Аirbus мыңдаған А320 ұшағының бағдарламасын жаңартуы керек

Еуропалық әуе ұшақ өндірушісі Аirbus А320 үлгісіндегі шамамен 6000 ұшақтың басым бөлігіне бағдарламалық жасақтаманы жаңарту қажет екенін хабарлады. Көп жағдайда жаңарту пилоттар кабинасынан жүргізіледі. Бірақ шамамен 1000 ескі ұшаққа жаңа жабдық орнату керек. Бұл ұшақтарды уақытша пайдаланудан шығару қажеттігін білдіреді.
Аirbus бұл жаңартулар әуе компанияларының жұмысына кедергі келтіріп, жолаушыларға қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін мойындайды. Компания өз мәлімдемесінде: «біз мүмкін болатын салдар үшін кешірім сұраймыз және қауіпсіздікті әрқашан басты орынға қойып, операторлармен тығыз жұмыс істейміз» деген.
Вloomberg жазуынша, бұл жағдай Аirbus үшін айтарлықтай мәселе болуы мүмкін, себебі А320 — компанияның ең танымал ұшағы. Жаңарту қажеттігі туралы хабарлама сәті де қиынға соқты: Дәл қазір АҚШ-та алғыс айту күні мерекесі кезінде миллиондаған адам ұшақпен қатынап жатыр.
Аirbus SE акциялары 28 қараша күні Париж биржасындағы сауда-саттықты 0,2 пайыз өсіммен жапты, бұған дейін жаңарту жаңалығы шыққанда сәл төмендеген еді.
А320 ұшағында қандай мәселе бар?
Аirbus бұл ескертуді 30 қазанда америка әуе кеңістігінде болған оқиғадан кейін жариялады. Jetblue Airways әуе компаниясының Канкуннан (Мексика) Ньюаркке (Нью-джерси штаты) бағыт алған рейсі автопилоттың ақауына байланысты кенет қисайған. Вloomberg мәліметінше, зардап шеккендер болмағанымен, ұшақ Флоридадағы Тампа қаласына қонуға мәжбүр болған. Тексеру нәтижесінде биіктікті және көлденең басқару жүйелерін бақылайтын екі компьютердің бірі (ELAC 2) істен шыққаны анықталған.
Контекст
А320 — Вoeing 737 ұшағымен тікелей бәсекелес және бұл екі үлгі жаһандық азаматтық авиацияның негізін құрайды. Соңғы жылдары Аirbus жаңа А320neo ұшақтарындағы Рratt & Whitney қозғалтқыштарымен байланысты мәселелерге тап болып, жүздеген ұшақты уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
A320 ұшақтары fly-by-wire технологиясы арқылы басқарылады, яғни механикалық емес, электронды сигналдар арқылы. ELAC жүйесі ұшақтың биіктігін, тұрақтылығын және рұқсат етілген ұшу режимдерінен шығуды болдырмауды бақылайды.
Қазіргі ұшақтар борттағы бағдарламалық қамтамасыз етуге тәуелді бола бастаған кезде, кез келген ақау ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдай Вoeing 737 max үлгісінде де орын алған. Ол кезде MCAS жүйесіндегі ақау ұшақты басқарудан айырып, екі ірі апатқа себеп болған, деп еске салады Вloomberg.








