Биткоин мен «эфир» бағасының күрт өсуінен кейін криптоакциялар қымбаттады

Криптовалюталық компаниялардың акциялары биткоин мен Ethereum бағасының раллиі аясында қымбаттауда. Бұл активтер тарихи максимумдарға жақындады. Олардың ішінде бағдарламалық жасақтама әзірлеушісі Bitmine Immersion Technologies акциялары бір күнде шамамен 20%-ға өсті. Саладағы оптимизмге Дональд Трамптың зейнетақы қорларына цифрлық активтерге инвестиция салуға рұқсат беретін жарлығы да ықпал етті.
Егжей-тегжейлі
Биткоинның ең ірі корпоративтік иесі Strategy компаниясының бағамдары 11 тамыздағы сауда кезінде 3,2%-ға көтерілді. Компания өткен аптада тағы 155 биткоин сатып алғанын/ хабарлады. Енді оның активтерінің жалпы құны $75 млрд-тан асып отыр.
Ең ірі жария криптобиржа Coinbase акциялары 4,4%-ға, ал криптовалютамен операция жасауға мүмкіндік беретін онлайн-трейдинг платформасы Robinhood акциялары 1,7%-ға қымбаттады.
Ethereum-мен байланысты Bitmine Immersion Technologies бағдарламалық жасақтама әзірлеушісінің акциялары 20%-дан астам өсті. Сондай-ақ Ethereum-ға бағытталған спорттық бәс тігу платформасы SharpLink Gaming акциялары шамамен 17%-ға көтерілді.
Контекст
Криптовалюта секторындағы акциялар биткоин бағасының раллиі аясында өсіп отыр. CoinDesk-тің дерегінше 11 тамызда биткоин бір сәтте 2,8%-дан астамға қымбаттап, $122 247-ға жетті және тарихи максимумға жақындады. Ал «эфир» құны $4300-ден асып, 2021 жылғы желтоқсаннан бергі ең жоғарғы деңгейге жетті.
Bloomberg-тің жазуынша криптовалюталарға ірі инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Coingecko дерегіне сай «цифрлық қазына» деп аталатын — криптовалютаны жинақтауға бағытталған жария компаниялар биткоин портфелін $113 млрд-қа дейін жинаған. Ал биткоиннан гөрі «эфирге» басымдық беретін компаниялар шамамен $13 млрд-қа тең токен жинады, деп жазады Strategicethreserve.xyz.
BTC Markets криптоталдаушысы Рэйчел Лукас: «Биткоинның рекордтық деңгейге көтерілуін корпоративтік қазына қорларына, АҚШ-тың споттық ETF-теріне институционалдық капиталдың тұрақты ағымы және алтын құймаларын импорттауға енгізілген жаңа АҚШ тарифтері аясындағы нарық көңіл-күйінің өзгеруі қолдап отыр. Алтын жеткізілімінің тапшылығы мен саяси тәуекелдер жағдайында биткоинның тарифсіз, шекарадан еркін өтетін жинақ құралы ретіндегі рөлі инвесторлар арасында танымал бола түсуде», — деді.
Криптокомпания акцияларының өсуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың 7 тамызда америкалықтардың зейнетақы жоспарлары 401(k)-ке криптовалюталарды қосуға рұқсат беретін жарлыққа қол қоюы да түрткі болуы мүмкін. Бұл — цифрлық активтер нарығы үшін маңызды оқиға. Investment Company Institute дерегінше өткен жылдың қыркүйегінде мұндай жоспарларда $8,9 трлн актив болған, деп жазады Barron’s.








