Bank of America Еуропа қорғаныс акцияларының жаңа өсімін күтеді: Бұған не түрткі?

Bank of America-ның пікірінше, Еуропаның қорғаныс компаниялары акцияларының өсу әлеуеті әлі де сарқылған жоқ. Себебі ірі инвесторлар бұл секторға толық көлемде кіре қоймады. Банк келесі өсу толқынына түрткі болатын фактор ретінде зейнетақы және өзге де классикалық еуропалық long-only қорлардың келуін атап өтті. Бұл қорлар қысқа позициясыз ұзақ мерзімді инвестиция жасайды. Қару-жарақ өндірушілеріне деген көзқарасы жұмсарғанымен, оларды бюрократиялық кедергілер тежеп отыр: инвестиция алдында қорлар құжаттарын жаңартып, клиенттерін хабардар етуі қажет.
Егжей-тегжейі
Bank of America-ның Еуропадағы өнеркәсіп секторы бойынша талдау бөлімінің басшысы Бен Хилан CNBC арнасына берген сұхбатында, қорғаныс секторы әлі толық игерілмегенін және жақын арада long-only қорлар тарапынан сұраныстың күрт өсуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бұрын этикалық себептермен қорғаныс өнеркәсібіне қаржы салудан бас тартқан ұзақ мерзімді қорлар қазір көзқарасын өзгерткен, бірақ әлі жаппай портфельдік ребалансировка жасаған жоқ.
«Біз сөйлескен кейбір инвесторлар бұрын қорғаныс активтерін сатып алуға шектеулі болған, ал қазір ондай шектеулер жоқ. Бірақ олар бұл активтерді алу үшін қор құжаттарын түгел жаңартып, клиенттерін алдын ала хабардар етуі тиіс», — деді Хилан.
Ол бірнеше апта бұрын командасы капитал ағынын зерттегенін айтты. «Біздің бағалауымыз бойынша, еуропалық ESG-қорлары портфельдеріндегі қорғаныс активтерінің үлесі әлі айтарлықтай өзгерген жоқ. Бұл өте қызық жағдай. Демек, мұндай қорлардағы негізгі актив ребалансировкасы әлі алда», — деді ол.
Хиланның айтуынша, көптеген қорғаныс акциялары тек үкіметтік ірі тапсырыстарға деген күтулердің арқасында қымбаттады. Ал бұл тапсырыстардың нақты берілуі раллиді қолдауы мүмкін. «Германияда тапсырыстар компаниялардың портфельдерін толықтыра бастайды. Қысқа мерзімде бағалар тым жоғары көрінуі мүмкін, бірақ онжылдықтың соңына дейін айтарлықтай өсім күтіледі», — деді ол.
Контекст
Stoxx Europe Aerospace and Defense индексі 2025 жылдың басынан бері 50%-ға өсті. Әсіресе жеке көшбасшылардың акциялары ерекше қымбаттады. Мысалы, теңіз робототехникасына маманданған француздық Exail Technologies қаңтардан бері 560%-ға өсті. Германиялық Renk, Rheinmetall және Hensoldt акциялары тиісінше 231%, 152% және 145%-ға көтерілді.
Алайда соңғы үш сауда сессиясында еуропалық қорғаныс компанияларының акциялары арзандады. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің алдағы кездесуі себеп болды. Кездесуде Украинадағы атысты тоқтату шарттары талқыланады. Сонымен қатар, BofA-ның айтуынша, қорғаныс секторына белсенді инвестиция жасаған хедж-қорлар өткен айда алғашқы жартыжылдықтағы табысын бекіту үшін акцияларды сата бастады.
Bloomberg жазғандай, жаз айларында еуропалық компаниялар раллиі баяулады. Инвесторлар қорғаныс бюджеттерінің өсуі нақты тапсырыстарға қашан айналатынын күтуде. Сектордағы бағалардың тым жоғары болуы және аралас қаржылық нәтижелер де жағдайды қиындатып отыр. Агенттік инвесторларға АҚШ нарығына назар аударуға кеңес берді. Онда Northrop Grumman, L3Harris және General Dynamics екінші тоқсанда күтуден жақсы нәтиже көрсетіп, жылдық болжамдарын көтерді. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея да перспективалы нарық ретінде аталды.








