«Азиялық көшкін»: аймақ елдері АҚШ-тағы инвестицияларын қаруға айналдыра ма?

Азияның алдыңғы қатарлы экономикалары ондаған жылдар бойы АҚШ-тың басты кредиторларының бірі болып келді. Енді Вашингтондағы жаңа әкімшілік әрекеттері халықаралық инвесторлардың доллар мен АҚШ мемлекеттік қарыз нарығына деген сенімін шайқалтып жатқан тұста, Азия елдерінің орталық банктері мен компаниялары бұл нарыққа салынған триллиондаған долларды басқа құралдарға бағыттауы мүмкін. Бұл қандай салдарға әкелуі мүмкін?
Қарапайым стратегия
Ірі азиялық экспорттаушылар ұзақ уақыт бойы қарапайым стратегияны ұстанып келеді — АҚШ-қа тауар сату арқылы алынған долларларды америкалық құнды қағаздарға инвестициялау. Бұл төлем балансының теңгерімін сақтауға мүмкіндік береді: ағымдағы шоттағы елеулі профицит доллар ағынын тудырып, ұлттық валюталардың нығаюына және азиялық экспорттаушылардың бәсекеге қабілеттілігінің әлсіреуіне соқтырар еді. Ал бұл валюталық қысымды азайту үшін долларды АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына және акцияларына салу арқылы сыртқа шығарған тиімдірек.
Бұл тәсіл АҚШ-пен қарым-қатынастағы шиеленісті де азайтуға көмектеседі. Өйткені Вашингтон өз экспорттық белсенділігін шамадан тыс деп санайтын сауда серіктестеріне жарты ғасырдан астам уақыт бойы наразылық білдіріп келеді. Дональд Трамп – бұл мәселені көтерген алғашқы президент емес: 1972 жылы Ричард Никсон да Жапония премьер-министрі Какуэ Танакеге АҚШ-тың сауда дефицитін ескерткен еді.
Аталған стратегия, әсіресе, 1997 жылғы Азия қаржы дағдарысынан кейін кең қолданысқа ие болды. Ол кезде долларлық резервтердің жетіспеушілігі ұлттық валюталардың қатты құнсыздануына себеп болған. Кейінгі жылдары бұл іске Қытай да белсенді араласып, біртіндеп әлемдегі ең ірі экспорттаушы әрі АҚШ мемлекеттік облигацияларын резервте ұстаушыға айналды.
Нәтижесінде, 1997 жылдан бері Азияның 11 ірі экономикасы АҚШ құнды қағаздарына 4,7 трлн доллар салған. Bloomberg АҚШ Қаржы министрлігінің капитал қозғалысы жөніндегі деректеріне сүйене отырып, бұл елдердің жалпы қаржылық инвестициясы 7,5 трлн долларға жеткенін есептеп шықты. Шын мәнінде бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін, себебі Қытай АҚШ облигацияларына салымдарының бір бөлігін Бельгиядағы кастодиандық шоттар арқылы жүргізеді, мұндай ағындар ресми статистикада көрсетілмейді.
Алғашқы белгі
Азия елдерінің орталық банктерінен бөлек, америкалық құнды қағаздарға ірі салымдар жасаған сақтандыру компаниялары мен зейнетақы және инвестициялық қорлар да бар. Бұл ұйымдар үшін валюта бағамы аса маңызды. Соңғы уақытқа дейін жағдай олар үшін қолайлы болды: азиялық валюталар доллармен салыстырғанда арзандап, ал доллардың өзі АҚШ нарығына ауқымды қаржы ағымы есебінен нығайып отырды.
Әлемдік инвесторлар АҚШ-тың «ерекше жағдайын» қабылдады: ірі америкалық компаниялардың жоғары табыс табу мүмкіндігі, жаһандық нарықтардағы үстемдігі және технология саласындағы көшбасшылығы бұл сенімді арттыра түсті. Қазынашылық облигациялар нарығы әлемдегі ең ірі әрі өтімді нарық ретінде сенімді актив саналып, соңғы жылдары ФРЖ-ның жоғары пайыздық мөлшерлемелері арқасында табысты құралға айналды.
Алайда, Дональд Трамп билікке келген соң басталған сауда соғысы бір мезгілде акциялар, облигациялар және доллар нарығына соққы берді.
Мәселен, Тайваньның ең ірі сақтандыру компаниялары сәуір айында валюта бағамының құбылмалылығынан 620 млн доллар шығынға ұшырады. Бұл соңғы 11 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш. Ал мамырдың алғашқы екі сауда күнінде тайвань доллары АҚШ долларына қатысты 6%-дан аса нығайып кетті. Мұндай күрт өсім 1980-жылдардан бері болмаған. Соңғы үш жылда тайвань доллары әлсіреп келгендіктен, көптеген сақтандыру ұйымдарының хедж-қорғанышы болмаған.
Goldman Sachs сарапшыларының айтуынша, егер тайвань доллары АҚШ долларына қатысты 10%-ға нығайса, сақтандыру компаниялары 18 млрд доллар көлемінде қағаз жүзіндегі шығынға тап болады. Бұл құбылыс Тайваньның АҚШ мемлекеттік облигацияларына жасаған инвестицияларының (294 млрд доллар) ұлттық валютадағы құнын төмендетеді.
GAMA Asset Management (Швейцария) портфелін басқаратын Раджив де Меллоның пікірінше, «нарықтар бетбұрыс кезеңіне» жақындады. «Тайвань долларымен болған жағдай бір реттік оқиға емес, бұл — нарықтар үшін алғашқы ескерту. Енді мәселе — келесі кім?» — дейді ол.
Азиялық көшкін
Ұлыбританиядағы Eurizon SLJ Capital компаниясын басқаратын нарық ардагері Стивен Дженнің пікірінше, АҚШ-тың ерекшелігіне күмән туындауы жаһандық капитал нарығында 2,5 трлн долларлық қайта бөлініске әкелуі мүмкін. Қазірше көпшілік азиялық елдер бұл дабылдарға мән бермей отыр. Бірақ ескерген сәтте, олардың капитал ағыны көшкіндей құлауы мүмкін.
Мұндай «көшкіннің» неге апарып соғатынын 2024 жылғы тамызда жапон иенасымен болған жағдай көрсетті. 1990-жылдардың ортасынан бастап иена carry trade операцияларында кең қолданылып келеді. Инвестор төмен пайыздық мөлшерлемесі бар елдің валютасында қарыз алып, оны табысы жоғары активтерге айырбастайды.
Бірақ мұндай мәмілелерде несие алынған валютаның бағамы өте маңызды. Валюта қымбаттаса, бүкіл пайда жойылады. Былтыр шілденің басынан тамыздың басына дейін иена 14%-ға қымбаттап, инвесторлар позицияларын жапқан еді.
GlobalData TSLombard бағалауынша бұл мәмілелердің көлемі, шамамен 1,1 трлн доллар. Салдарынан Nikkei 225 жапон қор индексі 5 тамызда 12,4%-ға құлап, кейін бұл құлдырау жаһандық нарықтарға әсер етіп, Nasdaq Composite сол күні таңертең 6%-ға төмендеді.
Gavekal Research сарапшысы Удит Сикандтың айтуынша, бұл оқиға инвесторларды ұзақ мерзімді стратегияларын қайта қарауға мәжбүр етті: «Мұндай мәмілелер, тек валюта күткендей қозғалғанда ғана тиімді. Яғни жергілікті валюта әлсіреп, доллар нығая түссе».
Алайда көптеген нарық қатысушылары доллардың өсетініне сенбейді. Bank of America-ның мамыр айындағы жаһандық сауалнамасына сәйкес, кәсіби инвесторлардың 17%-ы долларды «нарықтан төмен» деп бағалап отыр — бұл соңғы 19 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ал 40%-ы доллар құнсыздануынан қорғануды арттырмақ.
UBS банкі бай клиенттерінің дәстүрлі долларлық активтерден жиі бас тартып, қаражатын алтынға, криптовалютаға және Қытай нарығына ауыстырып жатқанын мәлімдеді. Bloomberg-тің мамырдағы конференциясында айтылғандай, миллиардтаған долларды басқаратын он шақты отбасылық кеңсе мен кеңесшілер АҚШ нарығына, әсіресе акциялар мен қазынашылық облигацияларға салынған инвестицияны азайтып немесе мүлде тоқтатып жатыр.
MUFG банкінің өкілі Дерек Халпенни: «Доллардың құнсыздануы ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, бірақ бұл оның резервтік валюта ретіндегі мәртебесінен айырылатынын білдірмейді», — дейді. Соған қарамастан АҚШ-тың қысымымен азиялық орталық банктердің интервенциялары қысқарса доллардың валюталық резервтердегі үлесі біртіндеп азаюы мүмкін.
Gavekal Research сарапшысы Удит Сиканд: «Жапон иенасының нығаюы мен Тайваньдағы соңғы оқиғалар құрылымдық өзгерістер жүріп жатқанын көрсетеді. Тәуекелдерді әртараптандыру қажет, ал капиталды отанға жақындату — соның ең тиімді жолы», — дейді.
Долларға деген сенімсіздік
Инвесторлардың доллар мен АҚШ-тың қазынашылық облигациялар нарығына деген сенімін жаңа АҚШ әкімшілігінің әрекеттері шайқалтты.
29 мамырда Goldman Sachs президенті Джон Уолдрон Трамптың бюджетке қатысты «Үлкен әдемі» заң жобасын Өкілдер палатасы қабылдағаннан кейін инвесторлар қазынашылық нарықтан шегіне бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл үрей импорттық баж салығынан да қауіпті.
Салдарынан ең ұзақ мерзімді облигациялар бойынша табыстылық өсіп жатыр. 30 жылдық облигациялар 5%-дан асып, 10 жылдықтар шамамен 4,5% деңгейінде тұр. Бұл үкімет пен экономиканың барлық секторы үшін қарыз қызметіне кететін шығынды арттырады.
Сәуірде облигация бағасы мен доллар бағамының бір мезетте төмендеуі Қытай мен Жапония сияқты ірі инвесторлар АҚШ қарызынан құтыла бастауы мүмкін деген болжам тудырды.
Ресми деректер сәуір мен мамыр үшін әлі жарияланбады. Алайда наурызда Қытай өз инвестициясын 18,9 млрд долларға қысқартты, ал Жапония аздап арттырып, 1,13 трлн долларға жеткізді.
Осылайша, Қытайдың үлесі 765,4 млрд долларға дейін азайып, соңғы ширек ғасырда алғаш рет Ұлыбританияға жол берді. Қытай 2010-жылдары ұзақ уақыт бойы көшбасшы болды — ол кезде оның инвестициясы 1,3 трлн долларға жеткен. Бірақ кейін ол облигацияларды қысқарта бастады, тек 2024 жылы 172 млрд долларға азайтты.
Finimize сарапшысы Стефан Реневьенің айтуынша: «Қытай АҚШ облигацияларын биылдың басындағы деңгейден шамамен 40 млрд долларға аз ұстауда. Бірақ бұл сандардың тасасында әлдеқайда үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Қытай толықтай бас тартқан жоқ, ол қысқа мерзімді облигацияларға ауысып, бір бөлігін еуропалық кастодиандар арқылы орналастыруда. Бұл әдіс АҚШ-тың ресми деректерінен иелерді жасыруға мүмкіндік береді».
Central Banking басылымының жазуынша, Қытай өз резервтерін АҚШ-қа қарсы қару ретінде пайдалана ала ма, бұл — ашық сұрақ.
Қытай резервтерді қысым құралы ретінде пайдалана алады. Бірақ олардың үлкен көлемі керісінше шектеуші факторға айналады, дейді МВФ-тың бұрынғы директоры, БРИКС даму банкінің құрылтайшыларының бірі Паулу Ногейра Батиста. Егер Қытай тым агрессивті түрде облигация сатса, бұл оның өз активтерін арзандатып жібереді.
Батистаның айтуынша, Қытай Орталық банкі бұл мәселеде «сақтықпен және прагматикалық» әрекет етіп отыр: АҚШ облигацияларын сатып, алтынға көбірек қаражат салып жатыр. Бірақ ол еуроны таңдамайды, себебі геосаяси тұрғыда еуро да доллар сияқты сенімсіз.
Алайда еуроны қолайлы көретіндер де бар. Allianz Global Investors компаниясының акциялар бойынша инвестициялық директоры Вирджини Мезонневтің пікірінше, Еуропа мен Үндістан капитал ағындарының қайта бөлінуінен пайда табуы мүмкін: «Әлемдік тәртіп өзгеріп жатыр және бұрынғы жағдайға ораламыз дегенге сенбеймін».
Fidelity International компаниясының макроэкономика және инвестициялық стратегия жөніндегі директоры Салман Ахмед еуро мен иенада жақсы мүмкіндіктер бар десе, JPMorgan Asset Management компаниясының Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша бас стратегы Тай Хуэй жапон акцияларын тиімді санайды — деп жазады Bloomberg.








