БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Бір жылдан кейін: аналитиктер 2025 жылға жасаған болжамдарда қалай қателесті

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Бір жылдан кейін: аналитиктер 2025 жылға жасаған болжамдарда қалай қателесті

2024 жылдың соңында ірі инвестбанктер мен аналитикалық компаниялар 2025 жылға арналған болжамдарын АҚШ экономикасының «жұмсақ қонуы», инфляцияның баяулауы және технологиялық алпауыттардың раллиінен кейін нарықтың біртіндеп салқындауы сценарийіне сүйене отырып ұсынған еді. Алайда 2025 жылдың қорытындылары бірқатар негізгі активтер бойынша бұл күтулердің ақталмағанын көрсетті: кей жағдайларда нарық болжамнан әлдеқайда күшті болды, ал кей тұстарда аналитиктер өсім әлеуетін тым жоғары бағалады.

Акциялар: нарық консенсустан жоғары шықты

Уолл-стриттің инвестициялық стратегтері 2025 жылдың басында S&P 500 индексі жыл ішінде орта есеппен 9,1%-ға өседі деп болжаған. Бірақ бұл консенсус айтарлықтай төмен болып шықты: желтоқсанның ортасына қарай америкалық акциялардың негізгі индексі 15%-дан астам өсті. Еуропалық акциялар бойынша қателік тіпті үлкен болды: STOXX Europe 600 қаңтардан бері 16%-ға көтерілді, ал консенсус-болжам небәрі 6% өсімді ғана күткен.

Соңғы 25 жылдағы статистика аналитиктердің сақтықты таңдауға бейім екенін көрсетеді: Bloomberg дерегінше, S&P 500 бойынша жылдық өсімге жасалған болжамдардың жартысынан көбі 0–10% аралығында болған. Ал іс жүзінде АҚШ акция нарығы әлдеқайда құбылмалы: 2017–2024 жылдар аралығындағы сегіз жылдың жетеуінде нақты нәтиже барлық жасалған болжамдардың шегінен шығып кеткен. Сонымен қатар соңғы 97 жылда нарық бір таңбалы өсім көрсеткен кезеңдер бар болғаны 14 рет қана тіркелген.

Мұның себебі — клиенттер қалыпты болжамдағы қателіктерге, шектен тыс оптимистік немесе пессимистік қателіктерге қарағанда төзімдірек қарайды, деп жазады Bloomberg америкалық қаржылық кеңесші Эллиотт Аппелге сілтеме жасап. Оның айтуынша, «егер сіз 30% өсім болжайсыз да, нарық 20% құлдыраса, бұл өте орынсыз көрінеді. Ал егер 10% деп болжап, нарық 20% түссе, сіз шындыққа жақынырақ боласыз және неге нарық құлағанын түсіндіру оңайырақ».

Алтын: күту мен шындық арасындағы үлкен айырма

Алтын бойынша болжамдар 2025 жылғы ең үлкен қателіктердің бірі болды. 2024 жылдың соңында тіпті ең оптимистік сценарийлердің өзі бір унция үшін $3000-нан айтарлықтай жоғары бағаны сирек қарастырған. Bank of America бір жыл бұрын алтын келесі 12–18 айда $3000 деңгейіне жетеді деп болжады. JPMorgan мен Goldman Sachs бұл межеге 2025 жылдың соңына қарай жетеді деп есептеді. Ал Deutsche Bank жылдық болжамында $2800 деңгейін көрсетті.

Алайда алтын 1979 жылғы мұнай дағдарысынан бергі ең ірі серпілісті жасап, қазір $4300-дан жоғары бағамен саудаланып жатыр. Қазан айында спот-баға тарихи максимумды жаңартып, бір унция үшін $4381 деңгейіне жетті. Ал наурыз айына дейін котировкалар бірде-бір рет $3000-нан аспаған еді. Бағаның мұндай өсуіне аналитиктер жеткілікті бағаламаған факторлар әсер етті: орталық банктер мен инвесторлардың сұранысы, сондай-ақ нарыққа жаңа ойыншылардың — Tether стейблкоин эмитентінен бастап корпоративтік қазыналық бөлімдерге дейін — қосылуы.

Мұнай: геосаясатқа ставка ақталмады

2024 жылдың соңында Reuters агенттігі сұрастырған экономистер мен аналитиктер 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне $74, ал WTI — $71 болады деп күткен. Геосаяси премия ұсыныстың артық болуына қарамастан, бағаны құлдыраудан қорғайды деп есептелді. Бірақ нақты бағалар әлдеқайда әлсіз болды. 2025 жылдың желтоқсанында Brent бағасы барреліне $60-тан төмен түсті — бұл пандемиядан бергі алғашқы жағдай. Ал WTI $56-ға дейін арзандап, 2021 жылдың ақпанынан бергі ең төменгі деңгейге жетті.

Биткоин: орындалмаған үміттер

Криптовалюта нарығындағы аналитиктер 2025 жылы биткоин халвингі мен крипто-ETF-терге капитал ағымының арқасында табыстылықтың күрт өсетінін уәде еткен. Ең ірі «бұқалардың» бірі Standard Chartered биткоин бағасы жыл соңына қарай $200 мыңға жетеді деп болжады. Bernstein аналитиктері де институционалдық инвесторлардың ақшасы ұсыныс тапшылығын тудырады деп, осы деңгейдегі болжамды қолдады.

Алайда қазір биткоин шамамен $88 мың деңгейінде саудаланып жатыр. Бұл — жыл басымен салыстырғанда 4%-ға төмен және қазан айының басында жеткен максимумнан 30%-ға аз. Бір кездері инфляциядан қорғайтын құрал, перспективалы актив және портфельді әртараптандыру тәсілі ретінде насихатталған ең ірі криптовалюта жылды шығынмен аяқтау қаупіне тап болды және осы міндеттердің ешқайсысын орындай алмады, деп атап өтеді Bloomberg.

Болжамдарға қалай қарау керек

Болашақты дәл болжай алмау тек Уолл-стриттің инвестициялық алыптарына ғана тән емес. MarketWatch мәліметінше, ең мықты мамандар басқарады деп саналатын хедж-қорлардың да орташа нәтижелері бұдан жақсы емес. Ендеше қарапайым инвесторлар нарық болжамдарын не істеуі керек? Ештеңе, дейді Kindness Financial Planning компаниясынан Эллиотт Аппел. Оның пікірінше, болжамдарды «спорттық матч сияқты, тек қызық үшін» қабылдау керек.

Уолл-стрит болжамдарына сүйеніп стратегия құрудың қажеті жоқ. Көпшілік инвесторлар үшін buy and hold қағидасы ең тиімді: индекс қорларынан тұратын әртараптандырылған портфель құрып, оны ұзақ мерзімге ұстау керек, деп жазады MarketWatch. Бұл ережеден тек табысқа жету ықтималдығы өте жоғары сирек жағдайларда ғана ауытқуға болады.

Өзінің ETF желісін басқаратын америкалық 6 Meridian инвестициялық компаниясы инвесторларды медиаға толы «қысқа мерзімді, үстірт болжамдардан» бас тартып, ұзақ мерзімді табысқа жету мүмкіндігін арттыруға көңіл бөлуге шақырды. Компания өкілдерінің айтуынша, «таңдалған бағыттан таймай, нарықты дәл уақытында ұстауға тырыспау тарихи тұрғыда капиталды көбейтудің ең қуатты көздерінің бірі болып келеді».

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары