S&P 500 индексі шамадан тыс қызды ма? Сарапшылар пікірі

АҚШ нарығының басты индексі — S&P 500 — сәуірден бері шағын үзілістермен өсіп келеді. CNBC деректеріне сүйенсек, өткен аптаның соңына қарай ол биыл кем дегенде тоғыз рекорд орнатқан, ал Nasdaq Composite — он рекорд.
Мұндай позитив инвесторларды алаңдата бастады — олар нарықтың шамадан тыс қызған-қызбағанына алаңдайды. Oninvest бұл мәселені басқарушы мамандар мен сарапшылармен талқылады.
S&P 500 шамадан тыс қызды ма?
S&P 500 бұған дейін де қымбат еді, ал қазір ол тым қызған деңгейге жетіп қалды деп есептейді Atlas Capital инвестициялық директоры Асқар Ахмедов. Оның айтуынша ең алдымен назар аударатын көрсеткіш — болашақтағы кіріске негізделген P/E мультипликаторы (price to earnings, бағаның келесі жылдағы табысқа қатынасы), ол 2025 жылдың 24 шілдесінде 22,9-ға жеткен. Ал «қызған» деңгей туралы әңгіме 22,5–23 аралығында болады дейді Ахмедов.
Movchan’s Group инвестициялық басқару компаниялар тобының сарапшысы Валерий Емельяновтың айтуынша АҚШ акциялар нарығы ұзақ мерзімді тәуекелдерді — мемлекеттік қарыз бен бюджет тапшылығының өсуін — толық көрсетпей отыр. Ол тарихта акцияларды шарықтау шегінде сатып алудың болашақта төмен табысқа әкелгенін еске салады. «Мұны бұрын жасаған инвесторлар орта есеппен 3-5 есе төмен табыс алды немесе АҚШ-тың қысқа мерзімді қазынашылық облигацияларымен бірдей деңгейде (жылдық шамамен 3%)» — дейді ол.
Astero Falcon портфельдік басқарушысы Алена Николаева АҚШ нарығының өсу құрылымына назар аударуға кеңес береді. Бұл жерде абсолюттік мән мен өсу қарқыны ғана емес, осы өсімнің қалай қалыптасқаны маңызды. Қазір бұл өсімді негізінен технологиялық алпауыттар қамтамасыз етіп отыр.
«Іс жүзінде, индекс жоғарыға қарай тек ірі 10% компаниялар арқылы тартылып отыр, ал equal weight S&P 500 (барлық компаниялар тең салмақпен есептелетін индекс — ред.) әлдеқайда баяу өсіп жатыр. Бұл классикалық «тар» нарық көрінісі, мұндай жағдайлар көбіне түзетулерге дейін болады», — дейді ол.
Нарықтың бұлай өсуінің несі нашар?
Алена Николаева америкалық нарық неге соншалықты белсенді өсіп жатқанын түсіндіруге тырысады. 2025 жылдың алғашқы жартысында өсудің басты драйверлерінің бірі — ФРЖ-ның мөлшерлемені жылдам әрі агрессивті түрде төмендетуі туралы күтулер болған. Бірақ қазір нарық мұндай сценарийге сенбейді. 2025 жылдың маусым айында АҚШ-тағы инфляция жылдық мәнде 2,7%-ға дейін жеделдеді. Ал базалық баға индексі (тамақ пен коммуналдық қызметтердің құбылмалы бағаларын есепке алмайтын) сол кезеңде 2,9%-ға өсті. Сонымен бірге, 10 жылдық қазынашылық облигациялар кірістілігі 5%-ға жуықтап, 4,4% деңгейінде тұр.
«Осындай мөлшерлемелер кезінде акциялар облигациялармен бәсекеге түсе бастайды, — дейді Николаева. — Инвесторлар өз-өзіне сұрақ қоя бастайды: қауіпі жоғары активтерді ұстау керек пе, әлде тұрақтырақтарына ауысу керек пе? Әсіресе, акциялар бойынша тәуекел сыйақысы қазір 3%-дан аз болғанда».
Оның айтуынша, егер ФРЖ алдағы уақытта да абайлап әрекет етсе, ал облигациялар кірістілігі жоғары күйінде қалса, инвесторлар акциялардың болашағы мен олардың құнын қайта қарай бастайды. «Жүйеде әлі де өтімділік көп, бұл сұранысты қолдап тұр, бірақ нарыққа қазірдің өзінде ұстамдырақ қарау керек», — деп ескертеді ол.
АҚШ нарығындағы құлдырауды не тудыруы мүмкін?
Егер біз айтарлықтай құлдырау туралы айтатын болсақ, әдетте бұл нарықтың шарықтау шегінен 20%-ға немесе одан көпке құлауын білдіреді — мұндай жағдайлар көбіне рецессиямен байланысты, дейді Асқар Ахмедов.
