс — жартылай өткізгіштер, ұшақтар, кемелер, оқ-дәрілер, дата-орталықтарға арналған жабдықтар, литий-ионды батареялар, радарлар, зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері және тіпті гипердыбысты қару жасау үшін қажет маңызды материал. Трамптың айтуынша, мыс АҚШ Қорғаныс министрлігі қолданатын ең маңызды екінші материал саналады.
Осы мәлімдемеден кейін әлемдік нарықта мыс бағасы бір күнде 13%-дан астамға күрт өсіп, 1989 жылдан бергі ең үлкен өсімді көрсетті. Мыс – темір мен алюминийден кейін әлемде ең көп қолданылатын үшінші металл. АҚШ тұтынатын мыстың шамамен 50%-ын, негізінен Чилиден, импорттайды.
Ал фармацевтикалық өнімдерге қатысты баж салығы күшіне енбей тұрып, өндірушілерге өндірісті АҚШ-қа көшіру үшін 12–18 ай уақыт беріледі.
Nvidia әлемде алғаш болып нарықтық құны $4 трлн-ға жеткен компания атанды
9 шілдедегі сауда кезінде Nvidia акциялары 2,8% қымбаттап, бір қағаздың бағасы $164,42-ға жетті. Осылайша, компанияның нарықтық құны алғаш рет $4 трлн межеден асты — бұл жаңа тарихи рекорд. 11 шілде күні сауда қорытындысы бойынша Nvidia-ның жалпы құны $4 трлн-нан асып, ЖИ чиптерінің әзірлеушісі әлемде мұндай көрсеткішке жеткен алғашқы компания атанды, деп жазды Reuters.
Nvidia акциялары сәуір айындағы минимумнан бері шамамен 74% өсті. Ол кезде Дональд Трамптың сауда баждарын енгізу туралы шешімінен кейін әлемдік нарықтар құлдыраған болатын. Биыл басынан бері қағаздар шамамен 23% өскен, салыстыру үшін, S&P 500 индексі сол аралықта небәрі 6,4%-ға ғана көтерілді. Уолл-стрит сарапшылары Nvidia қағаздарының әлі де өсу әлеуеті бар деп есептейді.
Акциялардың қарқынды өсуінің арқасында компания басшысы Дженсен Хуанг Forbes миллиардерлер тізімінде жетінші орынға көтеріліп, Уоррен Баффетті артта қалдырды. 11 шілдедегі дерекке сай, Хуангтың байлығы $143,6 млрд-қа жеткен, ал Berkshire Hathaway басшысы Баффеттің капиталы — $142,4 млрд.
Nvidia-ның нарықтық құны Канада мен Мексиканың қор нарықтарының жалпы құнынан және Ұлыбританиядағы барлық жария компаниялардың жиынтық бағасынан да асып түсті. Қазір Microsoft $3,74 трлн көрсеткішпен екінші орында тұр.
Биткойн рекорд жаңартты: бағасы $118 мыңнан асты
11 шілде күні сауда кезінде биткойн тарихында алғаш рет $118 мың межеден асты, деп жазды CNBC.
Криптовалюта бағасының бұл рекордтық өсуі жалпы нарықтағы раллимен байланысты: әсіресе технологиялық компаниялардың акциялары күрт қымбаттап жатыр. Reuters агенттігінің жазуынша, биыл биткойнның өсу драйверлері — инвесторлардың тәуекелге бейімділігінің артуы мен институционалдық қызығушылықтың тұрақты болуы. Сонымен қатар CNBC Nvidia акцияларының күрт өсуі де биткойнның позициясын күшейтуге ықпал еткенін атап өтті — 9 шілдеде компанияның нарықтық құны $4 трлн-ға жеткен болатын.
«Тойымсыз сұраныс, оның ішінде ETF арқылы инвестициялар мен криптоактивтерді резерв ретінде ұстайтын компаниялар нарықты жоғары итермелеп жатыр», — деді GSR инвестициялық компаниясының биржадан тыс сауда бойынша жаһандық жетекшісі Спенсер Халларн. Соған қарамастан, нарық әлі де құбылмалы. «Трейдерлер пайда фиксациясы мен макроэкономикалық факторларға мұқият қарауы керек. Бірақ қазір нарықтағы көңіл-күй анық — өсуге бейім», — дейді Kronos Research инвестициялар жөніндегі директоры Винсент Лю.
11 шілде кешінде биткойн бағасы $117 мыңнан сәл жоғары деңгейде саудаланды.
Тағы қандай мәліметтер бар?
— Oninvest тілшісі Виктория Сирота «Сарапшы Coinbase биржасының акцияларын сатуға кеңес берді. Қазір неге пайда фиксациялаған дұрыс?» атты материалында сарапшылар не себепті инвесторларға Coinbase криптобиржасының қағаздарынан құтылуға кеңес беріп жатқанын түсіндіреді.
Apple бас директорын ауыстыру керек пе?
Осы аптада LightShed Partners сарапшылары Apple-дың жасанды интеллект саласындағы даму қарқынының баяу екенін сынға алды. Олардың пікірінше, компанияға логистика емес, өнімдік жаңалықтарға басымдық беретін жаңа тәсілдермен болатын басшы қажет.
«Apple-ға логистиканы емес, өнімді алға сүйрейтін CEO керек», — деп жазды сарапшылар Уолтер Пейсик пен Джо Галоне. Олардың айтуынша, Тим Кук – дағдарыс кезінде басқаруға қабілетті мықты менеджер, бірақ ЖИ дәуірінде Apple-ды жаңа белеске шығара алатын көшбасшы емес. Сарапшылар Apple-дың ЖИ саласындағы бастамалары әзірше тек 2024 жылғы әзірлеушілерге арналған WWDC конференциясындағы уәделермен шектеліп қалғанын айтып, бұл компания үшін үлкен тәуекел деп бағалады. Әлемдік индустриялар ЖИ-ге көшіп жатқанда, Apple шетте қалып қоюы мүмкін.
Соған қарамастан, сарапшылар Тим Куктың жетістіктерін жоққа шығармайды: оның басқаруымен компания $2 трлн көлемінде iPhone сатты, ал акциялар 14 есе өсті. Дегенмен, олардың пікірінше, «жаңарту суперциклдері» енді сатылымды сақтап қала алмайды, ал Apple-дың болашағы жаңа көзқарас пен жаңа басшыны қажет етеді.
Сарапшылардың бұл мәлімдемесі Apple-дың операциялық директоры Джефф Уильямстың кететіні туралы жаңалықтан кейін шықты. Ол Тим Куктың ең жақын серігі әрі компания басшылығына басты үміткер ретінде қарастырылған. Бұл жағдай Apple-дың үлкен өзгерістердің алдында тұрғанын меңзейді.
Тағы қандай мәліметтер бар?
— Oninvest тілшісі Влад Осипов «Сарапшылар ЖИ стратегиясының сәтсіздігіне байланысты Apple басшысын ауыстыруды ұсынды» атты мақаласында жасанды интеллект бағытындағы қателіктің Apple-дың болашақтағы өсу мүмкіндігіне қалай әсер етуі мүмкін екенін жан-жақты түсіндіреді.
— Ал «Есеппен келген махаббат: инвесторлардың компания көшбасшыларына деген көзқарасы акцияларға қалай әсер етеді?» атты мақалада журналист Полина Воробьева бас директорлардың басқару тәсілдері мен олардың қоғам алдындағы белсенділігі бизнестің даму бағытына қалай ықпал ететінін талдайды.
Shein Гонконгте IPO-ға өтінім берді — сонымен бірге Лондонға қысым жасауда
Қытайлық онлайн-ретейлер Shein Гонконгте IPO (алғашқы акция орналастыру) өткізу үшін құпия түрде өтінім тапсырды. Бұл туралы Financial Times аноним дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Бұл қадам – компанияның ұзаққа созылған биржаға шығу үдерісін жеделдету әрекеті ғана емес, сонымен қатар Лондондағы реттеуші органдарға қысым жасау амалы ретінде қарастырылып отыр. Shein британдық реттеушілер талаптарын жеңілдетеді деген үмітте.
Компания Лондонда IPO өткізуге 18 ай бұрын өтінім берген, бірақ келісу процесі тоқтап қалған. Мәселе — тәуекелдер туралы ашық ақпаратты жариялау талабында. Атап айтқанда, Shein өнім жеткізу тізбегінде Синьцзянмен байланысты болуы – бұл аймақ Қытайда ұйғырларға қатысты адам құқықтарының бұзылуымен байланысты айыпталады. FT-нің дереккөздері Shein әлі де Лондонды қолайлырақ көреді дейді, себебі бұл жерде халықаралық инвесторлар базасы кеңірек. Бірақ үдерістің баяу жүруі компанияны басқа нарықтарды қарастыруға мәжбүрлеп отыр. Ал Гонконг реттеушілері неғұрлым икемді болуы мүмкін — Бейжің бұл алаңды қытайлық компаниялар үшін шетел нарығына шығудың негізгі арнасы ретінде белсенді ілгерілетіп жатыр.
FT-нің бір дереккөзі Гонконгте IPO мақұлданған соң, британ реттеушілері де Лондонда екінші реттік листингке рұқсат беруі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда сарапшылар бірден екі елдің регуляторы листингке рұқсат береді дегенге күмәнмен қарайды.
Shein туралы тағы қандай мәлімет бар?
— Мамырдың соңында Oninvest «Shein Лондонда листингтен бас тартқан соң, Гонконгте IPO өткізуге дайындалып жатыр — Reuters» атты мақаласында бұл шешім Shein стратегиясына қайшы келетінін жазған.
— Маусымда Франция Сенаты ультра-жылдам сән компанияларына (fast fashion) қатысты жарнамаға шектеу және экологиялық алымдар енгізу туралы заң жобасын мақұлдап, дауыс берді. Бұл Temu мен Shein секілді қытайлық алыптар үшін нені білдіретінін Oninvest шолушысы Александр Пухов «Шапшаңдық шегі: Франция Shein мен Temu-дың екпінін қалай тежеуге тырысуда» атты мақаласында түсіндірген.
Маск жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді
Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск тағы да компания акцияларының құлдырауына себепші болды. Инвесторлар оның АҚШ-та жеке саяси партия құратынын жариялаған соң, Tesla қағаздарын жаппай сата бастады. 7 шілде күні акциялар бағасы 6,87% төмендеді.
Нарық бұл мәлімдемені Масктың саяси амбициялары артқанын және оның Tesla-ның әлсіреп бара жатқан бизнесіне аз көңіл бөлетінін білдіретін белгі ретінде қабылдады. Бұған қоса, Дональд Трамптың Маскты «ақылынан адасты» деп айыптаған қатты мәлімдемесі де акцияларға қысым жасады. Reuters мәліметінше, қысқа позицияда ойнайтын трейдерлер Tesla акцияларының құлдырауынан $1,4 млрд көлемінде «қағаз пайда» көруі мүмкін.
«Илон Масктың соңғы бес аптада нағыз апатқа айналғанын көру – өте өкінішті», — деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Осы шиеленістің аясында инвестициялық компания Azoria Partners Tesla акциялары мен опциондарына негізделген ETF-ті іске қосуды кейінге қалдырды. Компания басшысы Джеймс Фишбэк Tesla директорлар кеңесіне Масктың саяси жоспарлары мен оның CEO ретіндегі міндеттерімен қаншалықты үйлесетінін түсіндіруді талап етуге шақырды.
Tesla-ға Уолл-стриттегі ең оң көзқарастағы сарапшылардың бірі — Wedbush компаниясының сарапшысы Дэн Айвз — акцияларды «сатып алуға» кеңес беруді жалғастырып, олардың мақсатты бағасын $500 деп белгілеген (бұл ағымдағы бағадан 59,5% жоғары). Алайда ол ескертіп өтті: егер Маск саяси аренаға оралса, әсіресе оның партиясы Трампқа оппозиция ретінде қабылданса, Tesla қағаздарына қысым күшейеді. Бұған жауап ретінде Маск X желісінде Айвздың жазбасына қысқа ғана: «Үніңді өшір, Дэн» деп жауап қатты.
Тағы не оқуға болады?
— Oninvest тілшісі Виктория Сирота «“Үніңді өшір, Дэн”: Маск Tesla-ның басты “бұқасына” қалай жауап берді?» атты маұаласында Айвздың пікірін, сондай-ақ Tesla директорлар кеңесі Масктың саяси белсенділігінің компания бизнесіне әсерін қалай азайтуы керек екенін сипаттап жазды.








