Bank of America: Apple акциясын арзандағанда сатып алу керек
Apple өнімдерінің 90%-ы Қытайда өндіріледі, ал АҚШ бұл елден келетін импортқа 104%-ке дейін баж салығын енгізуі мүмкін

Apple акциясы биыл басынан бері үштен бірге арзандады. Дегенмен Bank of America (BofA) ұзақмерзімді инвестиция үшін бұл – жақсы мүмкіндік екенін айтады. Инвестбанк компанияны жоғары сапалы актив деп санайды және қазіргі геосаяси тәуекелдер мен жасанды интеллектті (AI) енгізудегі кідірістер уақытша мәселе деп есептейді, деп жазады CNBC.
Толығырақ
8 сәуірде жарияланған жазбасында BofA сарапшысы Вамси Мохан Apple акциясының құлдырауын инвесторлар үшін «мүмкіндіктер терезесі» деп атады. Оның айтуынша Apple акциясы жыл басынан бері шамамен 31% арзандады. Бұл төмендеуге АҚШ пен Қытай арасындағы кедендік тарифтерге байланысты тәуекелдер себеп. АҚШ президенті Дональд Трамп 9 сәуірден бастап Қытайдан келетін тауарларға 104%-ке дейін кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Citi сарапшыларының дерегінше Apple өнімдерінің 90%-дан астамы Қытайда өндіріледі.
Сонымен қатар Siri-ге жасанды интеллект негізіндегі жаңа функцияларды қосу 2026 жылға шегерілгені де инвесторларды алаңдатты. Соңғы үш сессияда (3–7 сәуір) Apple акциясы 19%-ке арзандап, нарықтық құны $638 млрд-қа азайды. 8 сәуірде тағы 5%-ке құлдырап, $172,4-ке дейін түсті – бұл 2024 жылдың мамырынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Неліктен BofA оптимистік көзқараста
Мохан атап өткендей, Apple акциясы бұрын да бағалау коэффициенттері (P/E – баға/табыс) төмендеген кезде келесі 12 айда өсім көрсеткен. Ол сауда шиеленісінің күшеюі компанияның пайдасы туралы консенсус-болжамға қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Бірақ Apple бұл қысымды өндірісті Үндістанға көшіру, бағаны қайта қарау, өнім шығару кестесін өзгерту немесе жеткізу тізбегін оңтайландыру арқылы азайта алады.
Сарапшылар не дейді
UBS сарапшыларының есебінше егер Қытай тауарларына баж салығы 52%-ке дейін көтерілсе, онда iPhone-ның ең қымбат моделі $1200-ден $1550-ге дейін қымбаттауы мүмкін – бұл 30% өсу. Barclays талдаушысы Тим Лонг Apple бағаны өсіруге мәжбүр болады деп санайды, әйтпесе компанияның акцияға шаққандағы пайдасы 15%-ке төмендеуі ықтимал.
Ал Wedbush сарапшысы Дэн Айвз 6 сәуірде Apple акциясының мақсатты бағасын $325-тен $250-ге дейін түсірді. Ол жаңа кедендік баж салығын «компания үшін апат» деп атады, себебі Apple өнімдерінің басым бөлігі Қытайда өндіріледі.
Жалпы сарапшылар бағасы
MarketWatch деректеріне сәйкес Apple акциясын бақылайтын 50 сарапшының 31-і сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight), 13-і ұстауға (Hold), ал 6-уы сатуға (Underweight және Sell) кеңес берген. Уолл-стриттің орташа болжамы бойынша акцияның әділ бағасы $244,9 болуы керек, бұл қазіргі бағадан 42% жоғары.