АҚШ ЖІӨ-нің едәуір бөлігін (60%-дан астам) тұтыну құрайтындықтан, рецессияға жұмыссыздықтың өсуі алып келуі мүмкін. Бұл тек корпоративтік табыстың төмендеуі кезінде орын алуы ықтимал. Алайда олар қазір рекордтық деңгейде, дейді Ахмедов. 2025 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ-та корпоративтік табыс $3,92 трлн болды — бұл 2023 жылдан бергі екінші ең жоғары тоқсандық көрсеткіш.
«АҚШ рецессияға ұшырауы үшін бірден бірнеше шоктың қатар келуі керек — фискалдық және/немесе ақша-несие саясатының қатайтылуы, қуатты сыртқы соққы, не ішкі теңгерімсіздіктер. Мысалы, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде дәл осындай жағдай болған», — деді Ахмедов.
Қазір, оның айтуынша америкалық экономика тұрақты көрінеді, ал компаниялар мен үй шаруашылықтарының борыш жүктемесі тарихи ең төменгі деңгейде. 2025 жылдың бірінші тоқсанында корпоративтік борыш нарықтық капитализацияға қатысты 19,28% болды. Үй шаруашылықтарының әл-ауқаты (барлық активтердің таза құны) сол кезеңде $160,3 трлн-ды құрады.
Экономиканың тұрақтылығы — нарықтық құбылмалылық болмайды деген сөз емес, дейді Николаева. Тарихи тұрғыдан алғанда, тамыз бен қыркүйек — ең құбылмалы айлар. Бұл кезде компаниялардың тоқсандық есептері жарияланып, макродеректер жаңартылады.
«Екінші тоқсанға арналған есеп беру маусымы басталады, — дейді ол. Уолл-стриттің консенсус болжамы бойынша S&P 500 компанияларының табысы жылдық мәнде небәрі 2,8%-ға өседі — бұл соңғы екі жылдағы ең төменгі деңгей (өткен жылы S&P 500 екінші тоқсанда 3,9% өсіммен аяқтаған). P/E мультипликаторы 22,6-дан жоғары болған кезде бұл тым қарапайым нәтиже. Әділетті мән 17 шамасында болуы тиіс еді дейді Николаева. Бұл — шамадан тыс қызу белгісі, ал кез келген көңіл толмаушылық инвесторларды пайдасын бекітіп, сата бастауға итермелеуі мүмкін», — дейді ол.
Осы жылы әлеуетті тәуекелдер саны ерекше көп екенін де ескеру керек — 1 тамыздан бастап жаңа сауда тарифтері енгізілу қаупі, Қытаймен байланысты белгісіздік, Таяу Шығыстағы қақтығыстар және Украинадағы соғыс. «Мұндай фон жағдайында тіпті бейтарап жаңалықтар да түзету триггері ретінде қабылдануы мүмкін», — деп түйіндейді Николаева.
Сондай-ақ, Валерий Емельянов нақты құлдырауларды алдын ала болжау мүмкін еместігін атап өтеді. «Нарықтар әдетте, күмән мен қорқыныш жеткілікті көлемге жеткен кезде құлайды. Бір сәтте бір оқиға орын алады, сол соңғы тамшыға айналады — инвесторлар жаппай сата бастайды. Бұл ертең де, бір жылдан кейін де, тіпті одан да кеш болуы мүмкін», — дейді ол.
Асқар Ахмедовтің ойынша егер нарық құлдыраса да, ол терең болмайды. Көптеген инвесторлар, әсіресе институционалдықтар, нарықтың осылайша тез әрі жылдам қалпына келуін күтпеді. Олардың портфельдерінде америкалық акциялардың үлесі аз және олар: «Нарыққа келесі соққы қандай болады?» деген сұрақ қойып отыр. Олар қайта кіру мүмкіндігін күтіп отыр», — дейді ол.
Тағы қандай нарықтар алаңдаушылық тудырады?
Алена Николаева бірден бірнеше бағытта қызу белгілері барын айтады. «Криптовалюта, атап айтқанда биткойн да артық сатып алынған, — дейді ол. — Шілде ортасында оның бағасы $120 мыңнан асып кетті. Биткоинды қорғаныс активі ретінде қабылдай бастады. Бірақ бұл нақты қорған емес, жалпы эйфорияның тағы бір элементі. Таза түрде тәуекел активіне жасалған ставка».
Оның айтуынша инвесторлардың оптимизмі Еуропаға да таралды. Бірақ бұл жерде де бәрі бірдей айқын емес.
«Көпшілігі америкалық акциялардан қашып, Еуропаға қарыз мәселелері мен «қызыл» аққуға (АҚШ президенті Дональд Трамптың саясаты меңзеліп отыр — ред.) байланысты қауіпсіз айлақ ретінде қарайды. Бірақ Еуропа нарығында да жағдай жарқын емес: баяу экономикалық өсім, әлеуметтік дағдарыс, банк секторының мәселелері. Иә, бағалау АҚШ-қа қарағанда төмен, бірақ қауіптерді толық өтейтіндей емес». Мысалы, Германияның DAX индексінің болашақ P/E мультипликаторы 2024 жылдың соңында небәрі 13,99 болған, нақтысы 2025 жылдың маусымында — 18,67.
Сонымен қатар, АҚШ-тың жоғары табысты облигациялар нарығында да мазасыз белгілер сақталып отыр, дейді ол: «High yield сегменті әлсіз көрінеді, кредиттік спрэдтер тарыған, тәуекел үшін сыйақы өте төмен».
Оның айтуынша, егер АҚШ-та күрделі түзету басталса, бұл басқа активтерге де тез таралуы мүмкін: «Егер АҚШ-та жаппай сатылым басталса, бұл жаһандық тәуекел активтерінің барлық спектріне жұғып кетуі мүмкін. Бұл ауыр болуы ықтимал».
Құлдыраудан қалай қорғануға болады?
Асқар Ахмедов нарық жыл сайын дерлік 7–15% аралығындағы түзетулерден өтіп, кейін жаңа максимумдар орнататынын еске салады. Сондықтан әрбір ауытқуға портфельді қайта құру арқылы жауап беру — ұтымды емес.
«2023 жыл теханализге сенгендер үшін сабақ болды — кірістілік қисығының инверсиясы және басқа индикаторлар рецессияны көрсетті, бірақ ол болмады», — дейді ол. Atlas Capital-да қазір басты назар еңбек нарығына аударылған — «егер жұмысқа қабылдау қалыпты болса, экономика да белсенділігін сақтайды».
Күмәнданған инвесторларға Ахмедов байыпты әртараптандыруды ұсынады: «Портфельдің 15%-ын АҚШ акцияларына, 20%-ын халықаралық акцияларға, 20%-ын корпоративтік және мемлекеттік долларлық облигацияларға, 25%-ын алтынға орналастыруға болады. Мұндай портфельдің орташа табысы акциялар нарығынан аздау, бірақ құлдырау кезінде әлдеқайда тұрақты».
Алена Николаева қорғаныс активтерінің үлесін түзеу үшін нарықтағы нақты түзетуді күтпей-ақ қазірден бастап дайындалуға болатынын айтады. Ол базалық қорғаныс құралдары ретінде алтынды, платинаны және күмісті атайды. Платина мен күміс — өндірістік компоненті бар бағалы металдар, олар экономика күшті болса, сұраныстан ұтып, ал күйзеліс сценарийінде капиталды сақтауға көмектеседі.
Сонымен қатар, ол АҚШ-тың қысқа және орта мерзімді қазынашылық облигацияларына назар аударуға кеңес береді — олар табыс береді, бірақ ұзақ мерзімді қағаздарға қарағанда инфляцияға онша сезімтал емес, әсіресе мемлекеттік қарыз өсіп жатқанда.
Ол валюталық әртараптандыруға ерекше назар аударуға шақырады. «Иена мен швейцарлық франк өзектілігін сақтап отыр — себебі бұл жерде пайыздық мөлшерлеме емес, төлем балансы мен дәстүрлі қауіпсіз айлақ рөлі маңызды». Сондай-ақ, ол сингапурлық долларды атайды — ол «тыныш» және тұрақты, әсіресе доллар мен франк арасында балама керек болса.
Акциялар ішінде ол қорғаныс қызметін әлі де тұтыну тауарлары, коммуналдық қызметтер және денсаулық сақтау саласындағы компаниялардың қағаздары атқаратынын айтады. Мысал ретінде NextEra Energy, Duke Energy, Procter&Gamble, Colgate-Palmolive, Coca-Cola акцияларын келтіреді. Бұл компаниялар негізінен АҚШ-та жұмыс істейді, тұрақты дивиденд төлейді және құбылмалылық артқан жағдайда базалық қорғанысты қамтамасыз етеді.
Тәжірибелі инвесторлар үшін ол S&P 500 және VIX индексіне опциондар, сондай-ақ нарықтың жалпы бағытына тәуелсіз пайда табуға бағытталған market neutral-стратегиясын атап өтеді.
«Көпшілігі үшін басты қорғаныс — бұл алтын, қолма-қол ақша, қазынашылық облигациялар және валюталық әртараптандыру», — дейді ол.
Валерий Емельянов портфель құрылымын жаңалықтар негізінде өзгертуге болмайтынын атап өтеді: «S&P 500 деңгейіне емес, сіздің стратегияңызға қарап портфельге ребалансировка керек пе, соны бағалаған жөн».
Ол кез келген жағдайда портфельде консервативті негіз қалуы керектігін айтады — бұл облигациялар немесе облигациялық қорлар. Ал өтімді бөлік үшін ол индекстер динамикасына тікелей тәуелді емес және жақсы әртараптандыру беретін абсолюттік табыс қорларына инвестициялауға кеңес береді.








