БастыReview
Бөлісу

Францияның Shein мен Temu-ды тежеу талпынысы

Александр Пухов

Александр Пухов

Oninvest колумнисті
Францияның Shein мен Temu-ды тежеу талпынысы

Маусым айында Франция Сенаты ультра жылдам сән индустриясындағы компанияларға жарнаманы шектеу және экологиялық алымдар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл бастаманың негізгі нысанасы — қытайлық Temu мен Shein компаниялары. Бұл ультра жылдам сән нарығына, инвесторларға қалай әсер етеді және бұл жерде зумерлердің рөлі қандай?

Сәннің супер жылдамдығы

Fast fashion-ды (жылдам сәнді) қытайлықтар емес, еуропалықтар ойлап тапқан. 1990-жылдары испаниялық Zara жылдам сәннің алғашқы өкілдерінің бірі болды: олар дизайннан бастап дүкен сөресіне дейінгі өндіріс циклін небәрі 15 күнде аяқтап, апта сайын жүздеген жаңа модель ұсынатын.

Ал қытайлық Shein мен Temu бұл тәсілді одан әрі дамытып, сән индустриясына аса жылдамдық енгізді. McKinsey дерегінше, 2023 жылы Shein тәулігіне 10 мыңға дейін жаңа киім үлгісін шығарып отырған.

Shein бәсекелестерінен әлдеқайда жылдам: 2022 жылы Zara 6850 жаңа модель, H&M 4400 шығарса, Shein 315 мың жаңа тауар ұсынған. 2023 жылғы NIQ есебіне сәйкес, Shein екі күн ішінде H&M-нің бірнеше айда ғана шығаратын көлемін нарыққа жеткізеді.

Сонымен қатар Shein өнімдері әдетте бәсекелестерден екі-үш есе арзан: Shein-нің орташа бағасы — $14, ал H&M-де — $26, Zara-да — $34.

Dura lex қытайлық алыптарға арналған

Маусымда Франция Сенаты мақұлдаған заң жобасы жылдам сән өнімдерін шығаратын компанияларға қарсы бағытталған. Құжат экологиялық балл жүйесін енгізуді қарастырады: ең төмен бағаланған брендтердің тауарларына 2025 жылдан бастап бір затқа 5 еуроға дейін салық салынуы мүмкін, ал 2030 жылға қарай бұл сома 10 еуроға дейін өсуі ықтимал. Дегенмен, салық мөлшері тауардың бөлшек бағасының 50%-ынан аспауы тиіс.

Сатып алушылардың аса жылдам сәнге сұранысын азайту үшін заң жобасында мұндай киімдерге жарнама жасауға тыйым салу көзделген. Бұл тыйым әлеуметтік желідегі блогерлер мен инфлюенсерлерді де қамтиды, өйткені брендтер көбінесе тауарларын солар арқылы жарнамалайды.

Франция заң шығарушылары бұл жобаның нақты Shein мен Temu-ға қарсы бағытталғанын жасырмайды. «Бүгінде бізде әлі де еуропалық өнеркәсіптің қалдығын қорғауға тура келеді. Біз осы қытайлық алыптардың өндірісі мен өзіміздің өндірісіміздің айырмашылығын анық көрсетуіміз керек, — деді Euronews-ке сенатор Сильви Валант Ле Ир. — Олардың өндіріс ауқымы бізден 100 есе үлкен. Сондықтан біз еуропалық және француз өнеркәсібін сақтап қалуымыз керек, әйтпесе түк қалмайды».

Еуропалықтардың нарыққа алаңдауына негіз бар: 2017 жылы Shein-нің 2,8 млн қолданушысы болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 88 млн-ға жетті. АҚШ-та Shein Z ұрпағы арасындағы Amazon-нан кейінгі ең танымал онлайн-дүкенге айналды.

Мамыр айының басында Францияда Temu сатылымы бір жылда 100%, ал жалпы Еуроодақта 60%-дан астамға өсті. Мұндай секіріс АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен сауда соғысы кезінде Қытай мен Гонконгтан келетін тауарларға de minimis жеңілдігін жойғаннан кейін бір ай өтпей болды. Бұл жеңілдік АҚШ-қа құны 800 долларға дейінгі сәлемдемелерді бажсыз әкелуге мүмкіндік беретін. Reuters-тің мәліметінше, АҚШ-тағы барлық сәлемдемелердің 90%-дан астамы бажсыз келетін, оның шамамен 60%-ы Қытайдан Temu және Shein сияқты платформалар арқылы тікелей тұтынушыларға жіберілетін.

Франция Сенаты мақұлдаған заң жобасы әлі толық қабылданған жоқ. Енді бұл құжат туралы Еурокомиссия хабардар етілуі керек, одан кейін оны Францияның екі палатасы бірігіп бекітуі тиіс, соңғы шешімді президент шығарады.

Егер заң қабылданса, ол Shein мен Temu үшін үш бағыттағы қауіп тудырады: реттеушілік, беделдік және операциялық, дейді Astero Falcon портфельдік менеджері Алена Николаева Oninvest-пен сұхбатында.

