Boeing апатына қатысты алғашқы есеп жарияланды

12 маусымда апатқа ұшыраған Air India компаниясына тиесілі Boeing 787 Dreamliner ұшағы ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшырады. Үндістанның авиациялық оқиғаларды тергеу бюросының (AAIB) алдын ала есебіне сәйкес, апатқа екі қозғалтқышқа да отын берудің тоқтатылуы себеп болған. Экипаж қозғалтқыш күшін қайта қалпына келтіріп үлгермеді. Салдарынан ұшақ қала аумағына құлап, 260 адам қаза тапты. Тергеушілер ұшақтан немесе оның қозғалтқыштарынан айтарлықтай ақау таппаған. Бірақ Boeing компаниясының басқа үлгісінде бұған ұқсас мәселе тіркелген, ол да теориялық тұрғыда отын берудің үзілуіне себеп болуы мүмкін.
Егжей-тегжейі
Апаттан бір ай өткен соң жарияланған құжатта Air India ұшағының халық тығыз қоныстанған Ахмедабад қаласына құлауына дейінгі жағдай сипатталған. Есепке сай, ұшып шыққаннан кейін бірден қозғалтқыштарға отын беруді реттейтін тетіктер «жұмыс» (run) күйінен «сөндіру» (cutoff) күйіне ауыстырылған. Салдарынан қозғалтқыштар күшін жоғалтып, ұшақ төмендей бастаған.
Бұл ауыстыру неліктен орын алғаны әлі анықталған жоқ. Кабинадағы жазбаларда пилоттардың бірі екіншісінен: «Отынды неге тоқтаттың?» деп сұрағаны, ал екіншісі бұлай істемегенін айтқаны жазылған. Одан кейін ұшқыштар отын беруді қайта қосқанымен, қозғалтқыштар апатқа дейін күш жинап үлгермеген. Ұшқаннан апатқа дейінгі аралық – небәрі 30 секунд.
Ұшақ басқаруында екінші пилот болған, ал командир бақылауда отырған. Есепте нақты қай пилот сұрақ қойғаны көрсетілмеген. Air India дерегінше, командирдің үлкен фюзеляжды ұшақтарда 10 000 сағаттан астам, ал екінші пилоттың 3400 сағат ұшу тәжірибесі болған.
Тергеу әлі жалғасып жатыр. Bloomberg жазуынша, отын берудің тоқтауы экипаж қателігі, техникалық ақау немесе басқа себептен болғаны әзірге белгісіз. Қорытынды есеп бірнеше айдан кейін жарияланады деп күтілуде.
Boeing кінәлі ме?
Тергеушілер Boeing немесе GE қозғалтқыштарында ақау барын дәлелдейтін дерек таппағанын мәлімдеді.
«Қазіргі кезеңде Boeing 787-8 және GE GEnx-1B қозғалтқыштарын пайдаланушылар мен өндірушілерге ешқандай ұсыныс берілмейді. Бұл – ұшақ пен қозғалтқыш құрылымынан елеулі кемшілік табылмағанын білдіреді», – делінген есепте.
Vertical Research Partners аналитигі Роб Сталлард оқиға отын тетігіне қатысты болғандықтан, апаттың конструкциялық кемшілікпен байланысты емес екенін жазған.
AAIB есебінде 2018 жылы АҚШ-тың FAA агенттігі Boeing 737 ұшағына қатысты ұшуға жарамдылық бюллетенін шығарғаны айтылған. Ол құжатта отын тетіктері «жұмыс» режимінен «сөндіру» режиміне абайсызда ауысып кетуі мүмкін екені көрсетілген. Алайда Air India ұшағына мұндай тексеріс ешқашан міндеттелмеген, сондықтан бұл ұшақ ол ақауға тексерілмеген.
Баяндаманың негізінде дыбыстық жазба құрылғысы (CVR), ұшу деректері тіркеу құрылғысы (FDR) және оқиға орнындағы материалдар жатыр. AAIB мамандары қосымша деректерді зерттейміз деп отыр.
Ұшақ туралы не белгілі?
Апатқа ұшыраған ұшақ алғаш рет 2013 жылы ұшып, 2014 жылы Air India компаниясына берілген. Flightradar24 мәліметінше, Dreamliner 41 700 сағат ұшып, 7800 рейс жасаған. 2023 жылы ол әр 20–24 ай сайын жасалатын C-check техникалық тексерістен өткен. Қозғалтқыштар да осы жылы стандартты жөндеуден өткен.
Bloomberg жазуынша, бұл ұшақ 787 бағдарламасы аясында шығарылған алғашқы 60 ұшақтың бірі болған және көпшілігі кейін қайта өңделген. Boeing бұл жобада шығынды азайту үшін құрылымдық жұмыстың көп бөлігін қосалқы мердігерлерге тапсырған еді.
All Things 787 блогына сәйкес, Air India ұшағының құрастырылуы 2010 жылдың тамызында басталған. Ұшақ компанияға тек үш жылдан соң жеткізілген. Ол кезде Dreamliner ұшақтары зауыттан шыққан соң ауқымды жаңартудан өтетін.
Dreamliner ұшақтары әлемде кең таралғанымен, алғашқы кезеңде бірқатар қиындыққа тап болған. Мәселен, нарыққа шыққаннан кейін екі жыл өтпей, Boeing барлық Dreamliner ұшағының ұшуын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі литий аккумуляторлары қызып, өрт шығуы мүмкін деген қауіп анықталған болатын.








