Бірден екі сарапшы CoreWeave акцияларын сатып алу кеңесінен бас тартты

Уолл-стриттегі екі сарапшы — Mizuho Securities пен Stifel өкілдері CoreWeave компаниясының акцияларына берген рейтингін төмендетіп, оларды сатып алу кеңесінен бас тартты. CoreWeave — жасанды интеллект модельдерін әзірлеу және оқытуға арналған бұлтты қызмет ұсынатын компания. Сарапшылар акция бағасының тым тез өсуі тәуекел тудырып отыр деп есептейді, сондықтан оларды кейбіреулер «мемдік» акциялармен салыстыра бастады. 8 шілдеде CoreWeave акциялары 4% төмендеді.
Егжей-тегжейлі
Mizuho сарапшысы Грегг Московиц CoreWeave акцияларына берген бағасын «Outperform» (нарықтан жоғары) деңгейінен «Hold» (ұстау) деңгейіне түсірді, бірақ мақсатты бағасын $70-тен $150-ге көтерді, деп хабарлайды MarketWatch. Жаңа баға 7 шілдедегі жабылу бағасымен салыстырғанда CoreWeave-тің нарықтық құны 6% төмендеуі мүмкін екенін білдіреді.
Московиц CoreWeave-тің ұзақ мерзімді перспективасын оң бағалайды, бірақ акция бағасының IPO-дан бері 300%-ға жуық өсуін және тәуекел мен табыс арасындағы теңгерімнің қолайсыз екенін атап өтті. Оның айтуынша, компания табысының шамамен 72%-ы Microsoft-пен жасалған келісімшарттардан түскен, бұл шамадан тыс тәуелділікті білдіреді.
Сондай-ақ, сарапшы CoreWeave-тің жасанды интеллекттің инференс бағытындағы (яғни ЖИ модельдерінің нақты шешім қабылдау қабілеті) бәсекелік артықшылықтары әлі айқын емес екенін айтты. Бұған мамандандырылған чиптерге деген сұраныстың артуы да әсер етуі мүмкін, дейді ол (CNBC келтірді).
Сонымен қатар, Московиц CoreWeave-тің шамамен $9 млрд-қа Core Scientific инфрақұрылым жеткізушісін сатып алу жөніндегі жоспарланған келісімін оң бағалап отыр. Оның пікірінше, бұл мәміле компанияға интеграцияны күшейтіп, шығындарды азайтып, қаржылық икемділікті арттыруға көмектеседі, бірақ қарызды көбейтпейді.
Stifel не дейді?
Stifel сарапшысы Рубен Рой да CoreWeave акцияларының рейтингін «сатып алу» (Buy) деңгейінен «ұстау» (Hold) деңгейіне түсіріп, мақсатты бағасын $75-тен $115-ке дейін көтерді. Алайда бұл баға акциялардың қазіргі деңгейден 28% төмендеуі мүмкін екенін көрсетеді, деп хабарлайды CNBC. Core Scientific компаниясын сатып алу жалпы алғанда оң қадам, бірақ бұл жаңалық инвесторлардың қызығушылығын уақытша суытуы мүмкін, деп ескертті ол.
«Бұл мәміле жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге арналған инфрақұрылымды тезірек кеңейтуге көмектесуі мүмкін. Бірақ CoreWeave-тің толық интеграцияланған модельге көшуі компанияны бағалау тәсілін өзгертеді. Қазір қағаздар біз үшін әділ бағаланған», — деді Рой өз жазбасында.
Акциялардың жай-күйі
8 шілдедегі саудада CoreWeave акциялары бір сәтте 4% төмендеп, $153,3 деңгейіне түсті. Дегенмен, 28 наурызда Nasdaq биржасында өткен листингтен бері, бұл компанияның нарықтық құны шамамен 300% шарықтады. Аталған IPO — 2021 жылдан бергі АҚШ-тағы ең ірі технологиялық IPO болды.
Мұншалықты тез өскендіктен кейбір сарапшылар бұл қағаздарды «мемдік» акциялармен салыстырып жатыр, өйткені өсім қаржылық нәтижелерге емес, жеке инвесторлар арасындағы ажиотажға байланысты деп есептейді. 2025 жылдың бірінші тоқсанында CoreWeave $315 млн таза залал көрсетті, ал ағымдағы тоқсанға берген пайда болжамы инвесторлардың үмітін ақтамады.
Басқалар не дейді?
Mizuho сарапшысы Джордан Кляйн MarketWatch-қа берген пікірінде CoreWeave акцияларының бағасы шамадан тыс жоғары екенін айтты. Оның айтуынша, тіпті компанияның өсімі мен OpenAI секілді ірі келісімшарттарына қарамастан, мұндай бағалауды ақтау қиын.
Citi сарапшысы Тайлер Рэдке де қысқа мерзімді перспективада акция бағасы төмендеуі мүмкін екенін ескертті. Себебі кейбір инвесторлар Core Scientific акцияларын қазір едәуір арзан бағамен сатып алып, кейін мәміле аяқталған соң қымбат CoreWeave қағаздарына ие болуды жөн көруі мүмкін. Оның айтуынша, CoreWeave-ті қолдайтын «бұқалар» дәл осы тәсілді таңдауы мүмкін, өйткені Core Scientific акциялары мәміле бағасынан шамамен 30% төмен саудалануда.
Сондай-ақ, Рэдке Citi компаниясы клиенттік базаның көбірек диверсификацияланғанын және пайдаға шығуға нақты қадамдар жасалғанын көргісі келетінін айтты. Банктің CoreWeave бойынша бағалауы — $160, бұл шамамен ағымдағы нарықтық бағамен сәйкес келеді.
CFRA сарапшысы Анджело Зино 7 шілдеде CoreWeave акцияларын талдауды бастап, оларға «Hold» — яғни «ұстау» кеңесін берді, деп жазады MarketWatch. Ол Core Scientific-пен жоспарланған мәміле компанияға қаржылық икемділік беретінін оң бағалайтынын айтқанымен, акцияларды сату шектеуі аяқталғалы жатқанын алаңдаушылық ретінде атады. Бұл шектеу аяқталған соң, IPO-дан кейін акцияларын сата алмай отырған инсайдерлер (яғни ішкі инвесторлар) қағаздарды нарыққа шығара бастауы мүмкін.
CoreWeave акцияларына рейтинг берген сарапшылардың 60%-ы бейтарап ұстанымда болып, «ұстау» кеңесін беріп отыр. Тағы 30%-ы — сатып алуға кеңес береді, ал қалғандары сатуды дұрыс деп санайды. Уолл-стрит сарапшыларының ортақ бағалауынша, CoreWeave акцияларының бағасы екі есеге жуық төмендеуі мүмкін.