Николаеваның айтуынша, бір затқа 5 еуродан басталып, 10 еуроға дейін өсуі мүмкін «экологиялық салық» (sin-tax) орташа бағасы 10–15 еуро тұратын тауарлар үшін бизнес-үлгіні мүлде тиімсіз етеді, өйткені бір өнімнен түсетін пайда мен шығынды есептегенде компания минусқа кетеді.

Қаржылық жағынан бұл заң Shein мен Temu-дың Франциядағы табысының азаюына, логистика мен талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету шығындарының өсуіне, сондай-ақ инвесторлар алдындағы беделінің нашарлауына әкелуі мүмкін. Ең нашар жағдайда олар Еуропадағы ең ірі нарықтардың бірін жоғалтуы ықтимал. Ал егер басқа ЕО елдері де осындай саясатты қолдаса, шығынды өзге нарықтар есебінен жабу қиынға соғады.

Бірақ бұл еуропалық жылдам сән брендтері үшін жақсы мүмкіндік, дейді Николаева. Оның айтуынша: «H&M, Inditex сияқты компаниялар үшін бұл үлкен артықшылық. Оларға нарық сенім білдіріп отыр: клиенттері сақталып, жарнама жасауға рұқсат, қаржы тартуға жол ашық. Бірақ бұл бір жағынан ескерту де. Егер олар тұрақты, экологиялық таза өндіріс моделіне көшуді жеделдетпесе, келесі ретттеу кезегі оларға да жетеді».

Ірі компаниялардың соңғы есептерінде өсімнің баяулағаны байқалады. Temu иесі PDD Holding 2025 жылдың бірінші тоқсанында таза пайдасы 47%-ға төмендеп, 14,74 млрд юаньға (шамамен $2 млрд) дейін азайғанын және соңғы үш жылдағы ең баяу табыс өсімін тіркегенін хабарлады. 27 мамырда есеп жарияланған күні компанияның АҚШ-тағы акциялары 13%-дан астамға арзандады.

Швециялық H&M 2025 қаржылық жылының бірінші тоқсанында (28 ақпанға дейін) таза сатылымын 3% арттырып, 55 млрд швед кронына жеткізгенін хабарлады. Бірақ екінші тоқсанда сатылым жылдық салыстырғанда 5% төмендеп, $56,7 млрд-қа түсті. Компания мұны швед кронының нығаюымен түсіндірді. H&M басшысы Даниэль Эрвер АҚШ-тағы баж салығының кесірінен жағдай тұрақсыз болып тұрғанын, ал бәсекелестер АҚШ-та бағаны көтергенін айтты. Өз компаниясы бағаны ұстап тұруға тырысып жатқанын, өйткені тұтынушылар бағаға аса сезімтал екенін айтты, деп жазды Reuters.

Inditex (Zara, Oysho, Bershka және т.б. брендтері) 30 сәуірде аяқталған қаржы жылының бірінші тоқсанында 8,27 млрд еуро табыс тапқанын хабарлады. Бұл LSEG сарапшыларының 8,39 млрд еуро туралы болжамынан төмен болды. Наурыз айында компания АҚШ-тың тарифтеріне байланысты сұраныс төмендегенін мәлімдеген, деп еске салады CNBC.

Ал Shein әлі IPO-ға дайындалып жатыр, сондықтан өз көрсеткіштерін ашық жариялаған жоқ.

Экологиялық қауіп экономикалық мүдденің көлеңкесінде қалды

Fast fashion-ға қарсы күресті экологиялық ұйымдар бастады. Бірақ дәл солар заң жобасына қанағаттанбай отыр.

Friends of the Earth France ұйымының белсендісі, «Жылдам сәнге қарсы коалиция» өкілі Пьер Кондамин Euronews-ке берген сұхбатында: «Бізде тек екі брендке бағытталған заң жобасы бар, ал қалғандарын қамтымайды. Ал олар Францияда сатылатын киім өндірісінің кем дегенде 90%-ын құрайды», – деді.

McKinsey болжамынша, 2030 жылға қарай әлемде киім тұтыну көлемі 63% өсіп, жылына 102 млн тоннаға жетеді. Қазір адамдар киімді орта есеппен жеті рет киіп, содан кейін лақтырып тастайды. Ал тоқыма өндірісінің жыл сайынғы парниктік газ шығарындылары 1,2 млрд тоннаны құрайды — бұл халықаралық әуе және теңіз тасымалының шығарындыларынан да көп.

Супер жылдам сәннің басты сатып алушылары — зумерлер. Мысалы, Қытайда Z ұрпағының жартысы McKinsey зерттеуінде жылдам сәнді аз сатып алғысы келетінін айтқан.

McKinsey-дің «The State of Fashion 2025» есебінде көрсетілгендей, ниет пен іс жүзіндегі әрекет арасында үлкен алшақтық бар.

Мысалы, Ұлыбританияда сатып алушылардың 46%-ы fast fashion-нан бас тартуға тырысамыз десе де, олардың жартысынан көбі өткен жылы жылдам сән дүкендерінен киім сатып алған. McKinsey есебінде көптеген сән брендтері өз табысының небәрі 1–2%-ын экологиялық шараларға жұмсаса, шығарындыларды 60%-ға дейін азайта алатыны айтылған.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары