БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Басты жаңалықтар: Трамп ФРЖ-ға қысымды күшейтті, S&P 500 индексіндегі жаңа компания

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Басты жаңалықтар: Трамп ФРЖ-ға қысымды күшейтті, S&P 500 индексіндегі жаңа компания

Дональд Трамп ФРЖ басқарушыларының бірін қызметінен кетіргенін мәлімдеп, орталық банктің тәуелсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудырды. Бұл жаңалық алтын бағасының өсуіне ықпал етті. Сонымен бірге әкімшілік Мэриленд жағалауындағы жел электр станциясының құрылысын бұғаттап, АҚШ-тың технологиялық алыптарына цифрлық салық салудан бас тартпаған елдерге кедендік баж енгізетінін ескертті. Корпоративтік сегментте басты оқиға — Interactive Brokers акцияларының S&P 500 индексіне қосылуы болды. Осы және басқа да тақырыптар жөнінде — 26 тамыз таңғы шолуымызда.

Трамп ФРЖ-ға қысым жасады — алтын қымбаттады

Bloomberg-тің хабарлауынша Дональд Трамп ФРЖ Басқарушылар кеңесінің мүшесі Лиза Кукты жұмыстан босататынын мәлімдегеннен кейін алтын бағасы көтерілді. Бұл — орталық банк тарихындағы президент алғаш рет басқарушыны орнынан алған жағдай. Оқиға ФРЖ тәуелсіздігіне қатысты алаңдаушылықты арттырып, инвесторлардың «қауіпсіз айлақ» саналатын активтерге сұранысын күшейтті. Доллар әлсіреп, қысқамерзімді қазынашылық облигациялар кірістілігі төмендеді.

Трамп жақтастары ипотекалық алаяқтыққа қатысы бар деп айыптайтын Куктың жедел отставкасы оған ФРЖ басшылығында көпшілік дауысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше Трамптың кандидаттары пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге бейім болуы ықтимал, бұл алтын үшін дәстүрлі түрде оң фактор. Металл бағасы жыл басынан бері ширектен астамға өсті, ал Citi мен UBS сарапшылары өсімнің жалғасуын болжайды.

Азиядағы таңғы саудада алтын 0,3%-ға қымбаттап, унциясы $3377 болды. Күміс те көтерілді, ал платина мен палладий тұрақты қалпында қалды. Мыс 0,6%-ға өсті, Қытайда болат пен темір рудасының бағасы төмендеді.

Айып тағылмаған Кук CNN-ге берген мәлімдемесінде Трамптың оны жұмыстан босатуға еш негізі жоқ екенін және қызметін жалғастыра беретінін айтты. ФРЖ түсініктеме бермеді.

Жапон фотошаблон өндірушісі $2 млрд-тық IPO-ға дайындалуда

Reuters деректеріне сәйкес Toppan Holdings-тің еншілес компаниясы Tekscend Photomask шамамен 300 млрд иенге ($2 млрд) бағаланатын IPO өткізуді жоспарлап отыр. Компания қыркүйек соңында Токио биржасынан листингке рұқсат алуы мүмкін.

Үш жыл бұрын Toppan-нан бөлініп шыққан бизнеске Integral қоры 49,9% үлеспен кірді. Орналастыру аясында жаңа акциялар да, Integral-дың бір бөлігі де сатылады. Ал Toppan бақылаушы үлесті — 50,1% — сақтайды.

Жартылай өткізгіштерге арналған фотошаблон өндіруші мәмілені Bank of America, Nomura, SMBC Nikko және Morgan Stanley MUFG-пен бірлесіп ұйымдастыруда. Сарапшылардың айтуынша Tekscend Photomask Kioxia үлгісін қайталап, биржадан рұқсат алмас бұрын инвесторлармен алдын ала байланыс орнатуға мүмкіндік беретін жаңа ережелерді қолдануда.

Трамп Мэриленд жағалауындағы жел энергиясы жобасын бұғаттады

Bloomberg жазғандай, Трамп әкімшілігі құны $6 млрд болатын Maryland Offshore Wind Project құрылысын тоқтатпақ. US Wind компаниясы әзірлеген жоба Оушен-ситиден 10 теңіз милінде 114 турбина орнатуды көздеген және 2024 жылы Джо Байден тұсында мақұлданған.

Трамп билікке келген күннен бастап жел энергетикасына қарсы ауқымды науқан жүргізіп келеді. Бұған дейін оның әкімшілігі Orsted пен Equinor жобаларын да тоқтатып, бұл компания акцияларының құлдырауына және миллиардтаған инвестициялардың бұзылуына әкеп соқтырған болатын.

Apollo Global Management пен Toto Holding бақылауындағы US Wind өз рұқсаттарының заңды екенін айтты. Экологтар болса, әкімшіліктің әрекеті жұмыс орындарына, инвесторларға және тұтынушыларға соққы болып, елді арзан электр энергиясынан айыратынын ескертті.

Трамп цифрлық салықтар енгізген елдерге баж салығымен қоқан-лоққы көрсетті

Reuters-тің хабарлауынша Трамп цифрлық салықты сақтап отырған елдер АҚШ-қа экспортта «қосымша баж салығына» тап болатынын мәлімдеді. Ол бұл шаралар америкалық технологиялар мен чиптердің жеткізілімін шектеумен қатар жүретінін атап өтті.

Бұл ең алдымен Google, Meta, Apple және Amazon секілді алыптардың табысына енгізілген Еуропадағы салықтарға қатысты. Вашингтон мұндай шараларды бұрыннан әділетсіз деп санайды. Агенттік дереккөздері Трамп әкімшілігі ЕО-ның Digital Services Act заңын іске асыруға жауапты шенеуніктерге қарсы санкцияларды да қарастырып жатқанын айтып отыр.

Трамп бұған дейін Францияға, Канадаға және басқа да елдерге осындай ескерту жасаған болатын. Ақпанда ол АҚШ-тың сауда өкілдігіне америкалық IT-компанияларға салық салған елдерге қарсы жаңа тергеулерді қайта бастауға тапсырма берген.

Interactive Brokers S&P 500 индексіне енеді, ол Walgreens-ті алмастырмақ

CNBC-дің хабарлауынша бейсенбіден бастап Interactive Brokers акциялары Walgreens Boots Alliance орнына S&P 500 индексіне енгізіледі. Walgreens-ті Sycamore Partners сатып алуда. Жаңалықтан кейін брокер акциялары постмаркетте 5%-ға жуық қымбаттады. Жыл басынан бері олардың өсімі 42%-ды құрады.

Инвесторлар Robinhood-тың да индекске қосылуын күткен еді, бірақ бұл хабарламадан кейін оның акциялары сәл ғана төмендеді. Дегенмен Robinhood капитализациясы жыл басынан бері 190%-ға өсу арқасында $96 млрд-қа жақындады.

Сонымен қатар Talen Energy Interactive Brokers орнына S&P MidCap 400 индексіне енеді, ал Kinetik Holdings Pacific Premier Bancorp орнына (оны Columbia Banking System сатып алуда) S&P SmallCap 600 индексіне қосылады.

Нарықтағы ахуал

— Жапонияның кең ауқымды Topix индексі 0,98%-ға төмендеді.

— Nikkei 225 индексі 1,06%-ға түсті.

— Оңтүстік Кореяда Kospi 1,05%-ға, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,19%-ға өсті.

— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,35%-ға құлдырады.

— S&P 500 фьючерстері 0,1%-ға, Nasdaq 100 — 0,16%-ға, ал Dow Jones Industrial Average — 0,07%-ға азайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары