БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Boeing үмітті ақтай бастады»: Сарапшы компания акцияларын сатып алуға кеңес берді

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
«Boeing үмітті ақтай бастады»: Сарапшы компания акцияларын сатып алуға кеңес берді

Rothschild & Co. Redburn компаниясының сарапшысы Boeing акцияларының рейтингін жақсартып, оларды сатып алуға кеңес берді. Ол акциялардың бағасы 30 пайыздан астам өседі деп күтуде. Көпжылдық дағдарыс пен апаттардан кейін компания өндіріс қарқынын арттырып, нарықтағы орнын қалпына келтіруге қабілетті деп есептейді.

Толығырақ

Rothschild & Co. Redburn сарапшысы Оливье Броше Boeing акцияларының рейтингін «бейтарап» деңгейден «сатып алуға кеңес беремін» деңгейіне көтерді. Сонымен қатар, мақсатты бағаны 199 доллардан 275 долларға дейін көтерді. Бұл 26 маусымдағы жабылу бағасынан шамамен 36 пайызға жоғары.

Броше соңғы жылдары орын алған қиындықтардан кейін компания ұшақтарына деген сенімді қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстар оң нәтижесін бере бастағанын айтты.

«Boeing жағдайы жақсарып келеді, компанияның жалпы келбеті де жақсарған. Қаржылық көрсеткіштер, ішкі мәдениет, өндіріс процесі мен стратегияда оң өзгерістер байқалады. Ұшақ өндірісінің жеделдеуі компания акцияларының нарықтағы бағасын қайта қарауға негіз бола алады. Соңғы айларда компанияның қалпына келуіне деген сеніміміз артты. Қазіргі болжамдармен салыстырғанда өсу әлеуеті әлдеқайда жоғары, ал тәуекелдер азырақ», – деді сарапшы.

Өсу драйверлері

«Boeing өндіріс көлемін арттырып, жолаушылар ұшақтарына деген тұрақты сұранысты қамтамасыз ете ала ма?» деген басты сұрақ туындайды. Броше бұл мүмкін деп есептейді. Оның пікірінше, негізгі табыс көзі 737 және 787 модельдерін өндіру болады. Алайда, бұл процеске қауіпсіздік пен есептілік те қатар жүруі тиіс.

Компания қауіпсіздікке басымдық беруді қайта қолға алған. Бұрын аутсорсингке берілген жұмыстарды өзіне қайтарып, салалық реттеуші органдармен тиісті көрсеткіштер бойынша келісімдер жасаған. Енді қысқа мерзімді қаржылық табысқа емес, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа назар аударуда.

Сарапшы Boeing компаниясы өндіріс қарқынын арттыруға жақсы дайындалған деп санайды. Қоймаларда жүздеген фюзеляж бен қозғалтқыш бар, оларды жаңа 737 ұшақтарына қолдануға болады. Сонымен қатар, 787 моделінің өндірісі де оң қарқын алмақ. Ал қорғаныс саласындағы бизнестің өсімі қайта қалпына келуі мүмкін.

Аналитик Boeing-737 ұшақтарын айына 63 дана, ал 787 моделін 14 дана деңгейінде жеткізуді болжайды. Бұл компанияға қазіргі модельмен салыстырғанда 1,7 миллиард доллар қосымша таза пайда әкелуі мүмкін. Сонымен бірге 2029 жылға қарай бос ақша ағынын 14 миллиард доллардан асыруға жол ашады. Бұл қазіргі күтілетін деңгейден 13 пайызға жоғары.

Ақша ағыны жеткілікті болған жағдайда Boeing бизнесті дамытуға инвестиция сала отырып, акционерлерге де табыс қайтара алады. Айта кетейік, компания 2020 жылдан бері дивиденд төлеуді тоқтатқан болатын.

Акциялар жағдайы

27 маусымдағы саудада Boeing акциялары шамамен 4 пайызға өсті. Биыл компания акциялары 19 пайызға қымбаттады. Маусым айы компания үшін қиын болғанына қарамастан, акция бағасы 1,5 пайызға жоғары сақталды.

Boeing акцияларын бақылайтын 31 аналитиктің 21-і оларды сатып алуға кеңес береді. Тоғыз сарапшы акцияны портфельде сақтауды ұсынады. Тек біреуі ғана сатуға кеңес берген.

Контекст

12 маусымда Үндістанда Boeing шығарған Dreamliner ұшағы апатқа ұшырады. Бортта болған жолаушылардың басым бөлігі қаза тапты. Бұл оқиға компания бас директоры Келли Ортбергтің сенімді қалпына келтіру және өндірісті жеделдету әрекеттеріне күмән туғызды.

Bloomberg дерегінше, бұл ұшақ 787 бағдарламасы басталғаннан кейін шығарылған. Ол кезде Boeing жобалау мен құрастыру жұмыстарын шығынды азайту үшін аутсорсингке берген болатын. Апатқа ұшыраған ұшақ зауыттан шыққан алғашқы 60 дана қатарында болған және кейін бірнеше қайта өңдеуден өткен.

Қазір апат себептері анықталған жоқ. Тергеушілер ұшақтың қара жәшігіндегі деректерді талдап жатыр. Reuters хабарлауынша, апат кезінде Dreamliner ұшағында авариялық генератор жұмыс істеп тұрған.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары