Boeing алты жылдан кейін алғаш рет Airbus-ты басып оза ма? Қайсының акциясы тиімді?

Airbus жыл сайынғы тапсырыс жарысында Boeing-ке жол беруі мүмкін. Бұл соңғы алты жылдағы алғашқы жағдай. Бұл туралы Еуропаның ұшақ жасаушы компаниясының бас директоры Гийом Фори мойындады, деп хабарлайды Reuters. Бұған қоса, бір күн бұрын Airbus 2025 жылға арналған жеткізу жоспарын төмендетті. Сала өкілдерінің пікірінше, бұл клиенттердің компанияға деген сенімін одан әрі әлсіретуі мүмкін.
Егжей-тегжейі
Airbus бас директоры France Inter радиосына берген сұхбатында Boeing-тің жылдық тапсырыстар саны бойынша Airbus-ты басып озуына АҚШ баж салығы төңірегіндегі сауда дауларының шешілуі себеп болды деді. Қараша айының соңындағы мәліметке сай, Boeing таза 908 тапсырыс алған (бас тартуларды ескеріп есептегенде). Бұл көбіне алыс қашықтыққа арналған 787 Dreamliner ұшағына жоғары сұранысқа байланысты, деп жазады Reuters. Ал Airbus сол кезеңде 700 тапсырыс жинаған.
Соған қарамастан, Фори Airbus компаниясы жеткізу көлемі мен орындалмаған тапсырыстар көлемі бойынша әлі де Boeing-тен алда екенін айтты.
«Біз бес жыл бойы бәсекелесімізден көбірек тапсырыс алдық. Сондықтан орындалмаған тапсырыстар портфелі бізде едәуір үлкен. Ақиқат мынада, АҚШ президенті Boeing-ке көмектесті. Баж салығы бойынша келіссөздер аясында ұшақ жеткізу келісімдері сауда дауларын шешудің бір бөлігіне айналды», — деді Фори Reuters агенттігіне.
Airbus-тың қазіргі жағдайы
9 желтоқсан, сәрсенбі күні Airbus 2025 жылға арналған жеткізу болжамын бірден 30 ұшаққа азайтты. Қазір компания тапсырыс берушілерге шамамен 790 ұшақ жеткізуді жоспарлап отыр. Ал қазан айында бұл көрсеткіш 820 деп болжанған еді. Сонымен қатар, 2025 жылға арналған операциялық пайда (7 млрд еуро) мен еркін ақша ағыны (4,5 млрд еуро) бойынша жоспарлар өзгеріссіз қалды, деп жазады Barron’s. Уолл-стрит сарапшыларының болжамынша, 2026 жылы Airbus жеткізілетін ұшақ санын 900-ге жеткізеді.
Airbus болжамының өзгеруі әуе компаниялары үшін «сәтсіз жаңалық» болып, еуропалық өндірушіге деген сенімді азайтады, деді Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) бас директоры Уилли Уолш. «Boeing-тің тиімділігі айтарлықтай жақсарғаны мойындалуда. Қазір адамдар Boeing міндеттемелерін орындайды дегенге көбірек сенеді, ал Airbus-қа деген сенім азайып жатыр», — деді Уолш Reuters агенттігіне.
Қараша айының соңында Airbus A320 ұшақтарының айтарлықтай бөлігін (шамамен 6000 ұшақ) бағдарламалық жаңартудан өткізу керек екенін мәлімдеді. Бұл әуе тасымалына кедергі келтіруі мүмкін еді. Фори сұхбатында шамамен 4000 ұшақтың бағдарламасы жаңартылып, барлық жұмыстар аяқталғанын айтты.
9 желтоқсан, сейсенбі күні Airbus Reuters агенттігіне Қытайдан бұрын тапсырыс берген 120 ұшақты жеткізуге рұқсат алғанын растады. Саладағы дереккөздерге сүйенсек, Airbus Қытаймен 500 ұшаққа дейінгі келісімге үміт артқан. Сонымен қатар, агенттік Пекиннің Boeing-пен де осындай келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.
Контекст
Сарапшылардың бағалауынша, кейбір әуе компаниялары 2025 жылы Boeing-ке жаңа тапсырыстар берді немесе бұрыннан жоспарланған келісімдерді жариялауды Дональд Трамптың іссапарларымен сәйкестендіріп отыр. Бұл әсіресе Азия елдерінде АҚШ-пен қатынасты жұмсартуға бағытталған, деп жазады Reuters.
Мысалы, Қытай Boeing ұшақтарының елге жеткізілуіне қайта рұқсат берді және 500-ге жуық ұшақ сатып алу туралы келіссөз жүріп жатыр. Korean Air — 103 ұшақ, Qatar Airways кемінде 160 Boeing ұшағын сатып алуды жоспарлауда. Сауд Арабиясы 30 ұшақ алмақ. Америкалық авиаөнеркәсіп өкілдері Boeing 787 кеңфюзеляжды ұшағы сауда мәселелеріне қарамастан жақсы сатылып жатқанын айтады.
Airbus тар фюзеляжды ұшақтар сегментінде, оның ішінде A321 моделінде көш бастап тұр. Бірақ соңғы айларда Airbus тапсырыстары бәсеңдеген. Фори айтқан мәліметтер жаңа келісімдер бойынша көшбасшылықтың ауысуы мүмкін екенін растап отыр. Дегенмен жыл қорытындысы бойынша Airbus жеткізу көлемінің артықшылығы арқылы әлемдегі ең ірі ұшақ өндірушісі болып қала беруі ықтимал, деп түйіндейді Reuters.
Акциялардың жағдайы
10 желтоқсандағы саудада Boeing акциялары шамамен 0,7 пайызға арзандады. 2025 жылдың басынан бері олардың бағасы 12 пайызға өсті. Сарапшылардың ең жиі беретін ұсынысы — «сатып алу». MarketWatch дерегі бойынша, компания акцияларына 19 «Buy», 4 «Overweight», 4 «Hold» және 1 «Sell» рейтингі берілген.
Airbus акциялары сәрсенбі күнгі саудада 0,75 пайызға төмендеді. Бірақ 2025 жылдағы динамикада Boeing-тен озық тұр: акциялар 25 пайызға қымбаттаған. The Wall Street Journal мәліметіне сай, бұл акцияларға 16 сарапшы «сатып алуға кеңес береді», 5-і — «ұстауға», 1-еуі — «сатуға» кеңес береді.








