БастыReview
Бөлісу

Аса маңызды мәселе: Трамп америкалық сотта баж салығын қорғай ала ма?

Игорь  Слабых

Игорь Слабых

Аса маңызды мәселе: Трамп америкалық сотта баж салығын қорғай ала ма?

11 маусым күні АҚШ президенті Дональд Трамп соттың өз ұстанымын қолдағанын және АҚШ-тың басқа елдерден қорғану мақсатында баж салығын пайдалана алатынын мәлімдеді. Алайда АҚШ-тағы құқықтық жаңалықтарға арналған USlegalnews телеграм-арнасының авторы әрі заңгер Игорь Слабыхтың пікірінше, АҚШ әкімшілігі бұл жағдайды жеңіс деп атап үлгеруге әлі ерте. АҚШ-та импорттық баж салығына қатысты сот ісі қалай өрбіп жатыр және оның соңы неге әкелуі мүмкін?

Дональд Трамптың баж салығын өзінің негізгі саяси құралдарының бірі ретінде пайдаланатыны көпшілікке бұрыннан белгілі еді. Ол өзін «баж салығының адамы» деп атап, тарифтерді «сөздіктегі ең керемет сөз» деп сипаттаған болатын.

АҚШ президенті баж салығын арттыру бюджет кірісін қамтамасыз етеді деп уәде берген. Бір сәтте бұл салықтар АҚШ-та барлық жеке және заңды тұлғалар төлейтін табыс салығының орнын баса алады деген де пікір айтқан.

Экономикалық тұрғыдан бұл стратегияның тиімділігі туралы пікірталастар көп, алайда бір жайт анық – бұл жоспарлар АҚШ-тың сот жүйесінде кедергіге тап болды.

Баж салығының жоғарылауына және оны енгізу мен тоқтату кезіндегі түсініксіздіктерге наразы болған америкалық компаниялар сотқа жүгінді. Шағымданушылар қатарында елдің әр түкпірінен түрлі салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындар бар. Оларды біріктіретін бір ғана нәрсе – олардың бизнесі шетелден жеткізілетін тауарларға тәуелді. Мәселен, V.O.S. Selections – әлемнің түкпір-түкпірінен алкоголь өнімдерін жеткізумен айналысатын компания. Plastic Services and Products – пластик құбырлар мен дренаждар шығарады, MicroKits – балаларға арналған электроника жиынтықтары мен музыкалық құралдар жасайды, Terry Precision Cycling – әйелдерге арналған велокиімдер шығарады, ал Learning Resources – балаларға арналған оқыту ойыншықтарын өндіреді.

Соттар (кемінде бірінші инстанция деңгейінде) бизнес өкілдерінің жағына шықты. АҚШ президентінің тарифтік реттеу әрекеттері заңсыз деп танылды.

Қазіргі уақытта шешім қабылдаған – Халықаралық сауда істері жөніндегі сот және Колумбия округінің федералдық соты. Атына қарамастан, Халықаралық сауда соты – бұл АҚШ-тың федералдық соты, оның юрисдикциясына баж салығы да кіреді. Екінші шағым бойынша сот конституциялық нормалар мен федералдық заңдардың бұзылуына ерекше назар аударғандықтан, ол басқа федералдық сотта қаралды.

Яғни, ұқсас істердің екі түрлі сотта қаралуы таңқаларлық жайт емес.

Мәселенің тарихы

АҚШ Конституциясы салық және баж салығы мәселелерінде нақты ұстаным танытып отыр. Салықтарды бекіту құқығы Конгресске тиесілі. Алайда дәстүрлі түрде Конгресс кейбір өкілеттіктерді президентке уақытша бере алады.

Мұндай алғашқы шешім АҚШ Бірінші дүниежүзілік соғысқа кіргеннен кейін жарты жылдан соң қабылданды. 1917 жылы «Жаумен сауда жасау туралы» заң қабылданып, соғыс кезінде сыртқы сауданы реттеу құқығы президентке берілді.

Бұл заң 1977 жылға дейін күшінде болды. Кейін Конгресс «Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы» заң қабылдады. Бұл акт төтенше жағдайда импорт пен экспортты президент реттей алады деген норманы бекітті. Трамп та осы заңға сүйене отырып, халықаралық сауда теңгерімсіздігін шұғыл әрекет етуді талап ететін төтенше жағдай ретінде сипаттады.

Неге Трамп енгізген баж салықтары бірінші инстанцияда орнықпады?

Қазір АҚШ әкімшілігінің басты уәждері мыналар: біріншіден, президентке баж салығын енгізуге заңмен рұқсат етілген және бұған прецеденттер бар; екіншіден, сот президенттің әрекеттерін тексеруге құқылы емес.

Алғашқы уәжге әкімшілік 1975 жылғы United States v. Yoshida International, Inc. ісін келтірді. Ол кезде АҚШ 1971 жылы төлем балансының тапшылығына тап болып, Ричард Никсон импортқа 10 пайыздық баж салығын енгізген. Бұл – «Никсон шогы» деп аталатын ауқымды экономикалық реформалардың бір бөлігі болды. Басты мақсат – тапшылықты азайтып, импорт ағынын шектеу.

Бұл салықтар төрт айдан кейін алынып тасталғанымен, жапон компаниясы сотқа шағым түсірді. Алғашқы инстанция Никсонның төтенше жағдайда экспорт пен импортты реттеуге құқығы болғанын, бірақ бұл баж салығын енгізуді қамтымайтынын айтты.

Апелляциялық сот бұл шешімді жоққа шығарып, президенттің ондай өкілеті барын растады. Іс Жоғарғы сотқа жеткен жоқ, сол себепті апелляция шешімі түпкілікті болды.

Трамп әкімшілігі де осы шешімге сүйенді.

Алайда қазіргі соттар бұл прецедентті қолдану орынсыз деді. Себебі, арада заңдар өзгерді, президенттің өкілеттігі қысқарды, ал жағдайлар – мүлде басқа. Никсон баж салығын уақытша енгізсе, Трамп оны тұрақты сауда саясатына айналдырды.

1974 жылғы «Сауда туралы» заңда тапшылықтың өзі баж салығын шектеусіз енгізуге негіз бола алмайтыны нақты жазылған.

Сондай-ақ сот «Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы» заңдағы «төтенше жағдай» түсінігіне де назар аударды. Ол заңға сәйкес, мұндай жағдай АҚШ-тан тыс жерде пайда болып, ерекше және айрықша сипатта болуы тиіс. Президент сол қауіпке нақты ықпал ететін әрекеттер жасауы керек.

Сот сауда тапшылығы мұндай айрықша қауіп емес деп есептеді. Бұл — заңбұзушылықты дәлелдеуге жеткілікті. Сонымен қатар, үкімет өз іс-әрекеттерін түсіндіруден бас тартып, сотқа жеткілікті дәлел де ұсынбады.

Бұның орнына әкімшілік «саяси сұрақтар» доктринасын қолдануға тырысты. Бұл — АҚШ Жоғарғы соты бекіткен қағида. Онда кейбір мәселелердің саяси сипатта болатыны, сондықтан оларды Конгресс не президент шешуі тиіс екені айтылады.

Бірақ негізгі мәселе – нақты істің саяси мәселе болып табылатынын немесе табылмайтынын анықтау. АҚШ әкімшілігі мұны президенттің шешетін ісі деп мәлімдеді.

Алайда соттар бұған келіспеді. Олар заңда атқарушы билікке берілген өкілеттіктердің шегін тексеру — заңды құқық деп таныды. Осылайша, президент өз өкілетін асыра пайдаланды деп танылды.

Бұдан әрі не болады?

Күткендей-ақ, екі шешімді де Ақ үй апелляциялық инстанцияда дауламақ болды. АҚШ-та апелляция түсірілген күннің өзінде сот шешімі автоматты түрде күшіне енеді. Тек сот оны өз шешімімен тоқтата алады.

Колумбия округінің федералдық соты судья Рудольф Контрерас өзінің шешімінің күшіне енуін тоқтатты. Себебі, ұқсас істе басқа апелляциялық сот та солай шешкен еді.

Халықаралық сауда сотында жағдай күрделірек. Апелляция түсірілген келесі күні апелляциялық сот бүкіл құрамымен шешімнің орындалуын әкімшілік түрде тоқтата тұруға шешім қабылдады. Яғни, олар түпкілікті шешім шығармай тұрып, уақыт ұтқысы келді.

10 маусымда апелляциялық сот шешім күшін тоқтатып, президент жарлықтарын уақытша қалпына келтіруді ұйғарды. Кейбіреулер мұны судьялардың президентті қолдайтынының белгісі деп түсінді. Бірақ бұл асығыс тұжырым.

Біріншіден, соттар нақты мәселе бойынша ештеңе айтқан жоқ. Екіншіден, сот шешімін тоқтату – бұл атқарушы билікті құрметтеу мен шешімдер салдарын салмақтап бағалаудың бір түрі ғана.

Соған қарамастан, апелляциялық сот бұл істің аса маңызды екенін мойындады. Істі жеделдетілген тәртіппен қарау туралы шешім қабылданып, 31 шілдеде негізгі тыңдалым өтетіні белгілі болды. Бұл мерзім ұзақ көрінгенімен, әдеттегі сот процестерімен салыстырғанда әлдеқайда жедел.

Президент Трамп бұл шешімге Truth Social желісі арқылы жауап беріп, апелляциялық сот президентке баж салығын қолдануға рұқсат берді деп мәлімдеді. Мұны ол АҚШ үшін «жеңіс» деп бағалады.

Алайда апелляциялық сот нақты істі мәні бойынша қарамағанын ескерсек, Трамптың қуанышы әлі ерте.

Ең басты сот шайқастары әлі алда. Олар тек апелляциялық сотпен шектелмейді, бұл іс Жоғарғы сотқа дейін жететіні анық. Соңғы сөзді АҚШ Жоғарғы сотының судьялары айтады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары