Boeing өз жеткізушісін сатып алды. Акциялары 2,5%-ға қымбаттады

АҚШ-тың ұшақ жасау компаниясы Boeing өзінің негізгі жеткізушісі Spirit AeroSystems-ті сатып алу процесін аяқтады. Бұл компания – әлемдегі қанат пен фюзеляж шығаратын ең ірі тәуелсіз өндіруші. Boeing басшылығы бұл оқиғаны «компания тарихындағы маңызды кезең» деп атады. Ал инвесторлар акция бағасын бір айдан астам уақыттағы ең жоғарғы деңгейге дейін көтерді. Мәмілені мақұлдау үшін АҚШ билігі Boeing-ке Spirit-тің кейбір бөлігін сатуды талап етті.
Егжей-тегжейі
Boeing мәлімдемесіне сәйкес, Spirit AeroSystems-ті сатып алу Boeing-ке қатысты барлық коммерциялық қызметті қамтиды. Оған 737 Max ұшақтарына арналған фюзеляж бағдарламасы және 767, 777 және 787 Dreamliner ұшақтарының бөлшектері кіреді.
Сондай-ақ, мәміле аясында Boeing-тің әскери ұшақтары — P-8 және KC-46 үшін жасалатын фюзеляждар да енді.
«Бұл — Boeing тарихындағы және болашақ табысы үшін маңызды кезең. Біз басты назарды тұрақтылықты сақтауға аударамыз. Сонда ғана клиенттеріміз бен саланың өзі үшін сапалы ұшақтар, қызметтер мен қорғаныс саласындағы шешімдерді жеткізуді жалғастыра аламыз», — деді Boeing бас директоры Келли Ортберг.
8 желтоқсандағы саудада Boeing акциялары бір сәтте 2,5%-ға дейін өсіп, 30 қазаннан бергі ең жоғарғы деңгейге жетті.
Контекст
АҚШ-тың Федералды сауда комиссиясы (FTC) желтоқсан айының басында Boeing-ке Spirit AeroSystems-ті сатып алуға рұқсат берді. Алайда бұл үшін белгілі бір шарт қойылды — Boeing Spirit-тің кейбір активтерін, оның ішінде Airbus-қа бөлшек жеткізумен айналысатын бөлімшесін сату керек болды.
Bloomberg мәліметінше, Airbus осы активтердің бір бөлігін сатып алды. Олардың қатарында түрлі елдердегі зауыттар бар. Бұл зауыттар A220 ұшақтарына қанаттар, A350 үшін фюзеляж секциялары, сондай-ақ A321 және A220 ұшақтарына басқа да бөлшектер шығарады.
Bloomberg атап өткендей, Boeing бұл сатып алу арқылы өз жеткізу тізбегінің негізгі бөлігін қайтарып алды. Бұл — компания сапа стандарттарын қалпына келтіруге тырысып жатқан кезеңге тұспа-тұс келді.
Мұндай мәселе 2024 жылдың қаңтарында Alaska Airlines әуе компаниясының ұшағында ұшу кезінде есік панелі түсіп қалғаннан кейін күшейе түсті. Осы оқиғадан соң АҚШ билігі Boeing-ке ұшақ өндірісінің қарқынын шектеу енгізді, ал тексерістер компаниядағы корпоративтік мәдениетке байланысты проблемаларды ашты.
Boeing пен Spirit AeroSystems арасындағы бұл келісім коммерциялық авиация мен ғарыш саласында үлкен өзгерістерге жол ашты. Reuters агенттігі бұл мәмілені «айтарлықтай бетбұрыс» деп сипаттайды.
Себебі Boeing пен Airbus өз жеткізу тізбектерінің әлсіреген тұстарын тікелей бақылауға алуға мүмкіндік алды. Бұрын бұл бөлімшелер тәуелсіз жеткізушілерге тиесілі болатын.








