БастыЖаңалықтар
Бөлісу

ASM сату болжамын төмендетті, бірақ сарапшылар акциялардың өсімін болжауда

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
ASM сату болжамын төмендетті, бірақ сарапшылар акциялардың өсімін болжауда

Жаңа буындағы чиптерді өндіруге арналған жабдық шығаратын голландиялық ASM International компаниясы 2025 жылдың екінші жартыжылдығына арналған сату болжамын төмендетті. Компания кірістің жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 5–10% төмен болатынын күтеді. Бұған себеп — Intel және Samsung секілді негізгі клиенттер тарапынан сұраныстың әлсіреуі. Осы жаңалықтан кейін компания акциялары бір сәтте 6,4%-ға арзандады — бұл шілде айынан бергі ең ірі күндізгі құлдырау болды. Ал жыл басынан бері қағаздар шамамен 12%-ға төмендеді. Сарапшылардың пікірінше, қысқа мерзімді қиындықтарға қарамастан, ASM нарықтан жылдамырақ өсетін әлеуетке ие.

Егжей-тегжеййлі

ASM International жыл соңына дейінгі сату болжамын қысқартты. Компания кейбір клиенттер тарапынан күткеннен төмен сұранысты себеп ретінде атады, деп жазады Bloomberg.

Жартылай өткізгіштерге арналған жабдық өндіруші компания жылдың екінші жартысында, валюта бағамы тұрақты болған жағдайда, кіріс алғашқы жартыжылдыққа қарағанда 5–10% төмен болады деп болжайды. Бұған дейін компания екінші жартыжылдықтағы кіріс деңгейі бірінші жартыжылдықпен бірдей болады деп күткен еді. Енді ASM үшінші тоқсандағы көрсеткіштер бұрынғы болжамдарға сәйкес болатынын, алайда төртінші тоқсанда төмендеу күтілетінін атап өтті.

Компания сондай-ақ 2030 жылға қарай кіріс €5,7 млрд-тан ($6,7 млрд) асып түсетінін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш жыл сайынғы орташа өсімнің кемінде 12% болатынын білдіреді.

ASM акцияларының жағдайы

ASM акциялары бір сәтте 6,4%-ға төмендеді — бұл шілдеден бергі ең ірі күндізгі құлдырау болды. Кейінірек қағаздар жоғалтулардың басым бөлігін қайтарып, жариялау кезінде 0,7%-ға арзандап жатты. Жыл басынан бері компания акциялары 11,7%-ға төмендеді.

ASM не үшін болжамды төмендетті

ASM өнімдеріне сұраныстың төмендегенін хабарлады, себебі негізгі клиенттері саланың технологиялық өзгерістеріне бейімделуде қиындықтарға тап болуда, деп жазады Bloomberg. Мысалы, Intel шілде айында шығындарға мұқият қарайтынын және кейбір зауыт құрылысы жобаларынан бас тартатынын мәлімдеді. Samsung Electronics-тің микросхема бөлімі маусымда аяқталған тоқсанда операциялық кірістің 94%-ға төмендегенін хабарлады.

Чиптерге арналған литографиялық жабдықтың ең ірі өндірушісі ASML де жаһандық экономиканың тұрақсыздығына байланысты келесі жылға арналған сату болжамын қайта қарады.

Сұраныстың төмендеуі тапсырыстар көлеміне де әсер етеді: ASM жылдың екінші жартысында нақты сатылымдардан аз тапсырыс қабылдайтынын ескертті. Бұл 2026 жылға арналған өсу болжамына теріс әсер етуі мүмкін, деп жазады Reuters.

Сарапшылар не дейді

Degroof Petercam сарапшысы Михаэль Рег сату болжамының әлсіздігін күтпеген жағдай деп атады, себебі әлемдегі ең ірі келісімшартты чип өндіруші TSMC ASM жабдығын пайдалана отырып жаңа өндіріс үдерісін іске қосуда, деп жазады Reuters.

«Бұл басқа негізгі клиенттер — Intel және Samsung-тағы мәселелердің салдары болуы мүмкін», — деді Рег. ING сарапшысы Марк Хесселинк компания болжамының әлсіздігін құрылымдық емес, уақытша тапсырыс ауысуы ретінде қарастырады. Оның пікірін Reuters келтіреді.

JPMorgan, Citigroup және Oddo BHF сарапшылары ASM компаниясының 2030 жылға дейінгі кірісті арттыру бойынша ұзақ мерзімді болжамын компания перспективаларына оң көзқарасты сақтауға себеп деп бағалады, деп жазады Bloomberg.

ASM gate-all-around (GAA) деп аталатын алдыңғы қатарлы микросхема архитектурасына көшуден ұтады. Бұл технология құрылғылар өнімділігін арттырады және ASM осы бағытта жұмыс істеп келеді. Енді компания GAA технологиясының келесі буынына көшу ASM жұмыс істей алатын нарық көлемін тағы $500 млн-ға арттырады деп күтуде.

«ASM қиын цикл жағдайында да жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Салаға қарағанда жылдамырақ өсіп келеді, маржиналдылықты арттырып жатыр және онжылдық соңына дейін айтарлықтай өсу әлеуетін сақтап қалуда», — делінген Citi сарапшыларының 23 қыркүйектегі жазбасында.

Өткен аптада AlphaValue/Baader Europe ASM рейтингін «сатып алудан» сәл ұстамдырақ «қосу» деңгейіне төмендетті, бірақ акциялардың мақсатты бағасын €559-дан €568-ге көтерді. Бұл баға акциялардың 13,6%-ға өсуін болжайды.

Oddo BHF өткен аптада компания акцияларын сатып алуға берілген ұсынысты «нарықтан озық» рейтингімен растады. Олар мақсатты бағаны €690 деңгейінде қалдырды — бұл акциялардың 38%-ға өсуін білдіреді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары