«Бұл — болашақтың бастауы»: Wedbush сарапшысы Айвз Tesla-ның роботаксиін сынап көрді

Компания әлі де қызметті жаппай қолданысқа қашан ұсынатынын хабарлаған жоқ.
Tesla-ға қатысты үнемі оптимистік көзқарасымен танымал Wedbush сарапшысы Дэн Айвз демалыс күндері Техас штатының Остин қаласында Илон Масктың компаниясы іске қосқан әрі көптен күткен жобаның аясында Tesla-ның роботаксиіне мініп көрді. Айвз сапарға көңілі толғанын айтып, бұл технологияның болашағы зор екенін жеткізді. Қызмет әзірге қарапайым жұртқа қолжетімді емес. Презентация үшін компания тек сенімді инвесторлар мен инфлюенсерлерді іріктеп алған. Тестілеу барысында бірқатар ақаулар да тіркелді. Соған қарамастан, дүйсенбі күнгі саудада Tesla акциялары күрт өсті.
Егжей-тегжейі
Tesla-ны қолдайтын белгілі сарапшы Дэн Айвз 22 маусым күні Остинде Tesla-ның жүргізушісіз таксиін сынап көріп, бұл қызметке тәнті болғанын CNBC хабарлады. Ол жобаны таныстыру аясында екі рет 15 минуттық сапар жасап, роботакси өз үмітінен де асып түскенін айтты.
«Басында-ақ бұл ерекше әсер қалдырады деп ойлағанбыз. Бірақ сапардан кейін бір нәрсе айқын болды: бұл — болашақ», — деді Айвз.
Ол көлікті «ыңғайлы», «қауіпсіз» және «жеке қажеттілікке бейімделген» деп сипаттады. Айтуынша, автомобиль оны дәл анықтап, тиісті жерге келіп тоқтаған. Рульде Tesla қызметкері отырғанымен, Айвздың айтуынша, ол көліктің қызметіне ешқандай араласпаған және сапар барысында пікір білдірмеген.
«Сапар ойдағыдай өтті, жүргізушінің жоқтығы мүлде байқалмайды. Көлік ешқандай оғаш әрекетке барған жоқ», — деді Айвз CNBC келтірген жазбасында. Ол сондай-ақ артқы орындықтағы жолаушылар сенсорлы экран арқылы өздерінің Tesla аккаунттарына кіріп, Robotaxi қолданбасын синхрондай алатынын айтты. Осыдан кейін Netflix, Spotify, Hulu сияқты сервистердің мазмұнына қолжетімділік ашылады.
Айвз бұл жобаны «Tesla-ның жасанды интеллект дәуірінің басталуы» деп атады. Оның пікірінше, мұндай көліктер саны артқан сайын олар бір-бірімен дерек алмаса отырып, сапарларды одан әрі тиімді етпек.
Сапардан кейін Айвз Tesla акцияларына қатысты Overweight деген бағаны растады. Бұл — «сатып алуға кеңес беремін» дегенді білдіреді. Ол белгілеген мақсатты баға — 500 доллар. Бұл — Уолл-стриттегі ең жоғары көрсеткіш, деп жазады CNBC. Бұл межеге жету үшін акциялар бағасы жұмадағы жабылу деңгейінен 55%-ға өсуі керек.
Акциялар жағдайы
Tesla акциялары 23 маусымдағы сауда басында 1,5%-ға ғана көтерілгенімен, кейіннен 9%-дан аса өсіп, 351,5 долларға жетті.
Дегенмен, 2025 жылдың басынан бері компания акциялары 15%-ға төмендеген. Бұл — «Керемет жетілік» деп аталатын алпауыт компаниялар арасындағы ең нашар нәтижелердің бірі. Салыстырмалы түрде, АҚШ-тың басты нарықтық индикаторы S&P 500 осы кезеңде шамамен 1,5% өскен.
Контекст
Tesla жексенбі күні жүргізушісіз таксилерінің алғашқы сынақ сапарларын өткізді. Бұл — Илон Маск бүкіл бизнес моделін қайта құру деп атайтын жобаның алғашқы қадамы, деп жазады Bloomberg. Алайда бастама айтарлықтай салтанатты шарасыз, ресми мәлімдемесіз өтті.
Бастапқы сапарларға компания сенімге ие бөлшек инвесторлар мен танымал блогерлерді шақырып, олар алған әсерлерін тікелей эфирде көрсетті. Bloomberg-тің жазуынша, сынақ қарапайым көрінген: Model Y электромобилі қысқа бағыттармен жүріп, жаяу жүргіншілерді айналып өтіп, тоқтап, өздігінен тұраққа тұра қалған.
Алайда техникалық ақау да байқалды. Бір стример «тоқта» батырмасын басқан кезде, көлік жол жиегіне емес, жолдың ортасында сәл бөгеліп, кейін ғана қозғалысын жалғастырған.
Роботаксидің алғашқы қолданушылары бір сапар үшін 4,2 доллар көлемінде белгіленген бағамен төлейді. Қызмет таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін, Остиннің шектеулі аймағында ғана көрсетіледі. Аэропорт бұл аймаққа кірмейді. Ауа райы нашарлаған кезде қызмет шектелуі немесе мүлде тоқтатылуы мүмкін.
Tesla әзірге бұл қызметті жалпы жұртқа қашан ұсынатынын нақты айтқан жоқ. Алайда Маск жобаны жылдам кеңейтіп, АҚШ-тың басқа қалаларына таратуды уәде етті.
Ол Tesla-ны біртіндеп жаңа, әзірге табыстығын дәлелдей қоймаған технологияларға — жүргізушісіз көліктер мен гуманоидты роботтарға бейімдеп жатыр, деп жазады Bloomberg. Кейбір инвесторлар осы бағыттарға үлкен үміт артады. Олар бұл арқылы компания сату көлеміндегі құлдыраудан шығып, бас директордың даулы әрекеттерінен кейінгі беделін қалпына келтіреді деп сенеді.








