Boeing дағдарыстан жаңа ғана шыға бастаған еді, енді ереуіл қаупіне тап болды

Boeing әуеқұрылыс корпорациясының қорғаныс бөлімі Сент-Луистегі өндірісте ереуіл қаупіне тап болды. Кәсіподақ жұмысшылары жаңа ұжымдық келісімшарт ұсынысын қабылдамай тастады, деп хабарлайды Bloomberg. Бұл дау компанияның екінші тоқсан бойынша есебін жариялау қарсаңында туындады — есеп 29 шілдеде ұсынылуы тиіс.
Егжей-тегжейлі
Ұсыныс Халықаралық машина жасаушылар және аэроғарыш өнеркәсібі қызметкерлері қауымдастығының (IAM) 3200-ден астам мүшесіне жолданған. 27 шілдеде бұл ұсыныс басым дауыспен қабылданбады. Келісімшартта төрт жыл ішінде жалақыны 20%-ға арттыру, келісімге қол қойғаны үшін $5000 бір реттік төлем және демалыс пен сырқатнама күндерін көбейту қарастырылған еді.
Қазір тараптар — кәсіподақ мүшелері мен Boeing — келісім шарттарын қайта қарауға бір апта уақыт алады: бұл «суыту кезеңі» деп аталады. Егер осы кезеңде ымыраға келу мүмкін болмаса, кәсіподақ ереуіл жариялауы мүмкін. Бұл жағдайда зауыттағы әскери техника өндірісі толық тоқтайды.
Тараптар не дейді
Кәсіподақ ұсынылған шарттар білікті жұмысшылардың нақты басымдықтары мен еңбегін ескермейді деп есептейді. IAM Boeing бастамасы қызметкерлердің «құрбандықтары мен үміттерін» елемейді деп мәлімдеді, деп жазады Reuters.
Boeing компаниясының Air Dominance бағытына жауапты вице-президенті және Сент-Луис зауытының басшысы Дэн Гиллиан дауыс беру нәтижесіне өкініш білдірді. Оның айтуынша ұсынылған келісім компания тарихындағы ең жомарт нұсқа болған және жұмысшылардың талаптарын толығымен ескерген.
Ол компания ереуіл бола қалған жағдайда іске қосылатын әрекет жоспарын дайындап қойғанын, сондай-ақ өндірістің тоқтап қалуына дайын екенін айтты. Кәсіподақпен жаңа келіссөздер әлі жоспарланбаған.
Ереуіл Boeing-ке қалай әсер етуі мүмкін
Boeing-тің қорғаныс бөлімі АҚШ ӘТК үшін палубалық Super Hornet жойғышын және ӘӘК үшін Red Hawk оқу ұшағын өндіреді, деп жазады NewsWeek. Биыл компания АҚШ ӘӘК үшін жаңа F-47 жойғышын шығару келісімшартына ие болды және Сент-Луис маңындағы өндіріс қуатын кеңейтіп жатыр.
Ереуіл болса F-15, F/A-18, T-7A, MQ-25 және басқа да қару жүйелері сияқты үлгілердің жинағын баяулатуы не толық тоқтатуы мүмкін. Bloomberg-тің мәліметінше бұл жағдай 2022 жылдан бері пайда әкелмей келе жатқан және қазір қайта құрылымдау процесінен өтіп жатқан қорғаныс бөлімшесі үшін қосымша қауіп тудырып отыр.
Одан бөлек, компания бедел мен өндіріс саласында да сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Наурыз айында АҚШ-тың көлік министрі Шон Даффи Boeing компаниясы америкалық қоғам сенімінен айырылды және оған қатаң бақылау қажет деп мәлімдеді. Бұл сынның себебі — өткен жылы Alaska Airlines компаниясының 737 MAX 9 ұшағында болған оқиға. Ұшу кезінде төрт бекіткіш болт болмағандықтан панель үзіліп кеткен. Ал 2025 жылдың маусымында Boeing 787 Dreamliner ұшағы Үндістанда апатқа ұшырап, 260 адам қаза тапты.
Осындай жағдайда ереуіл қаупі жығылғанға жұдырықтай болуы мүмкін. 2024 жылы Сиэтл зауытындағы ұқсас ереуіл Boeing-тің өндірістік циклін елеулі түрде бұзып, 737 MAX, 767 және 777 секілді жолаушылар ұшақтарының шығуын кешіктірген болатын.
Инвесторлар нені білуі керек
Соған қарамастан, бас директор Келли Ортбергтің басшылығымен компания қалпына келу белгілерін көрсетіп отыр. Тәжірибелі инженер әрі менеджер Ортберг 2024 жылы зейнеттен қайта оралып, ұзақ дағдарыспен күресуді қолға алған. Осы аптада ол атқарылған жұмыс бойынша жылдық есеп ұсынады, ал 29 шілдеде сауда ашылғанға дейін Boeing екінші тоқсан қорытындысы бойынша қаржылық нәтижелерін жариялайды.
Инвесторлар компанияның тұрақтану әрекеттеріне оң баға беріп отыр: жылдың басынан бері Boeing акциялары 30%-дан астамға өсті. Мамыр айында Ортберг компания 2025 жылдың екінші жартысында оң ақша ағынына шығуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Өндіріс көлемі артып жатыр, ал ұшақ жеткізу саны соңғы бір жарым жылдағы максимумға жетті.
Сарапшылардың айтуынша Boeing ішіндегі корпоративтік мәдениет ондаған жылдардағы басқарушылық қателіктерден кейін өзгере бастады, деп жазады CNBC. Компания инженерлік тәсілдерге, мерзім мен сенімділікке қайта назар аудара бастады. Сарапшылардың болжамынша Boeing 2026 жылы алғаш рет 2018 жылдан бері жылдық пайда көрсетпек.
StockStory сарапшылары екінші тоқсанда кіріс 28,5%-ға артып, $21,67 млрд болады деп болжайды. Бірінші тоқсанда компанияның кірісі $19,5 млрд болды — бұл былтырғыдан 17,7% жоғары, ал консенсус-болжамнан ауытқу небәрі 0,6% болды.
Соңғы бір айда Boeing акциялары 11%-ға қымбаттап, $233,06 деңгейінде саудалануда. StockStory мәліметінше сарапшылардың орташа мақсатты бағасы — $240,08, бұл акция үшін қалыпты өсу әлеуетін көрсетеді.








